Таным

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНДЫ ҚАЛАЙ АРДАҚТАЙМЫЗ?!

1сурет

Алдағы маусым айында ЮНЕСКО Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын халықаралық деңгейде мерекелеу мәселесін қарап, тиісті қарар қабылдауы мүмкін. Жыл соңына қарай Алаш көсемі шығармаларының қазақ және орыс тілдеріндегі 16-18 томдық толық жинағы, орыс тілінде «Алихан Букейхан. Собиратель казахских земель» атты өмірбаяндық кітабы баспаға дайын болмақ. 

Ұлт көсемінің өмірі мен сан қырлы қызметін зерттеу және оның мұрасын жинау жұмыстары үзілмей жалғасып келеді. Осы бағыттағы өткен 2014 жылғы және жаңа жылдың алғашқы айларындағы ізденіс жұмыстары айтарлықтай жемісін берді. Мысалы, өткен жылғы «Омбы экспедициясы» барысында Алаш көсемінің 1896 жылдың қаңтарында Омбы-Ташкент теміржол желісін тарту жобасына қарсы шығып, өзінің ғылыми дәлелдерімен оның құрылысын тоқтатқаны туралы Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімі жиналысының хаттамасы жарияланған «Степной край» газетінің 3 саны және осы басылымның мамыр айындағы шығарылымында «Письмо в редакцию» айдарымен берілген Әлиханның тағы бір мақаласы табылған болатын. «Омбы экспедициясының» материалдарында жазылғандай, Алаш көсемі Омбы-Ташкент темір жолы құрылысын жалғыз өзі тоқтатып, 1917 жылғы тарихи бетбұрысқа дейін елдің оңтүстік өңірі мен жалпы Түркістан өлкесіне ұмтылған орыс келімсектерінің толқынын басты. Ол жоба арада 30 жылдай өткенде ғана, 1926-1931 жылдары Түркістан-Сібір немесе Түркісіб атауымен салынып іске қосылғаны мәлім. Әлиханның «Выборг үндеуіне қол қойды және таратты» деген нақақ айыппен 3 айға кесіліп, Семей түрмесінде 1908-1909 жылдары 8 ай (!) отырған кезінде түскен суреті – Омбының облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан табылған тарихи олжаның бірі болды.

 АЛАШ КӨСЕМІНІҢ ЕСІМІН «БӨКЕЙХАНОВ» ДЕП ЖАЗУ НЕГЕ ҚАТЕ?

Осы күнге дейін Әлиханның «Дала уалаяты газетінде» 1889 және 1900 жылдары қазақша және орысша мақалаларын көбіне Қыр ұғлы, Қыр баласы – Сын степей деген лақап есімдерімен жариялағаны мәлім. Әйтсе де, аталмыш басылымның Омбыдан алынған электрондық көшірмелерін парақтау барысында, Қыр баласы – Ел ағасының қазақшасын Қ., орысшасын К. деп таңбалаған тағы 3 мақаласы табылды. Екі мақала «Қарқаралыдан хат» және «Корреспонденція. Каркаралы» деген айдармен берілсе, үшінші мақала «Бұйрықтан басқа сөздер: Жемқор болыс екі бимен» және «Къ характеристике нравовъ киргизскихъ должностныхъ лицъ: Охотникъ управитель съ двумя біями» деген атаулармен шығыпты. Бұл мақалалардың Әлихандікі екеніне бұлтартпайтын бір-ақ дәлел бар: қазақша және орысша мақалалардың астына Қ. және К. деген авторынан кейін қазақшасында «перуадтаған Ғали хан Бөкей хан», ал орысшасында «Галихан Букейхан» деп көрсетіліпті. Сөйтіп, ұлт көсемінің «Киргизская степная газета» мен «Дала уалаяты газеті» беттерінде басылған көсемсөздерінің саны өсе түсумен қатар, лақап есімдерінің саны да «Қ.» және «К.» деген есімдермен толығып, жалпы саны 40-қа жетіп қалды.

