SportБасты ақпарат

5 тамызда Риода ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары басталады

Ертең Рио-де-Жанейрода ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының жалауы көтеріледі. Төрткүл дүние төрт жыл бойы тағатсыздана күткен байрақты жарыс­та 207 елден 10 мыңнан аса атлет сынға түседі. Дүбірлі додада Қазақстан намысын 104 спортшы қорғайтын болады.
Рио-де-Жанейро алаңдарындағы жарыстар 5-21 тамыз аралығында өтеді.

08

АЛТЫН ҮШІН АЙҚАС

Рио ойындары – тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қатысып отырған алтыншы Олимпиадасы. Осыған дейінгі қатысқан барлық ойындардан қазақстандық спортшылар жүлдесіз қайтқан емес. Ең бастысы, әр жарыстан еншімізге алтын медаль бұйырды. Демек, Қазақстан сайыпқырандары Бразилияға да алтын үшін ай­қасқа аттанары айқын.
Бразилияға Қазақстан құра­масы алдын ала жоспарланған құрамда қатыса алмай отыр. Оның әртүрлі себептері де жоқ емес. Атап айтқанда, бірнеше спортшымыз жарақат алула­рына байланысты дүбірлі жарысқа қатыса алмайтын болды. Осы ретте, ең өкініштісі, әрине, төрт бірдей Олимпиада ойындары чемпиондарының Рио-де-Жанейро ойындарынан шеттетілгені болды. Допинг дауына іліккен Илья Ильин, Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло және Светлана Подобедова енді тек жанкүйерлер қатарынан көрінеді. Рио-де-Жанейро ойындарына Қазақстан командалық ойын спорты түрлері бойынша ешқандай жарысқа қатыспайды. Олимпиадалық іріктеу турнир­лерінде бақ сынаған футбол, волейбол, су добы, баскетбол, регби құрамалары нәтижелі көрсеткіш көрсете алмады.

БАСТЫ ҮМІТІМІЗ – БОКС ҚҰРАМАСЫНДА

Рио-де-Жанейроға аттанған спортшыларымыздың қата­рында жеңіл атлеттеріміздің қатары көп. Жеңіл атлетиканың бірнеше түрінен сынға түсетін 26 спортшымызға үміт артамыз. Олардың ішінде Лондон ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова бар. Үш қарғып секіруден соңғы жарыстарда тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген жерлесімізге жанкүйерлер де сеніммен қа­райтыны сөзсіз.
Басты үмітіміз бокс құра­ма­сында екенін жасырмаймыз. Өйт­кені, боксшылар ғана әр Олимпиада ойындарынан бірнеше жүлдемен оралып жүр. Бразилияға Қазақстан ұлттық құрамасы бірінші рет толық құрамда бара жатыр. Ерлер бәсекесінде 10 боксшымыз шаршы алаңға шықса, әйелдер бәсекесінде екі бұрымды қыз­дарымыз бақ сынайтын болып отыр. Боксты айтқанда алдымен алтын медаль жайында сөз қозғайтынымыз да анық. Бұл жолы да, құдайға шүкір, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілетін жігіттеріміз жоқ емес. Атап айтар болсақ, әлемдік рейтингте көш бастап жүрген Біржан Жақып (49 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) және ең ауыр салмақта айқасатын Иван Дычко сынды жігіттеріміздің қайсысы болса да алтын жүлдегер атануға жарап тұр. Басқа салмақтағы боксшыларымыздың да жүлдеге қол созуға мүмкіндігі бар. Түптеп айтқанда, Қазақстан боксшыларына артылатын жауапкершілік те, сенім де салмақты болмақ.
Күреске келсек, грек-рим балуаны Нұрмахан Тінәлиев пен Алмат Кебісбаев, әйелдер күресінде белдесетін Гюзель Манюрова жүлдегерлер қатарынан көрініп қалады деген үміттеміз. Бір айтарлығы, бүгінде Астанада тұратын Гюзель Манюрова – осыған дейінгі екі Олимпиада ойындарында күміс медаль алған мықты балуанның бірегейі. 2004 жылы Ресей атынан, 2012 жылы Қазақстан атынан жарысқа түскен болатын. Мүмкін үшінші олимпінде алтынға қолы жетер ме екен?!

08-2

ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙТЫН ЕЛОРДАЛЫҚТАР

Бразилияға аттанған Қазақ­стан құрамасы сапында 18 ас­таналық спортшы бар. Елорда спортшылары тоғыз спорт түрінен сынға түсетін болады.
Ел намысын қорғайтын ел­ордалық спортшылардың бай­рақ­ты бәсекеге тыңғылықты дайын­дық жүргізуіне Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан жан-жақты жағдай жасалды. Бүгінде барлық спортшылар Риоға аттанып кетті.
Сонымен, Олимпиада жүл­десі үшін сайысқа түсетін аста­налықтарға сәттілік тілей отырып, олардың есімдерін құрметпен атап өтуді жөн көрдік. Рио-де-Жанейро шаршы алаңында боксшылар Данияр Елеусінов пен Василий Левит, теннис кортында Ярослава Шведова мен Галина Воскобоева, грек-рим күресі кілемінде Алмат Кебісбаев пен Досжан Қартиков, әйелдер күресінде Гюзель Манюрова мен Жұлдыз Ешимова, қазіргі бессайыста Елена Потапенко мен Павел Ильященко, байдарка және каноэ жарысында Инна Клинова, Зоя Ананченко және Олег Токарницкий, жүзуде Екатерина Руденко, жеңіл атлетикада Флорида Менянова, үстел теннисінде Кирилл Герасименко ел намысын қорғайтын болады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button