Жаңалықтар

Әлһәмдулилла, 17 миллионбыз!

«Не шықса да, Шымкенттен шығады» дегендей, еліміздің 17 миллионыншы азаматы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында дүниеге келді. Оның қасында біздің Астана күні қарсаңында 269 нәрестенің өмір есігін ашқанын алаулатып-жалаулатып жазып жатқанымыз жаңалық болмай қалғандай көрінеді екен. Жә, бұл – бергі жағы!

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген тәмсілді де жоққа шығарғысы келмегендей, бас санақшымыз Әлихан Смайылов кеше осы демографиялық деңгейімізге аса көрегенділікпен шолу жасап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Оның ойынша, 2028 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллион адамнан асып кететін көрінеді. Көріпкел дейін десек, бұрын ондай қасиетін байқамағанбыз. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, Әлекең және бүй деді: «Біздің ел тұрғындарының саны жылына 200 мыңнан астам адамға артып отырады. Бес жылдан кейін қазақстандықтар саны 18 миллион болады…». Одан кейінгісі әлгі 20 миллион ғой. Құдды, келмеске кеткен Кеңес кезеңіндегі «100 саулықтан 120 қозы аламын» деп  өкіметке уәде беретін шопандардың сандырағы сынды сөз. Мысалы, сонша жыл бойы бірінен соң бірі балағынан бала сауғалатқысы келмейтін әйелдерді зорлауымыз керек пе?! Мақаш ағам да желкелеп қоймайды, «көк көрпенің бүлкілін жиілетіңдер» деп. Көреміз енді… Бәлкім, 2028 жылы тағы да «20 миллионыншы азамат ОҚО-да туылыпты» деген жағымды ақпарат естіп қалатын шығармыз, ә? Не шықса да, Шымкенттен шығады ғой. Айтпақшы, біздің үйдегі шүйкебас та сол жақтан…

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button