Сұхбат

Алихан БАЙМЕНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы: ЗАҢСЫЗ ТАҒАЙЫНДАУЛАР ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙЕДІ

Еліміздің мемлекеттік қызмет саласында тың өзгерістер болғалы тұр.  Бүгінде Парламент депутаттары талқылап жатқан «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы күшіне енсе, осы саланың пәрменділігі мен тиімділігі артып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтілмек. Осы жаңа реформалар төңірегінде Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Алихан Байменовпен әңгімелескен едік.

Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру – басты талап

– Алихан Мұхамедияұлы, әңгі­ме­­мізді былтыр шілде айында Ел­ба­сының Жарлығымен қабыл­данған мемлекеттік қызметтің жа­ңа моделі тұжырымдамасы жайынан бастасақ. Себебі, жаңа­дан енгізілгелі отырған  ре­­фор­ма­­ларға осы құжат өзек бо­лып отыр емес пе? Жал­пы Тұжырым­даманың қабылдануы­на не түрткі болды?

– Қай кезде де, қандай елде де өзі­­­нің мемлекеттік қызметіне көңілі толған қоғам болған емес.  Себебі, қоғамның талғамы үнемі жетіліп отырады. Талғам жетілгеннен ке­йін талап та күшейеді. Талап күшейген кезде оған жауап бере­тін мемлекеттік сала немесе мемле­кет­тік саясатты айқындайтын тұлға­­­­­­лар жаңа шешімдер іздеуге кірі­се­ді. Бүгінгі күні біздің елде де мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Оған қоса, Елбасы Қазақ елін әлемдегі бәсекеге қабілетті мемле­кет­тердің қатарына қосу жөнінде стратегиялық міндет қойды. Әрі, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру, Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық қауым­дас­тық мәселелері де мемлекетік қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. Себебі, инве­с­ти­­ция­лар тартылып, елімізде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуы үшін оған қатысты шешімдер әзірлейтін  мемлекеттік қызметшілердің білікітілігі жоғары болуы керек.  Сондықтан,  Елбасы мемлекеттік қызмет реформасы саласындағы әлемнің ең озық үлгілеріне сай болуымызды міндеттеп отыр. Міне,  осы мақсат-міндеттер негізге алына отырып, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасы қабылданған болатын.

– Еліміздің мемлекеттік қыз­­мет саласын көрші елдермен салыс­тыр­ғанда,  қандай жетіс­тіктерін атап өтер едіңіз?  

– Қазақстан мемлекеттік қызмет ре­­фор­масы саласында аймақтық көш­басшы болып саналады. Халы­қа­ралық сарапшылардың өзі елі­міз­­дің мемлекеттік қызмет үлгі­сін едәуір жоғары бағалап отыр. Мысалы, кезінде Дүниежүзілік банк Қазақстанды «аймақтағы көшбасшы» деп таныса, БҰҰ алдағы жылдары Астанада мемлекеттік қызмет туралы жаһандық конференция өткізуді ұсынып отыр. БҰҰ Даму бағдарламасының Астанада мемлекеттік қызмет істері жөнінде өңірлік хаб ашу туралы бастамасына Мемлекет басшысы қолдау көрсетіп, Үкіметке арнайы тапсырма берді. Осыдан бастап, барлық дамыған елдердің елшілерімен кездесу өткізіліп, мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізілді. Қазір осы мемлекеттік қызмет саласында АҚШ, Франция, Корея, Польша, Түркиямен тығыз қарым-қатынас орнатып, кейбір елдермен келісімшарттарға қол қойдық. Олар да бұл бағытта қоян-қолтық жұмыс жасауға ниетті. Сонымен бірге, Еуропалық одақ, Дүниежүзілік банк, Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымы да мүдделілік танытып отыр. Еуропа­лық одақтың Қазақстандағы мемле­кет­тік қызметті реформалау және  жаңғырту жөніндегі жобасы жүзеге асып жатқанын да айтуға болады.

Меритократия қағидаты күшейтіліп, кәсібилік деңгейі артады

– Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі тағы бір жаңа реформа­ларды бастан өткізгелі отыр. Парламентте талқыланып жатқан заң жобасына қандай өзгерістер ен­гіз­­­діңіздер? Оның тиімділігі мен халық­қа беретін пайдасы қандай болмақ?

