Басты ақпарат

Алғашқы ұлықтау рәсімі қалай өтті?

1991 жылғы 1 желтоқсанда еліміздің президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,78 пайыз дауысын жинап, толық қолдауға ие болғаны белгілі. Ал 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылдады және сол күні Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі өтті. Ертең сол тарихи оқиғаға тура 30 жыл толады.

[smartslider3 slider=1297]

Сол уақытта Президент әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған бүгінгі Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек ­Абдрахманов Президентті алғашқы ұлықтау рәсімінің басы-қасында болды. Ол 1991 жылғы елеулі оқиғалары туралы жазған мақаласында ұлықтау рәсіміне де тоқталған. Оның жазуынша, осы рәсімді дайындау сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбековке жүктелді.

«Азаматтармен ақылдаса келіп, ұлықтау салтанатында ежелгі халықтық дәстүр де, бүгінгі өркениет үлгілері де қатар жымдаса өрілгені жөн деген ұйғарым жасалды» деп жазады С.Абдрахманов. Ұйымдас­тырушылар Президент ел халқына антын ақ киіздің үстінде тұрып беру керек деген тоқтамға келді. Сол тұста Жамбыл облысын басқарған Өмірбек Байгелдіге аппақ сырмақ дайындау тапсырылды. Ал Президентке бата беруге жасы тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов Семейден арнайы Алматыға алдырылды.

Ұлықтау рәсімі Республика сарайында өтті. Осыдан бес жыл бұрын осы ғимарат қабырғасына сол рәсімнен естелік ретінде ескерткіш-тақта орнатылды.

«Тұңғыш Президентімізді ұлықтау рәсімі шығыстық дәстүрге де, батыстық өркениетке де жарасымды, жақсы өтті. Жаратушы Иеміз де Шәкір ақсақалдың аузына небір құнарлы сөздерді салыпты. Ел ағалары Дмитрий Снегин, Құддыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов Сарай төрінде Президентке ерекше сән-салтанатты шапан жапты, ел басшысының барлық басқа да белгілерін сыйға тартты» деп жазады Сауытбек Абдрахманов.

Ал Жоғарғы Кеңестің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі кеңес төрағасы Әбіш Кекілбайұлы қос тілде көсіліп сөйлеп, Президентке тілек айтты. Нұрсұлтан Назарбаев ақ киіздің үстінде тұрып, қолын Конституцияға қойып, ант берді.

«Дана бабалар дәстүрімен осы салтанатты сәттегі сөзімді ең алдымен ата жұртыма, қасиетті халқыма арнаймын! Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаматтықты көксеумен келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп ашаршылыққа ұшырап, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бірауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін» деді Президент. ­«Дәл осы сәтте Сарай сыртында ақсарбас шалынып жатқан…» деп еске алады Сауытбек Абдрахманов.

Осы тарихи оқиғаға Мырзатай Жолдасбеков те «Елінің нұры, ­сұлтаны» атты мақала арнады. «Бәрі де жиналған жұртшылықтың көкейінен шыққандай болды… Сол сәтті есіме алсам әлі де жүрегім атқақтап соға жөнеледі. Иә, сөйтіп тұрғанда сахна төріндегі мемлекеттік тудың құлап кеткені. Көз алдымызда қисайып бара жатыр… ­Кенет, о құдірет, әлгі құлап бара жатқан туды Президент бір қолымен қағып алғаны!.. Ту сыртында тұрған тудың құлап бара жатқанын қалай көріп қалғаны, соны қалай ұстап үлгергені таңғаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адамның ісі емес. Сол оқиғаның символдық мәні бар сияқты болады да тұрады маған. Нұрсұлтан Назарбаев, шынында да, қазақтың жығыла жаздаған туын қайта тіктеген азамат… Салтанатты рәсім біткеннен кейін «Мыналарың не, дұрыстап қарамайсыңдар ма?» деп бір ауыз сөзге бармады. Соңыра анықтадық: сахна шымылдығын жабатын тұста жылдамдық артып қойылыпты да, ауыр шымылдықтың самал лебі тутұғырды қозғап жіберген» деп жазады М.Жолдасбеков.

«Сонымен, халқымыз төл тарихында өзінің Тұңғыш Президентін сайлады. Елдің аты Қазақстан Республикасы ­болып өзгерді. Ендігі қадам – Тәуел­сіздік жариялау» дейді Сауытбек Абдрахманов.  Арада бір аптадай уақыт өткенде еліміз аңсаған азаттықты алды. 16 желтоқсан күні Президент ­Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңға қол қойды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button