Бұл дәлелден аса маңызды тағы бір тұжырым шығады. Атап айт­қанда, алаштанушы ғалымдар, оның ішінде әдебиетшілер де, тарихшылар мен басқалары да бар, Алаш қайраткерлерінің, әсіресе  Әлиханның аты-жөнін атағанда «Бөкейханов» деп орыстың -ов, -ев суффикстерін қосып жазудан бір танбайды-ау. Ең өкініштісі: Алаш көсемі мен оның үзеңгілестерінің аты-жөндерін -ов, -ев суффикстерімен жазған авторлар патшалық және советтік заманның орыстандыру саясатын, еріксіз не қасақана болсын, жалғастырып отырғандарын түсінбейді, түсін­гісі де келмейді. Кейбіреулер суф­фикстерді қосып жазуын тіпті қисынсыз болса да «орысша транскрипция» деп ақтауға тырысады. Әлихан Бөкейхан деп жазғанда орыс әліпбиінде жоқ «ә», «ө» әріптерінің орнына Алихан Букейхан деп жазса, ол, еш даусыз, орыс транскрипциясы болады да, ал оған енді –ов, -ев суффикстерін қосса, ол нені білдіреді? Жауап өзіңізден, оқырман.

Ал енді нақты Алты Алаш көсемінің аты-жөнін дұрыс жазу­ға келсек, ол «Дала уалая­ты газетіндегі» алғашқы туындыларын Ғали хан Бөкей хан деп жарияласа, олардың орысша нұсқасын «Киргизская степная газета»-ға Галихан Букейхан деп ұсынып келген де, өз кезегінде редакция оған -ов суффиксін қосып А.Букейханов деп жариялап отырған. Мысалға, «Дала уалаяты газетінің»1900 жылғы 2 қаңтардағы санында жарияланған «Жапан баласына ашық хат» мақаласының фотокөшірмесіне назар аударсақ: мақаланың астына авторы Ғали хан Бөкей хан деп көрсетіліп, одан төменгі жолға «1899-ыншы жылы 15-інші декабр­да, шаһар Омбы» деп жазылыпты (қадімше танитын оқырман суреттен оқып көрсін).

Оған қоса Алашорда автономиясын басқарған 1917-1919 жылдары ұлт көсемі Халық кеңесінің (үкіметінің) орыс тіліне аударылған заңнамалық қаулыларына, бүкілресейлік уақытша үкіметтерге («Сібір автономиясы», Комуч, «Уфа директориясы» және т.б.) жолдаған хат-хабарларына «Алихан Букейхан» деп еш суффикссіз қол қойып келгенін айта кеткен артық болмас. Ол аз көрінсе, КСРО Ғылыми академиясының 1925 жылы бұрынғы Адай оязы, бүгінгі Маңғыстау облысын зерттеген Антропологиялық экспедицияға қатысып, соның мате­риал­дарының жинағымен 1927 жылы Лениградта жарық көрген «Казаки Адаевского уезда» атты ақырғы ғылыми шығармасын ұлт көсемі «А.Н.Букейхан» деп жариялағанын да еске сала кетемін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­нін айтсам, Қыр баласы – Елағасының аты-жөні не «Бөкей­ханов», не «Бө­кей­ханұлы» деп те емес, қазақ және орыс транскрипцияларында да тек «Бөкейхан» және «Букейхан» деп жазылуы керек.

Ал енді Әлихан Бөкейханның жаңа­дан  табылып жатқан тың мақала-мұраларына оралсам, «Дала уалаяты газетінде» Қыр баласының қазақша «Қаймақсыз сүт қазақ халқын өлімнен сақтайды», орысша «Снятое молоко как средство противъ вымиранія киргизъ» деп аталатын мақаласы жарияланғаны ертеден-ақ белгілі еді. Бірақ, қазақша нұсқасының толық мәтіні қолға түспей келген-ді, енді ол туынды да ұлт көсемінің тұңғыш толық шығармалар жинағында жарық көрмекші.

Қыр баласы – Әлиханның 1925 жылғы «Еңбекші қазақ» газеті сандарынан табылған 10 шақты мақаласын, «Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы 6 санына қосымша басылған жинағынан табылған «Ақымақ қасқыр» ертегісін биылғы жылдың алғашқы 2 айының үлесі деп қабылдауға болады. Жинақтай келгенде, соңғы екі жылда табылған мақала-жарияланымдар Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тілдеріндегі шығармаларының көптомдық толық жинағына енгізіліп, жыл соңында баспаға ұсынылады. Көп­томдық толық құрастырылып болғанша Алаш көсемінің тағы басқа талай мұрасы табылып, толығуы әбден ықтимал. Сол себепті тұңғыш толық жинақ сонау баста 16 том деп жарияланғанымен, ұлт көсемінің қолда бар мұрасының өзі әрқайсысы 35 баспа табақтан тұратын 17-18 том болып қалуы да ғажап емес.

 АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ІСТЕРІ САҚТАЛҒАН КГБ-ФСБ МҰРАҒАТЫНА ҚАЛАЙ ЖОЛ АШЫЛДЫ?

Қыр баласы – Елағасының мұрасын іздестірумен  қатар, 2013-2014 жылдары еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына, сондай-ақ КСРО-ның қанды жазалаушы мекемесі – ОГПУ-НВКД-МГБ-КГБ-ның заңды мұрагері болып табылатын Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің (РФ ФҚҚ) мұрағатына да талай сұрау жолданды. Оның ішінде Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың 2014 жылы ҚР ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың атына жолдаған соңғы хаты ресейлік қауіпсіздік қызметінің мұрағатына жол ашып берді. ҰҚК-нің ішкі ақпарат көзінен мәлім болғандай, Нұртай Әбіқаев ресейлік әріптесі ФҚҚ директоры Александр Бортниковпен тікелей байланысып, Л.Н.Гумилев атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтымен бірге Мемлекет тарихы институтының ғалымдарын мұрағат материалдарымен танысуға жіберуін өтініп, уәдесін алғанға ұқсайды. Нәтижесінде 2014 жылдың желтоқсанында осы жолдар авторы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның және онымен бірге бір күнде – 1937 жылдың 27 қыркүйегінде – өлім жазасына кесіліп, бір күнде атылып, Мәскеудің Дон зиратына бірге жерленген қазақтың тағы бір асыл азаматы Нығмет Нұрмақұлының (Нұрмақов) «қылмыстық» істерімен танысуға мүмкіндік алды. Ашығын айтқанда, маған Алаш көсемінің ісі 1991 және 1995 жылдардан бері таныс болатын. 1991 жылдың тамызында, яғни «зұлымдық империясының» ақырғы айларында Мәскеуде ғылыми іссапарда жүріп  КГБ-ның ақырғы төрағасы Вадим Бакатиннің атына хат қалдырып, 1995 жылы енді Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметіне (ол жылы «Федералдық қарсы барлау қызметі» немесе «Федеральная служба контрразведки» – ФСК РФ деп аталатын) ҰҚК арқылы сұрау жолдап, Ә.Бөкейхан ісінен біраз тарихи құжаттың көшірмесін поштамен алған едім. Әйтсе де, 1937 жылдан бері «аса құпия» сақталған істің тікелей өзімен танысудың орны тіпті бөлек екеніне көз жетті. Оның ішінде Алаш көсемінің ісінен оның өмірі мен қызметіне қатысты біраз өте құнды мәлімет табылды. Ресей қауіпсіздік қызметі мұрағатының басшылығы екі істен де сұраған құжаттардың көшірмелерін жіберуге міндеттенді. Бірақ, таң қалатын ештеңесі жоқ, арада 3 айдай уақыт өтсе де, ол көшірмелерді жіберуге асығатын емес.

Оған қоса Ә.Бөкейхан мен Н.Нұрмақұлының істерін қолға алып қарағанда, толқыған көңіл су сепкендей басылды. Себебі, екі іске де тігілген құжаттардың тең жартысынан астамы сыртынан картон қағазбен қапталып, парақтап қарауға да, оқып, көшіріп алуға да жатпайтын «аса құпия» күйінде қалыпты. 1991 жылдың тамызында КСРО КГБ-сы қоғаммен байланыс орталығының (Центр общественных связей немесе ЦОС КГБ СССР) пошта арқылы жіберген құжат көшірмелері ішінде Әлиханның Бутырка түрмесінде түсірілген белгілі суреті болатын. Ал істің ішінен ұлт көсемінің қырынан түскен тағы басқа суреті шықты. Екінші суретте Алаш көсемінің ауыр азап көргені анық байқалады. Суреттің «құпия» күйінде қалуының бір сыры сонда болса керек. Мұрағат қызметкерлерінің түсіндіруінше, картон қағазбен қапталған құжаттар ОГПУ-НКВД-нің «ішкі хат-қағаздары» көрінеді де, ал олардың «құпиялығы» 70 жылдан кейін ғана жойылады-мыс. Мұндай құжаттар 50 жыл құпия сақталады ғой, ал Ә.Бөкейхан мен Н.Нұрмақұлының атылып, істерінің жабылғанына 77 жылдан асты ғой?! (1937-2014) – дегенімде, қызметкерлер не айтарын білмей сасып, бірі сұқ саусағымен жоғары жақты нұсқап: – Бұл уәжіңізді басшылыққа айтыңыз! – деп құтылды.