– Заң жобасы Мемлекет басшысы­ның 2011 жылы шілде айында бе­кіт­­­­кен мемлекеттік қызметтің жа­ңа моделі Тұжырымдамасын жү­­зе­ге асыру және нақты тапсырма­ларын орындау мақсатында әзірленді. Бұл заңның қабылдануы Елбасы Н.Назарбаевтың «Қа­зақ­стан­­ның әлеуметтік жаңғыртыл­уы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы­на қарай 20 қадам» атты бағ­дар­лама­­лық мақаласында көрсе­тіл­ген міндеттерге сәйкес келеді. Себебі, мери­­то­кратия қағидат­тарын кү­шейту әлеуметтік модерниза­ция­ның құралдарының бірі болып та­бы­ла­ды.

Бұл салада Қазақстан соңғы жылдары Елбасының көрсеткен бағыты бойынша өзінің жетістіктерін озық елдермен салыстыратын дең­­­­гей­­­­ге жетті. Дамыған елдердің тә­жі­ри­белері де зерттеліп, Президент мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырып, кадр саясатын да еңбегіне қарап іріктеу мен баға­лауды жүзеге асыру туралы тапсырма­лар берген болатын. Заң жобасында осы мәселелерді түгелдей қамтуға тырыстық.

Қазақстан аймақта алғаш конкурс­тық жүйені енгізгенімен, соңғы жылда­ры оның объективтілігіне, әділдігіне сенім төмендеген. Мем­ле­­кет­тік органдардың басшылары ауыс­қанда заңды айналып өтудің жол­дарын тауып, жаңа барған жерінде адамдарды орындарын босатуға мәжбүрлеп, олардың ор­ны­на жаппай өзінің бұрынғы әріптестерін алып келуге тырысу көріністері байқалды. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлердің әдептілігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктердің әлсіздігі сияқты барлық мәселелер талдана келе, заң жобасының басымдықтары анық­талды: біріншісі – кадрларды іріктеу және жоғарылату кезінде мери­тократия қағидатын күшейту; екіншісі – «А» басқарушылық корпусын құру; үшіншісі – бар­лық мемлекеттік органдарда ар­найы басқару құрылымдары мен тетіктерін жетілдіру, оның ішін­де кадр қызметінің мәртебесін көтеру; төртіншісі – тәртіптік және этикалық бақылауды күшейтіп, корпоративті мәдениетті жетілдіру.

Осының барлығын ескере оты­рып, бірінші басымдылыққа сәй­кес меритократия қағидатын күшейту­ге мән бердік.

 – Сонда мұның қандай тетік­те­рі бар?

– Біріншіден, конкурстардан алдын-ала белгіленген адамдар өте алмайтын жол қарастыруымыз керек. Сондықтан, тестілеуді конкурстан бөліп алдық. Яғни, болашақта мемлекеттік қызметке барғысы келетін азаматтар Агенттік белгілеген уақытта конкурсты күтпей, тест тапсырып, арнайы серти­фи­­кат алып, содан кейін мем­ле­­кет­тік орган жариялаған конкурсқа қатысады. Осыған орай мемлекеттік органның конкурс­қа жұмсайтын уақыты 2-3 есеге дейін (45-50 күннен 15-20 күнге дейін) азаяды. Сонымен бір­­ге тестілеудің бағдарламасын жаң­ғыр­тып, адамның кейбір тұлға­лық қасиеттерін анықтайтын тестілеуді кейбір лауазымдар үшін енгізбекшіміз. Оған қоса заңнама туралы тестіні де күрделендіріп отырмыз. Конкурстық комиссиялардың жұмысында жариялылық пен тазалықты қамтамасыз ету үшін конкурстық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін көтеру қарасты­рыл­ған.

Агенттік тәжірибені алдымен өзі­нен бастап, таяуда бос лауазым­дарға конкурс өткізген болатын. Сонда бір орынға қырық, кейбір орынға алпыс алты адамға дейін құжат тапсырды. Осы жолы конкурстық комиссияларды жаңа тәсілмен жасақтап, іріктеу кезіндегі әңгімелесу кезеңінде де барлығына тең жағдай туғызатын және бағалайтын тетіктер қарасты­рылды. Конкурсқа адам көп қатыс­қан жағдайда конкурстық әң­гі­ме­ле­су­дің екінші кезеңі ретін­де эссе жазуды да енгізу қолға алын­­бақ. Әрі­ қарай мемлекеттік қыз­­мет­кер­лердің жұмысын бағалау мен мансаптық жоспарлау бойынша тың ұғымдар қабылданады. Жаңа­дан келген қызметшілерге тәлім­герлердің бекітілуі де ескерілді. Осының барлығы сапаны көтеруге алып келеді.

