Қала тіршілігі

Алғыс айтамыз

75392923_6_644x461_penthaus-v-astane-

Интернациональный тұрғын алабының бір топ тұрғындары атынан Астана қалалық мәслихатының депутаты Төкен Егінбаевқа осы ауданда «Армандастар» аулалық орталығының ашылуына қосқан зор үлесі үшін шынайы ризашылық білдіреміз.

Қалалық мәслихаттың депутаты, «Құлагер» құрылыс корпорациясының басқарма төрағасы Т.Егінбаев біздің елді мекендегі «Ескендір» тұрғын үй кешені тұрғындарының өтініші бойынша аулалық клуб ашуға себепкер болды. Осы маңда тұратын үлкен кісілер мұндағы жасөспірімдер мен балалардың бос уақыттарын өткізетін орынның жоқтығын айтып, халық қалаулысына бірнеше мәрте өтініш білдірген болатын. Бұл ұсыныс қалалық әкімдік тарапынан қолдау тауып, елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының араласуы­мен Төкен Жылқайдарұлы тұрғын үйдің 400 шаршы метр жертөлесіне күрделі жөндеу жасап, жарығы мен жылуын өткізіп берді. Кейін аулалық орталыққа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмады.

Бүгінде бұл орталықта алтыдан он алты жасқа дейінгі төрт жүзге жуық оқушы қазақша күрес, бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, каратэ сынды спорт  түрлерімен, ұлттық және қазіргі заман билерімен айналысып, домбыра, көркемсурет, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелеріне қатысып жүр. Мұнда осы маңда ғана емес, тіпті, бұл жерден сыртқарырақ орналасқан елді мекендерде тұратын балалар да келіп, түрлі үйірмелерге қатысып, спорт түрлерімен айналысуда.

Бір кереметі, біздің орталықта ардагерлер бұрышы да жұмыс істейді. Онда Интернациональный тұрғын алабында тұратын ақсақалдар мен зейнет жасындағы әжелердің бос уақыттарын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Қанша жылдар бойы шешімін таппай келген осы мәселені қолына алып, жасөспірімдер тәрбиесіне осылайша үлес қосып, келер ұрпақ үшін осындай игілікті іс атқарып, ауданымызда керемет орталықтың ашылуына ұйытқы болған депутат Төкен Жылқайдарұлына осы маңдағы барлық тұрғындар мен ата-аналар атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Майра ҚОРАЗОВА,

Интернациональный тұрғын алабы ардагерлер бастауыш ұйымының төрайымы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button