Әлеумет

«Наурыз жұмыскер»: алғашқы пәтерді кім алды?

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша алғашқы заемды қостанайлық инженер-конструктор алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Наурыз мерекесі қарсаңында Қостанай қаласының тұрғыны Данияр Асановтың арманы орындалды. Ол 2 бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Инженер-конструктор «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-де жұмыс істейді. Екі күн бұрын ол «Наурыз жұмыскер» бағытына қатысуға өтінім беріп, бүгінде Қазақстан бойынша ең алғашқы болып қолжетімді несие алды.

Данияр Асанов «БК-Строй» құрылыс компаниясы салып жатқан тұрғын үйден пәтер таңдады. Бұл пәтерлер әрленген күйінде беріледі, яғни «Наурыз жұмыскер» қатысушысы үшін бастапқы жарна 10% ғана құрайтын болады. Аталмыш нысанда ауданы 60 шаршы метр пәтер құрылыс кезеңінде 24,3 млн теңге тұрады.

— Өте қуанып тұрмын, бірнеше күн ішінде өмірім күрт өзгерді. Жаңалығымды отбасыма және жақындарыма қуана жеткіздім. Осыған дейін мен анаммен бірге жалдамалы пәтерде тұрып келдім. Жақында біз өзіміздің жеке пәтерімізде қоныс тойын тойлайтын боламыз. Енді отбасын құру туралы да ойлануға болады, — дейді «Наурыз жұмыскер» бағытының қатысушысы Данияр Асанов.

Бағдарлама қатысушыларының баспана іздеп және сатып алу үшін алты айы бар. Өңірлер үшін ең жоғары қарыз сомасы 30 млн теңгені, Астана мен Алматы үшін — 36 млн теңгені құрайды.

Мегаполистер мен облыс орталықтарында тек бастапқы тұрғын үй сатып алуға болады. «Баспана маркет» порталында (otbasybank.kz) қатысушылар қолайлы тұрғын үй кешені мен пәтерлерді таңдай алады. Ал қайталама нарықтағы тұрғын үйді моноқалалар мен ауылдық елдімекендерден сатып алуға болады.

— «Наурыз жұмыскер» бағыты-баршаға белгілі «Наурыз» бағдарламасының бір бөлігі. Биыл ол қазақстандықтар үшін одан да қолжетімді жағдайлармен жұмыс істейді, бұл азаматтардың қаражатын үнемдеуге және тұрғын үй сатып алуды тиімдірек етуге мүмкіндік береді. Енді әрленген пәтерлерді таңдағанда, қарыз сомасының небәрі 10% мөлшерінде, бірақ 2 миллион теңгеден кем түспейтін бастапқы жарна енгізу жеткілікті. Бұл опция құрылыс салушылар үшін пайдалануға берілген әрленген тұрғын үйдің үлесін ұлғайтуға ынталандырады. «Наурыз жұмыскер» мысалында құрылыс компаниялары өз клиенттеріне бір қадам алға жылжып, әрленген үйлерді көптеп тапсырып жатқанын көріп отырмыз. 2025 жылы, біздің болжамымыз бойынша, өңірлерде осындай 1557 пәтер ұсынылады. Бұл статистика әлі де өсе түседі деп күтеміз. Өйткені, «Наурыз жұмыскер» бойынша біздің алғашқы қарыз алушыларымыз таза әрлеуде тұрғын үй сатып алуды жөн көреді, — деп атап өтті «Отбасы банк» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

«Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша өтінімдерді қабылдаудың алғашқы үш күнінде Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 31 млрд теңге сомасына 1094 өтінімді сәтті қабылдады.

Әдетте, «Наурыз жұмыскер» қатысушылары тұрғын үйлер салумен, электр энергиясын өндірумен, берумен және таратумен, автомобильдер өндірумен, кен өндірумен, мұнай өңдеу өнімдері мен газ өндірумен айналысатын ірі кәсіпорындарда еңбек етеді.

«Наурыз жұмыскер» қатысушысының орташа жасы — 31 жас. Мақұлдаудан өткен 974 қатысушының 20%-ы әйелдер. Банктен сұратылатын қарыздың орташа сомасы — 29 млн теңге.

«Наурыз жұмыскер» қатысушысының ең төменгі жасы — 19 жас, ең жоғары жасы — 62 жас.

«Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша өтінімдерді қабылдау бөлінген қаржыландыру лимиті аяқталған сәтке дейін созылады. 2025 жылы Отбасы банк жаңа бағытын іске асыруға 72 млрд теңге бағыттайды, бұл қаражат 2 440 жұмысшы кәсіптерінің өкілдеріне қолжетімді қарыз алуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін 17 наурызда «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына өтінім қабылдау басталатыны белгілі болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button