– Ал, заңсыз тағайындаулар анықталған жағдайда, лауазымды тұлғалар қандай жауапкершілікке тартылады?

– Әлбетте, басшылар кадрлық шешімдерін дұрыс әзірлеп, заң шеңберінде қабылдауы үшін жауап­кер­шілікті күшейту керек. Таяуда ғана жүргізген тексерістер кезінде бір министрлікте осындай заңсыз тағайындаулар анық­тал­ған еді. Сол лауазым иесі тәртіп­тік жауапкершілікке тартылды. Міне, осындай бағыттарды қол­ға алуды көздеп отырмыз. Жауап­кер­шілікке тартуды осылай күшейт­сек, заңды қонышынан  басып жүр­ген кейбіреулер аяқтарын тартың­қырайтыны сөзсіз.
Меритократия қағидаттарын қорғау бойынша тәртіптік комис­сия­лардың да пәрменділігін кү­шейт­­пекпіз. Ал, Мемлекеттік қызмет істер агенттігі меритократия мен кәсібиліктің қорғаушысына айналуға тиіс.

– Заң жобасында айқындалған «А» басқарушы корпусын жасақтауға іріктеудің ерекше тәртібі енгізіледі деп жүр…

– Иә, «А» басқарушы корпусын­да жоғары басқарушылық деңгей­дегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар жасақталатындықтан, олар үшін Республика Президенті айқын­дайтын кадр резервіне іріктеудің және конкурстық іріктеудің ерекше тәртібі, арнайы біліктілік талаптары көзделіп отыр. Заң қабылданғаннан кейін кадр саясаты бойынша Ұлттық комиссия және өңірлік кадрлық комиссиялар құрылмақ. Олар «А» кор­пу­сы­ның кадр резервін қалып­тас­тырады. Осылайша, «А» корпусы лауазымдарына іріктеу және жоғарылату транспаренттік негізде жүзеге асырылатын болады.

Мемлекет басшысы «командалық көшуге» қатысты да бірнеше мәрте сын айтқанын білесіздер. Осыған орай заң жобасында «командалық көшулерді» неғұрлым азайту және мемлекеттік органдардың басшылары ауысқан жағдайда әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің қор­ға­л­уын күшейту мақсатында мем­лекеттік органдар арасындағы ауы­сым тәртібімен тағайындаулар Ел­басы белгілеген жағдайларда ғана жүзеге асырылатындығы қарас­ты­рылып отыр. Заңсыз кадрлық шешімдер үшін лауазым иелерінің жауапкершілігі күшейеді. Тағы бір басым бағыт – кадрлық қызмет орындарының рөлін арттыру. Ол енді персоналды басқару қыз­меті деп аталмақ. Бұл саладағы мем­лекет­тік қызметшілер өздері жұмыс істейтін мекеме ішіндегі кадрлардың жұмысына баға беріп, қыз­метке ұсынуда үлкен рөл ат­қа­ра­тын­дай деңгейге жетпекші.

Алғаш рет Заңда мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс Кодексін және жемқорлыққа қарсы нормаларды қосатын қызметтік этикасы жөнінде бөлек тарау енгізілгенін де атап өткім келеді.

«Заң жобасының тиімділігін түсінгендер көп болды»

– Тамыр-таныс, ағайыншылық­тың жолын кесіп, сыбайлас жем­қор­лық­қа тосқауыл қоятын заң кей­бір лауазымды тұлғаларға ұна­­­ма­уы мүмкін. Мұның алдында жүр­гізіл­ген реформаға да кедергі келтіргісі келген шенеуніктер бол­ға­ны жұртшылықтың есінде.  Ал осы жолы жаңа заңның жолында кесе-көлденең тұрғандар болды ма?

