Алғашқы 29 қызметкер оқытудың бірінші кезеңін аяқтады

LRT-нің 29 қызметкері 3 наурызда Астанада басталған алғашқы оқыту модулін сәтті аяқтады, деп хабарлайды astana-akshamy
Бірінші кезеңде қатысушылар теориялық білім алып, тестілеуден сәтті өтті. Қазіргі уақытта олар екінші модульді оқуға кірісті, одан кейін Қытайға барып, практикалық сабақтар мен тағылымдамадан өтеді.
— 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін есептелген оқыту бағдарламасы Астана қаласында (Қазақстан) және Тяньцзинь қаласында (ҚХР) іске асырылады. Оның мақсаты — LRT жүйелерін пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша мамандар даярлау. Сабақтарды Тяньцзинь метрополитені мен Чжэнчжоу теміржол кәсіптік-техникалық университетінің сарапшылары жүргізеді, — делінген хабарламада.
2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы қаңтарға дейін бағдарламаға қатысуға 140 өтінім берілді, оның ішінде 29 үміткер іріктелді. Олардың қатарында Астана қаласының 15 тұрғыны, сондай-ақ Алматы, Тараз, Есіл, Павлодар, Көкшетау, Арқалық, Қарағанды, Екібастұз, Қызылорда және Абай өңірінің өкілдері бар. Білім алушылардың орташа жасы 33 жасты құрайды.
Бағдарлама қалалық теміржол көлігінің негіздерін, оның жүйелерінің негізгі компоненттерін және төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет алгоритмдерін оқып-үйренуді қамтиды.
Оқыту LRT құрылысын жүзеге асыруға арналған EPC келісімшарты шеңберінде жүргізіледі және оны мердігер «China Railway Asia-Europe Construction Investment» компаниясы жүзеге асырады.
Осыған дейін Астана әкімі LRT құрылысының барысы туралы айтты.