Әлеумет

Алғысым шексіз

Бұл күнде 90-дағы әжемін. Еңбек және тыл ардагерімін. Әкем Жұматай Наурызбаев Семей облысы (бұрынғы) Жарма ауданы Мариновка селосы мектебінің директоры қызметін атқарған.

Соғысқа Жарма ауданының рай­воен­коматынан шақырылған. Міне, құжаты: «Сообщаю, что ваш отец Наурызбаев Жуматай действительно призывался Жарминским райвоенкоматом 28 июля 1941 года. Другими данными не располагаем. Жарминский райвоенком, подполковник Кнышбаев, 17.05.95 г.» депті, өкінішті-ақ.

Төрт баламен анамыз зар жылап қала берді. Алды сегізде, кішісі бесікте еді, үшеуі – ұлдар. Әкемнен келіп тұратын үшбұрышты хаттар да аяқталды. Соңғы хатында (42 ж. июль) мені басқа госпитальге ауыстырайын деп жатыр деген сөзі болыпты. Анамыз поштаға барғанда, әкемнің партбилеті мен аздаған ақшасын қолына ұстата салыпты. Зар еңіреп шуладық та қалдық қой.
Соғыстың төрт жылғы қасіретін көргенде көрдік. Анамыз қырманға жұмысқа шықты. Үйдегі ұсақ-түйек жұмыс, сәбиді емізіп әкелу, т. б. менің мойнымда болды. Қырманда бидай-­арпа шашылып жатса да, бір уыс алдыр­майды, аңдып тұрады. Әскер семьясы деп қорегі жоқ бірдеңе береді, оны да аламыз. Сонымен не керек, солай да солай дегендей, соғыс аяқталды. Анамыз төркін жұртын сағалап, Павлодар облысы Арбиген ауылына көшіп келдік. Кішкентай сәби бауырым шейіт болып кеткен еді.

Төрт жыл бойы мектеп есігін ашқан емеспін. Нағашым Солткен Демесинов Арбиген жетіжылдық мектеп директоры екен. «Өлмегенге өлі балық» деген болды. Оқуды 5 кластан бастадым. Қиыншылықтың небір хикметін көрдім ғой. Бәрі ойымда, айтып тауыса алмаймын. Онжылдықты да, ­институтты да ойдағыдай тәмамдап, оң мен солды білгеннен соң, әкемді іздей бастадым. Семейдің, Павлодардың, Ресейдің архивтерімен қанша жыл бойы жұмыс істедім.

Үмітімді үзбедім. Бұл күнде нәтижесі баршылық. Астанада 2019 жылдан бері хабарсыз кеткен боз­дақтарды іздестіретін «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігімен тығыз байланыстамын.

Әскери журналист Әбубәкір Смайлов деген азаматтың көмегі баршылық. Айтарым алғыс. Ресейдің Нижегородская обл., Володарский районы, п. Голышева деген жерінде бауырластар зиратында (575 нөмірмен) жерленген деген хабар алдық. Бұл жұмысқа Сергей Николаевич Румянцов деген адам басшылық жасайды екен. Осы азаматтың телефон нөмірін тауып берген – «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі. Әкемнің аты мен тегіне архив құжаттарын көрсете отырып, түзету кіргіздік. Ендігі мақсатым – сол жерден бір уыс топырақ алдыру. Алла, сабыр бере гөр, қуат бере гөр деп күтудемін.

Наурыз айының 1 ­жұлдызында Алғыс айту күні мерекесімен құттықтап Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдыр­бекұлы келді. Алғыс хаты, жанында үш адамы, сый-сыяпаты бар. Аналық алғысым шексіз, басымды иіп, ризашылық пен рақметімді айтамын. Халық үшін атқарып жүрген еңбегіне табыс пен сәттілік тілеймін!

Қазиза ЖҰМАТАЙҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button