– Әлемдік тәжірибені зерделесек, кез келген саладағы, әсіресе, мемлекеттік басқару, әкімшілік салалардағы реформалар кедергісіз болмайды.
Біз 1999 жылғы мемлекеттік қыз­мет саласындағы  реформаны­ жүргізген кезде Дүниежүзілік банкі Қазақстанды мемлекеттік қызмет реформасы саласында аймақтық көшбасшы деп танып, оған себеп болған бірнеше факторды атап өткен еді. Оның бастысы – Президенттің саяси жігерінде жатқанын айтты. Мысалы, сол 1990 жылы реформа кезінде шенеуніктердің біразы кадрларды конкурс арқылы іріктеу жүйесінің енгізілгенін қаламады, бірақ,  Президент соған қарамастан, заңға қол қойды. Сөйтіп, мемлекет басшысының саяси жігері мен­ стратегиялық көрегендігінің арқасында Қазақстан алға жылжыды. Саяси жігер осындай мем­лекет­тік қызмет ісінде ерекше байқалады. Мысалы, көрші Ресейді алайық. Бұл елде осы бағыттағы заңдар әлі күнге дейін қабылданбай келеді. Себебі, бұл заңдарға мемлекеттік аппарат ішіндегілер, қолында ықпалы бар лауазым иелері қарсы. Бізге де 1999 жылы кедергі келтіргісі келгендер болды. Бірақ заң күшіне енгеннен кейін көндікті. Енді олар бұл талапты айналып өтудің жолын іздестіре бастады. Мұны біз көріп-білгеннен кейін осыған тосқауыл қоюға ниеттеніп отырғанымызды жоғарыда айттық. Дегенмен, 1999 жылдары жасалған реформалар негізінен өзінің міндеттерін толық орындады деуге болады. Содан бері 500 мыңнан астам адам мемлекеттік қызмет конкурсына қатысып, соның 130 мыңы жұмысқа қабылданды. Әрине, көпшілігі таза әрі әділ конкурс арқылы өткені­мен, тамыр-таныстықты пайда­лан­ғандар да жоқ емес. Бірақ, мы­­са­лы, жоғары оқу орнына түс­кен­де сыбайлас жемқорлықтан қауіп­­­теніп, талапкерлерді кон­курс­сыз қабылдап, емтихан қорытын­дысынан бас тарта алмаймыз ғой?! Конкурстық жүйені де сол секілді әрі қарай жетілдіру – бүгінгі міндет. 1990 жылдардың ортасында министр, әкім ауысқанда орталық аппараттардың 60 пайызына жуығы жаңартылса, қазір әрі кеткенде 20-25 пайызы ғана өзгереді.
Ал, 1999 жылдан бері 550 мыңнан астам азамат конкурсқа қатысқан екен. Яғни, сол азаматтар түгел  Конституцияны оқып, заңдарды біле бастады. Қазір қолданыстағы заңның мемлекет үшін тиімділігін, артықшылығын түсінетін басшылар көбейді. Лауазымды тұлғалардың басым көпшілігі кадр саясатын жетілдіруді қолдайды.

Мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қатаң қадағаланады

– Мемлекеттік қызметшілердің  көпшілікпен қарым-қатынасы, әдебі жөнінде әртүрлі пікір­лер айтылады. Жалпы заң­ға ен­гі­зіл­ген өзгерістер мем­ле­кет­тік­ қызметкердің қоғам­да­ғы жа­ғым­ды бейнесін қалыптас­тырып, халыққа жақындатып,  беделін көтере алады деп ойлайсыз ба?

– Бірінішден, бұл заңда мемлекет­тік қызметшілердің әдебіне байланысты бөлек бап бар.  Саяси мем­­ле­кет­тік қызметшілердің әде­біне соңғы кездері Республика Президенті Әкімшілігі де айрықша мән беріп отыр. Заңда бекітілген  нормалар үшін жауапкершілік бөлек. Себебі, адамдардың құқық­тары мен бостандықтары тек заң арқылы реттеледі. Кезінде Президент Жарлығымен Ар-намыс Кодексі қабылданған болатын. Енді ол нормалар  заңмен бекітіліп, сол үшін жауапкершілік деңгейі жоғарылайды. Бұл – қоғамға жаңа мүмкіндік береді. Себебі, аза­мат­­тар заң арқылы мемлекеттік қызметшіден қарым-қатынас мәсе­лесінде әдеп, мәдениет сақта­уын талап ете алады.

