Әлеумет

Алғыс ала берсін!

Денсаулығың сыр беріп, қатты қинал­ғанда адам жанының арашашысы әуелі Жаратушы, сосын ақ халатты абзал жандар – дәрігерлер деп ойлаймын. Сондай маманның бірі – Астана қаласы әкімдігіне қарасты №3 көпсалалы қалалық аурухананың хирургия бөлімшесінің жоғары санатты дәрігері Жақсылық Ералыұлына алғыс айтқым келеді.

Бірде жолда ішім бүріп ауырып, осы аурухананың хирургия бөлімшесіне бардым. Тіркелуден өтіп, дәрігер қабылдауына келдім. Халық көп екен. Кезекке тұрдым. Ішке кірген соң жүзі жылы дәрігер Жақсылық Молданов мені тексеріп, тегіс шолып өтті де, тезірек ота жасау керек екенін, көк ет жыртылғанын айтты. Бастапқыда қорқып кеттім. Отаны өзі жасайтынын, 3 күнде жақсы болып кететінімді жеткізді. Қан талдауын тапсыруға жіберді. Бөлімшеге келіп, 2 адамға шақталған бөлмеге орналастым. Ертеңіне Жақсылық дәрігер күлімдеген күйі, қасында медбикесі бар, маған келіп: «Қорықпаңыз, жақсы болып кетесіз» деді жай ғана. Медбике бәрін қағазға жазып тұрды. Әр бөлмеде күн тәртібі көрсетіліп қойған. Медбикелер де жедел келіп, дәрігерді мұқият тыңдап зыр жүгіріп жүр. Бөлімше іші мұнтаздай тап-таза. Кешкісін және таңда ішін тазалап жуады. Хирургия бөлімшесінде барлық жағдай жасалған. Тамағын 3 мезгіл береді. Мұнда аурухана ескі болғанмен, дәрігерлер мен медбикелер науқастарға керемет қарайды екен. Отаны жоғары санаттағы дәрігер Жақсылық Ералыұлы жасап, мені 3 күн ішінде емдеп жазып, аяқтан тік тұрғызды. Осы інімізге Алланың нұры жауып, елдің елеу­лі ұлы болсын, асқар таудай арманы орындалып, медицина саласындағы еңбегі елене берсін деген тілегімді білдіргім келеді.

Талғат САЙЛАУҰЛЫ,

мәдениет саласының үздігі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button