Елорда тынысы

Алғыс арқалаған Асан

Наурыз – мейірім мен берекенің мейрамы. Бұл күні – «Самарқанның көк тасы жібіп», адамдар ерекше көңіл күйге енеді. Әсіресе, көктемді бет қарыр саршұнақ аязы мен ақ түтек бораны тұтқиылдан соғып, «кәрі құдаң» қыс ұзақтау қытымырлық танытатын Арқа төсінде жастар айрықша күтетін сияқты.

Астана – жастар қаласы. Мұнда білім қуып келгендерінен бөлек, «екі қолға бір күрек» жұмыс іздеп, нәпақа табуды көздеген жігіттер мен қыздардың да қарасы аз емес. Жас буын өкілдерін қазір Мемлекет басшысының өзі қолдап, қамқорлық танытып отыр. Әсіресе, кейінгі кезде жұмысшы мамандығын меңгерген жастарға деген көзқарас айқындалып, олардың еңбектеріне құрметпен қарау керектігі баса айтылуда.

Біз бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бір өзі бірнеше мамандықты игерген, қандай жұмыстың да ыңғайын танып, жөнін келтіре алатын бесаспап маман жігіт жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.

Біз тұратын «Еуразия» тұрғын үй кешеніне он жеті жыл болған. Өткен жылы кіреберіске күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұйғардық. Тұрғындар келісіп, ақша жинап, бір адамға сеніп тапсырғанбыз. Сөйтсек, сенген адамымыз алаяқ болып шықты. Жұмыстың ең қиын жері еденге кафель төсеуге келгенде зым-зия жоғалды. «Осы үйден пәтер сатып алғанмын, осы үйдің тұрғынымын» деп бәрімізді алдапты.

Енді қайттік? Біреудің бітірмей орта жолдан тастап кеткен жұмысын бітіріп беруді ешбір бригада міндеттеріне алмайды екен. Еңсеміз түсіп, дағдара бастағанда осы тұрғын үй кешенінде электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін Асан деген жігіттің кездесе кетпесі бар ма? Мән-жайды түсінгеннен кейін «ағалар, қам жемеңдер, кафель төсеу менің қолымнан келеді. Бұрын талай мұндай шаруамен айналысқанмын» деп болар болмас тиын-тебенге тап-тұйнақтай етіп, бүкіл №4 кіреберістің жөндеу жұмыстарын бітіріп берді.

Қолы шебер, іскер жігіттің ныспысы Асан Көшкінов екен. Оның сол алғырлығы мен ыждаһаттылығына көпшілік сүйсініп, «өркенің өссін, жұмысыңның жемісін көр» деп батасын беріп жатты.

Бүгінде Асан – 373 пәтерлі «Еуразия» тұрғын үй кешеніндегі ең абыройлы да беделді жұмысшы. Өйткені оның қолынан қоғамдағы ең көп сұранысқа ие мамандық электрмен пісіру мен қатар слесарь-сантехник, кафельші, тас қалаушы, сылақшы-әрлеуші жұмыстарының барлығы келеді екен. Әрі ол тәуліктің қай уақытында да іске қажет болса, түн ұйқысын төрт бөліп, жарылған, апат шыққан жерге бірден аттанып, жұмысты тындырғанша бір дамыл көрмейді.

Бұл туралы осы тұрғын үй кешені Мүлік меншік иелері бірлестігінің төрағасы Шалқар Жетпісбаев: «Асанның бізге келіп жұмыс істей бастағанына екі жылдан асты. Осы уақыт ішінде ол өзін жан-жақты көрсетті. Бізге мұндай қай істің де тетігін бес сау­сағындай білетін алғыр жігіттер ауадай қажет-ақ. Сондықтан көп шаруада оған сенім артып, арқа сүйейміз. Өзі бір мінезі жайлы алтын жігіт. Арақ ішпейді, темекі тартпайды. Артық-ауыс сөзі жоқ. Ісіне тындырымды» деді.

Асан 1997 жылы Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Бостандық ауданында дүниеге келіпті. Ауылдан орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін әке жолын қуып, электрмен пісіруші мамандығын алыпты. Өйткені ол қаршадайынан әкесі Амантайдың қасында жүріп, шаруашылықтың науқандық жұмыстарында техникаларды жөндеуде небір күрделі электрмен, газбен пісіру, дәнекерлеу жұмыстарын көзімен көріп өсті. Содан тәжірибе жинады. Ал сантехника мен слесарлықты ағасынан үйреніпті.

– Біз отбасында төрт ағайындымыз. Бір ағам, бір інім, қарындасым бар. Олар қазір сол Өзбекстанда тұрады. Өзім Қазақстанның азаматымын. Алдағы уақытта осы мамандықтарымды тереңдете меңгеріп, өз алдына бөлек бір қызмет көрсетуші компания құрсам ба деген мақсатым бар. Қазақ «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген. Биыл үйленгім келеді. Сосын осы өзім қалаған, өзіме ұнайтын жұмысымды барынша жан-жақты дамытсам ба деймін, – дейді ол болашақ жоспарлары жөнінде әңгімелеп.

Осы кезде оның телефоны шыр ете түсті. Көпқабатты үйдің жертөлесіндегі су құбырларының бірі жарылып, тұрғындар дабыл қағып жатыр екен. Асан қолына кілт-құралы мен дәнекерлеу аппаратын ала салып аталған үйдің жертөлесіне қарай жүгіре жөнелді. Бұл – оның күнделікті жұмысы. Ол өз жұмысын ұнатады. Содан болса керек, жұртшылықтан үнемі алғыс алып жүреді.

Елордадағы осындай көпқабатты үйлерде жас та іскер жұмысшы Асан Көшкіновтің қолтаңбасы қалатынына біз де сенімдіміз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button