Екіншіден, мемлекеттік қызмет­ші­­лердің тәртібін, елмен қарым-қатынасы деңгейін қадағалайтын органдарға да жаңа мүмкіндіктер беріледі. Арнайы Жарлықтар қабылданған, осы бойынша әр мемлекеттік мекеменің ішінде өз­ ерекшеліктеріне байланыс­ты әдеп нормалары енгізіледі. Мұ­ны бақылайтын тәртіптік кеңес пен тәртіптік комиссиялардың жұ­мы­сы жетілдіріліп, міндеттері айқындалады. Сонымен қатар, әрбір мемлекеттік салада  тәлімгер­лік-оқыту жүйелері, тиісті үлгілік ережелері бекітілетін болады. Әри­не, мұның бәрі бірден бола сал­майды, біртіндеп жүзеге асырылатыны анық. Айталық, сыбайлас жемқорлықпен табысты күресетін елдердің тәжірибесін зерделесек, олар үлкен жемқорлыққа жол – ұсақ әдепсіздіктен, біреудің құқығын бұзудан басталатынын түсінген. Сондықтан бұл елдерде оның  ал­дын-алуға ерекше мән береді. Яғни, сыбайлас жемқорлықты болдырмау шараларын қарастырады. Ол үшін заң бұзушылықтың алдын алуға қатысты мәселелердің қыр-сырын әр мемлекеттік қызметкер білуі тиіс. Сондықтан да оларды оқытуды қолға алмақпыз. Осының барлығы, түптеп келгенде, сыбайлас жемқорлыққа негіз болатын  факторларды болдырмау. Бас прокуратура, Қаржы полициясы мамандары жасалған қылмыспен күресіп, оларды анықтау және жазалау жұмыс­тары­мен айналысатын болса, біздің міндетіміз – жемқорлықтың алдын алу, тәрбие, әдептілік нормаларын сіңіру.

Қазақ тілін білуге міндеттейтін заңның туатыны шүбәсіз

– Мемлекеттік қызметкердің міндеті – халыққа қызмет ету. Ол­ елі­­нің, ұлтының патриоты бо­л­уы керек. Бірақ қазіргі біз кө­­ріп жүрген қызметкерлердің өн­ бойынан мұндай қасиеттерді кө­ре бермейміз. Мемлекеттік қыз­меткер­леріміздің көбі мем­лекет­­тік тілде сөйлемеуі – соның бір мы­­салы. Мемлекеттік қыз­метші­­лер­ге қазақ тілін білуге мін­дет­­тейтін заң қашан туады?

– Өзіңіз айтқандай, патриот­тық­тың тілмен байланысы да бар. Бірақ қазақ тілін меңгермеген мемлекеттік қызметкерлердің бәрін бір­дей патриот емес деп айтуға тағы болмайды. Тілді білмеудің тарихи себептері көп қой. Кезінде қазақ тіліне балта шапқан қандай жүйе екенін әр адам есінде сақтауы керек. Мен осы қызметке араға 11 жыл салып  келгенде байқағаным, мемлекет­тік органдарда қазақ тілін білу деңгейі едәуір жоғарылаған. Мысалы, Президент  Әкімшілігімен хат алмасу – негізінен қазақ тілінде. Үкімет кеңсесімен де солай. Әрине, әзірше мемлекеттік іс-қағаздары қос тілде жүреді. Өйткені, бәрі бірдей қазақ тілін жетік меңгеріп, құжат­тарды қазақша дайындай алмауы мүмкін. Сондықтан тәжірибесі мол, отаншылдық сезімін жүрегін­де ұялатқан азаматтарды тілді біл­ме­ге­ні үшін жұмыстан кетіру әділет­сіздік болар еді. Елбасының Жарлығымен бекітілген «Қазақ­стан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемле­кет­тік бағдарламасында» мем­ле­кет­тік тілді дамытудың бағыт­тары белгіленген. Президент мемле­кет­тік тілді әр азамат меңгеру қажеттігін үнемі айтып келеді. Енді оны жүзеге асыру ұлтымыздың ішкі жұмысына байланысты. Келешекте тілді білуді міндеттейтін талаптар заңнамада белгіленетініне мен шүбә келтірмеймін. Бүгінде мемлекеттік тілді меңгермей, алға ілгерілеу мүмкін еместігін бәрі де түсінді. Сондықтан бұл мәселе де бірте-бірте шешімін табатынына сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен: Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button