Сонымен бірге Ә. Бөкейхан мен Н. Нұрмақұлының істерімен шектелу ағаттық болар еді. Федералдық қауіпсіздік қызметінің мұрағат істерін тіркеу басқармасының (Управление регистрации архивных дел ФСБ РФ немесе УРА ФСБ РФ) бастығы генерал-лейтенант Василий Христофоровпен 1930-40-жылдары Ресей жерінде «халық жауы» деген нақақ айыппен атылып кеткен басқа да Алаш зиялылары мен кеңестік қазақ қайраткерлерінің, бас-аяғы 30-ға жуық тұлғаның істерін алу мүмкіндігін де ақылдастық. Оның кеңесімен Мәскеуден оралған бойда Нәзір Төреқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Тұрар Рысқұлұлы сынды 30 шақты қайраткердің есімін тізіп, тікелей В.Христофоровтың атына Еуразия университетінің ректоры Е.Сыдықов қол қойған сұрау хат жолданды. Оған әзірше «тексеру жұмыстарының тым көп болуына байланысты жауап-хатымызды кешірек жолдаймыз» деген жауап келді.

 Тұғыры биік тұлғаның 150 ЖЫЛДЫғы ЮНЕСКО АЯСЫНДА ТОЙЛАНУҒА ТИІС

Бүгінгі қазақ мемлекетінің негізін қалаған Алаш автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына 1 жылдан кем уақыт қалды. Күн санап келіп қалған осындай жарқын оқиғаға байланысты нендей шаралар жоспарланып, нақты қандай істер атқарылып жатыр, соған тоқталып өтейін.

Алдымен үкіметтің не ойлап, не жоспарлап жатқанына қысқаша ғана тоқталып өтсем, «қыстың қамын жазда ойла демекші», Алаш арысының 150 жылдығы мен Алашорда мемлекетінің 100 жылдық мерейтойларын 2016 және 2017 жылдары лайықты деңгейде атап өту мәселелерін көтеріп, 2013 жылы-ақ «Алашорда» қоғамдық қоры атынан сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігіне хат жол­данған-ды. Ол хатқа 2013 жыл­ғы 21 қарашада министрліктің Мәдениет комитеті төрағасының қолы қойылған жауап келді. Хатта Ә.Н.Бөкейханның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елде неше қаладағы қанша көше мен орта мектепке есімі берілгені, «Сарыарқа» баспасынан  9 томдық шығармалар жинағының басылып шыққаны, 1 тарихи-деректі фильм түсірілгені және осыған дейін атқарылған тағы бірқатар іс-шара тізіп келтіріліп, «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 2016 жылы Ә.Н.Бөкейханның 150 жылдығын өткізуге 008 «Әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шаралар өткізу» республикалық бюджеттік бағдарлама шеңберінде – 15 970 мың теңге (!) қаржы қарастырылғаны» хабарланды.

