Sport
АЛҒАШҚЫ ФИНАЛ АЛҒА ЖЕТЕЛЕДІ
Жапонияда өткен халықаралық «Japan Women’s Open Tennis» жарысының ақтық сынында жерлесіміз Зарина Дияс австралиялық Саманта Стосурға есе жібергенмен, WTA (Халықаралық әйелдер теннисі қауымдастығы) рейтингінде 37-орыннан 34-орынға көтерілді. Бұл – Қазақстан теннисі тарихындағы үлкен жаңалық әрі теннисші қызымыздың ірі турнирлердегі алғашқы финалы.
Финалда ол әлемнің 18-ракеткасы, тәжірибелі теннисші Саманта Стосурға екі сеттің қорытындысы бойынша 7:6, 6:3 есебімен жол берді. Финалға шыққан теннисші ретінде Заринаның еншісіне WTA рейтингінде 180 ұпай қосылып, соған орай, бір-ақ сәтте 37-орыннан 34-орынға дейін көтерілді.
Қазақстандық 20 жасар қыздың алда әлі қандай ресми жарыстарға қатысатыны әзірге белгісіз. Бір анығы, ол Сингапурде өтетін жылдың қорытынды турнирінде көрсетілім матчына қатысады. Бірақ бұл турнирде рейтингтік ұпай берілмейді.
Диястан бөлек, тағы бір қазақстандық теннисші Ярослава Шведова 67-орыннан 68-орынға құлдиласа, Юлия Путинцева 12 саты алға жылжып, 110-орынға тұрақтады.