Sport

Алғашқы турда алға шықты

 Футболдан Қазақстан чемпионатының жаңа маусымы басталды. Премьер-лиганың бірінші турында қазіргі чемпион «Астана» өз алаңында Оралдың «Ақжайығына» жауапсыз үш гол соғып, алғашқы үш ұпайын еншіледі.

Астаналықтар ә дегеннен қарсыласқа тісін батырып, 7-минутта есеп ашты. Ойыны жүріп тұрған Марин Томасов айып добын мүлтіксіз орындады. «Ақжайық» құрған қамалдан әрі асқан допты Сергей Ткачуктың қайтаруы мүмкін болмады. «Астананың» жартылай қорғаушысы осымен төртінші ойын қатарынан гол соқты. Ол бұған дейін «Спортингпен» болған қос матчта және «Қайратқа» қарсы Суперкубокта ерекшеленген.
Екінші голға да Томасов араласты. Оның бұрыштамадан көтерген добын Сергей Малый қақпаға дәл бағыттады. Ойын Серікжан Мужиковтың голымен қорытындыланды. Бұл гол да Томасовтың арқасында соғылды. Осылайша «Астана» турнир кестесінде көш бастады.
ҚПЛ-дың қалған матчтарына келсек, «Ертіс» өз жерінде «Атырауды» 2:1 есебімен жеңсе, дәл осындай көрсеткішпен «Ордабасы» «Шахтерден» басым түсті. «Қайрат» пен «Қызылжар» кездесуінде де 2:1 есебі тіркелді. Ал «Жетісу» – «Тобыл», «Қайсар» – «Ақтөбе» ойындарының екеуінде де қонақтар 0:1 есебімен жеңіп кетті.
Жалпы біріншіліктің алғашқы турының ойындарын 30000 жанкүйер тамашалады. Соның ішінде 12000 халықты «Ордабасы» мен «Шахтер» матчы жинады.

«Астана» командасының бас бапкері: 

– Біздің бүгін шабуылда ойластырғанымыздың көбі жүзеге аспады. Мүмкін жігіттер қарсыласты жете бағаламады немесе «Қайратты» жеңгеннен соң босаңсып қалды. Бірақ бұл ақталу емес, біз мықты ойнауымыз керек. Жеңіске лайық болдық, бірақ ойын сапасына көңілім көншімеді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button