#Жаңа Қазақстан

Алғыс айту – парасат белгісі

– 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі жыл сайын жаңа мағынаға ие болып келеді. Жыл өткен сайын жан-жағымыздағы болып жатқан сын-қатерге қарап, дүниедегі ең қасиетті ұғым қоғамдық келісім екеніне көз жеткізгендейміз.

Жалпы «халықтар дос­тығы, тату көрші» деген ұғымдар әр заманда да айтылып жүрді. Кеңес заманында туып-өскен қатарластарым жақсы біледі, біз де осы ұранмен өстік. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі болған түрлі ұлтаралық қақтығыстар, посткеңестіктегі жекелеген мемлекеттер арасындағы күрделі қарым-қатынас, көші-қон үдерісі, «халықтар достығы мен тату көрші» идеясы, шынымен де, сынға түскен болатын. Бұл сынақ әр сипатта әлі жүріп жатыр. Бұл ретте, достығымызға сызат түсірмей, сыртқы күшке төтеп бере алатын нәрсе адамның парасаты, кеңдігі, кемелдігі деген ұғымға күн сайын көзіміз жетіп, соған сайып келеміз.

Халық бірлігі мен ынтымағы тек коммунистердің ойлап тапқаны емес, жалпы адамзаттың асығатын асыл мұраты екеніне көзіміз жетті. Барлық уақытта прогрессивті, жасампаз адамдар үшін тату-тәтті өмір сүру – қоғамды алға бастайтын негізгі фактор. Әр ғасырда әр халықта ынтымақ пен бірліктің маңызы айқын болды. Достықтың ұлы идеясын ойшылдар мен данышпандар көтерген екен, әр дәуірде әр құрлықта Науаи, Низами, Омар Хайям, Абай, Пушкин, Гете, Руставели және басқалары асқақтатып, адамзаттың санасына сәуле құйыпты.

Осы ұғым қазақ жерінде жаңаша түрге еніп, әр түрлі тағдырмен қанатының астына тығылған барлық этностың өкіліне ешқашан «өгей шеше» болған жоқ. Қазақ жеріндегі дос­тық пен бірліктің қандай күшпен келіп жатқанын біз де, қазақтар да жақсы біледі, жақсы ұғынады. Бәріміз хал-қадірімізше ынтымаққа ұмтылдық. Бұл жалаң сөз емес, егер Отанымыздың бір қажетіне жарап, қызметімізді жасап, жақсылықтың ортасында жүрсек, қиындықты бірге көтерсек, достық көңіліміз бен сыйлас көршілігіміз осы емес пе?!

Бүгінде республикамыздың бірқатар ірі орталығында «Қазақ халқына мың алғыс» атты монументтер, ескерткіштер, барлық этнос өкілдерінің қазақ халқына деген алғысын жердегі темірқазыққа байлағандай, ел ықыласымен ашылып жатыр. Бұл, меніңше, барлығымыз адасқанда, көңілге жел бітіп астамсып, тасынғанда, өз орныңды іздеп табатын қазығымыз да!

Дәуір ауысады, жастар келіп қарттардың орнын басады, сонда осы ескерткіш-белгілер тар жерде табысып, «бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеген» күндерді еске салып, ел бірлігіне сызат түсірмей, сақтап тұрмақ.

Маған әсіресе елорда­мыздағы етегіне тығылған балаларды мейіріміне бөлеп тұрған қазақ анасының ескерткіші қатты ұнайды. Халық – анамыздай ұлы ұғым. Халқымыздың аманында біздей балалары өсіп-жетіліп, жасай бермек!

Хасан ШАРИПОВ, кәсіпкер, «Дустлик»

өзбек қауымдастығы төрағасының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button