Алғысым шексіз саған!

2022 жыл. Астананың күзі. Биік мұнаралы үйлер арасынан күн сәулесі ойнақтап, жерге түскен сары алтындай жапырақтар әр басқан ізге судырап, Астананың самал желі бойға сергектік сыйлайды. «Пах, шіркін, Астананың күзі осындай болады екен ғой» деп іштей тамсандым.
Мұнарасы аспанмен таласқан «Әзірет Сұлтан» мешітінің жанындағы аялдамаға келдік. Автобус тосып тұрған бір топ бала мойнын созып, жолға қарай берді. Біреуінің арқасында спорт сөмкесі болса, біреуінің қолында добы бар. Енді бірі скрипка салған қобдиша ұстап тұр. Көзім пультпен басқарып тұрған роботы бар баланың қолына түсті. Жанындағы жолдасына «робототехника» сабағында осы бір роботты жасап, «First Global Challenge» халықаралық жарысына баратынын айтты. «Бұйырса, елімнің намысын қорғап, жеңіспен ораламын» деді. Іштей оған «жолың болсын, жеңіспен орал!» деп сәт-сапар тіледім.
Алдымызға тоқтаған автобустарға топ-топ бала отырып, өз үйірмелеріне кетті. Кенет жанымнан домбыраның сыңғырлаған дауысы естілді. Жалт бұрылып қарасам, аялдамада домбыра ұстап отырған қыз бала күй тартып отыр екен. Оның домбыра тартқанына, күйдің орындалуына қызығып, мен одан есімін, күйдің атауын, домбыра тартуды қайдан үйренгенін сұрадым. Айару бұл Құрманғазының «Адай» күйі екенін, домбыра тартуды үйірмеден үйренгенін айтты. Әлі де болса оның күйін тыңдап тұратын едім, бірақ автобусым келіп, анаммен бірге кетуіме тура келді. Автобус терезесінен жол бойы әр бұрышта ашылған спорт, тіл, т. б. үйірмелердің көптігін көріп қуандым. Міне, бұл менің Астанаға келгендегі алғашқы күнім, алғашқы әсерім еді. Осы сәттің өзі маған Астанаға деген іңкәр сезімімді оятып, бас қалада оқимын деген қуанышым жүрегімді кернеді.
Қыркүйек. Жаңа мектеп, жаңа орта. Мектептегі алғашқы күнімде ұстазым мені сыныппен ерекше таныстырды. Ұстаз әр оқушының есімін ғана емес, сонымен қатар оның не нәрсеге қабілеті барын да назарға алып айтты. Мысалы, Абдужаппар математиканы, Аяна волейболды, Мадияр дзюдоны ұнатады екен. Тіпті, қалалық, республикалық деңгейдегі жарыстардан жүлделі орындар алып жүр екен. Неткен өнерлі, дарынды, білім мен дамуға құштар ортаға түскеніме қатты қуандым. Кезек маған келгенде, ұстазым:
– Таныс болыңыздар, жаңа оқушымыз – Әмина. Журналистикаға жақын бала. Түрлі жарыста ақын-жазушылардың туындыларын мәнерлеп оқып, өзі де өлеңдер жазады екен, – деді.
Сол күні ұстазым бізге Астана, өзіміз тұратын аудан туралы өлең немесе эссе жазуға тапсырма берді. Үйге келе сала, біз тұратын Алматы ауданы жайлы ізденуге кірістім. Ізденген сайын ауданымыздан қаншама дарынды балалар шығып, оларға елорда атынан қаншама керемет мүмкіндік жасалғанын көріп қуандым.
Жүректі кернеген мақтаныш пен жылы лебізден мына жолдар қағазға түсті:
Ауданым жайлы сіздерге
айтып беремін,
Осы ауданда мен де
өсіп келемін.
Жүрегімнен орын
алған ауданның
Сымбаты мен
сұлулығын көремін.
Күз келіп жайнай
түсті дер едім,
Ағаштар жая бастап
сары желегін.
Сəніменен көрер
көзді баураған,
Ауданымды сондай
жақсы көремін.
Тұрғындардың жылы
жүзін көремін,
Бір-біріне берген
ыстық сəлемін.
Ауданымның жайлы,
тыныш болуы
Татулықтың арқасы
деп білемін.
Ауданым менің –
асыл мекен, тірегім,
Осы жерден
табылады керегім.
Алматы ауданы –
ең керемет мен үшін,
Ауданымның атын
шығару – тілегім.
Осы жолда білім
алып келемін,
Мектебімнің
асқақтатып мерейін,
Мұқағали атамыздан
үлгі алып,
Елім үшін маңдай
терді төгемін!
Келесі күні тақта алдында оқылған бұл арнауыма ұстазым тәнті болып, туындымды «Білім айнасы» журналына басылымға беретінін айтты. Көп уақыт өтпей, журналда Алматы ауданының 25 жылдығына қарсы арнауым жарияланды. Сол күні әжемнің жанарына жас үйіріліп, «Қозым, қаламың ұшқыр болсын! Еліміздің, елордамыздың мерейін асқақтата бер!» деп батасын бергені әлі есімде. Бұл менің журналист боламын деген арманыма қарай және бас қаламыз – Астанамыздың мерейі үшін жасаған алғашқы қадамым еді.
Жыл басында үлкен қаланың қарқынына ілесіп, жаңа ортаға қалай бейімделсем екен деген Әмина бас қаламен бірге өсіп, өзіне деген сенімі күннен-күнге арта түсті.
Сәуір айында «Qosalqa» агенттігінің ұйымдастыруымен «Менің Отаным – Қазақстан» бағдарламасында Қазақстан өркениеті, әлемдегі алатын орны, ынтымақ-бірлігі туралы сюжетте жүргізуші болдым.
Қадам-қадам сайын «мен журналист боламын» деген арманыма жақындап келемін. Ал оған көпір болып, мүмкіндіктер есігін ашып, жол салып беріп жатқан – Астанам!
Алыстағы арманды жақындатып, мақсатымызға жеткізген, ел жүрегіне айналған Астана, рақмет саған!
Әмина УӘЛИХАН,
Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияның оқушысы