Бұл жолдарды оқығанда мынадай ойлар келді. Біріншіден, ұлт көсемінің есімін орта мектептер мен көшелерге беруге Мәдениет министрлігінің тиіп-қашты қатысы жоқтығын үзілді-кесілді айтуға болады. Алматыдағы бұрынғы шағын ғана Аэродромная көшесіне, Астанадағы ұзындығы 200 метрден аспайтын бұрынғы Сакко және Ванцетти (Италиядан шыққан 2 коммунист) көшесіне Әлихан Бөкейхан есімін беру ісінің қасы-басында белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы мен осы жолдардың авторы жүргенін айтпасқа амал жоқ. Оған қоса 9 томдық жинақты да мұрағат-кітапхана-мұражай қорларынан 1991 жылдан бері тірнектеп жинап, құрастырып, алғысөзі мен түсініктемелерін, Алаш көсемі мұрасының библиографиялық көрсеткішін әзірлеп баспаға ұсынған да, 1993-1994 жылдары көгілдір экраннан талай көрсетілген 6 сериялы «Қыр баласы» деректі фильмінің авторы әрі жүргізушісі, 2012 жылы «Қазақстан» және «Мәдениет» телеарналарынан 9 рет көрсетілген «Алаш алыптары» деректі фильмінің Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлына арналған 2 сериясының сценарийін жазып берген де осы жолдардың авторы еді. Мәдениет министрлігінің бар жұмысы – Алты Алаш көсемінің 9 томдық жинағын 17 миллион халық игілігіне ашылған 12 мың кітапханасы бар Қазақстанға 2 мың данамен (!?) басып шығаруға қаржы бөлумен шектелді.

Енді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институты тарапынан не істелгеніне келейін.  Алаш арысының 150 жылдығын халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында мерекелеу мәселесі сонау 2011 жылы 13 қыркүйекте – ұлт көсемінің 145 жылдығы мен Ұлттық тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияда қарастырылып, 2013 жылы қолға алына бастады.  ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссиясы өткен жылдың желтоқсанында Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО-ның маңызды халықаралық даталары тізіміне қосу ұсынысын өткен жылдың желтоқсанында мақұлдап, ол қаулысын халықаралық ұйым­ның Атқарушы кеңесінің осы көк­темде өтетін 196-ншы сессия­сының талқысына жіберді. Соңғы шешім ЮНЕСКО-ның Бас конфе­рен­циясының 38-сессиясында қабылдануға тиіс. Мәдениет министр­лігінің мәліметіне сенсек, тиісті қарар маусым айында қабылданып қалуы мүмкін. Ендігі қалғаны – Парижден жақсы хабар күту…

 ҚЫР БАЛАСЫ – ЕЛАҒАСЫ МҰРАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ТОЛЫҚ ЖИНАҒЫ ЖӘНЕ ТҰЛҒАЛЫҚ

ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арнап өз тарапынан бірқатар шаралар әзірлеу үстінде. Атап айтқанда, жыл соңына қарай Алаш көсемінің қазақ және орыс тілдеріндегі мұрасының толық жинағын баспаға ұсынуды жоспарлап отыр. Дәл қазір жинақтың нақты қанша том болатынын кесіп айту қиын. Ол құрастыру барысында айқындалады.

Сонымен қатар «Алаш» институты «Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиясын құрастыруды қолға алды. Энциклопедия – өте күрделі ғылыми еңбек. Сол себепті де оны құрастыруға елдегі жекелеген алаштанушы ғалымдардан, ғылым мен білімнің сан саласының мамандарынан бастап Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институттары, Астанадағы мемлекет тарихы институты, Семейдегі Алаштану ғылыми орталығы сынды ғылыми-зерттеу мекемелерінің ұжымдары атсалыспақшы. «Алаш» институты тұлғалық энциклопедияның 3367 сөзден тұратын сөзтізбесін (словник) құрастыруды аяқтап баспаға ұсынып, таяу күндері жарыққа шығады.

 Тарихи

деректермен таңбаланады

Қазақтың ХХ ғасыр басындағы ең жарқын азаматы, даңқты қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ ұлттық мемлекетінің ірге­тасын қайта қалаған Алашорда автономиясының атасы әрі төрағасы, ғұлама ғалым, журналист әрі көсемсөзші Әлихан Бөкейханның өмір жолы мен атқарған сан қырлы қызметі туралы осы күнге дейін тиянақты әдеби шығарма, көркем фильм, не бірлі-жарым ғылыми еңбек жарық көрген емес. Оның есесіне ұлт көсемінің 150 жылдығына қарай оның бүкіл ғұмыр жолын сипаттайтын, көпшілікке арналған ғылыми-танымдық 2 шығарма жарық көреді. Бірі – қазақ оқырманына арналып «Әлихан Бөкейхан: Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын…», екіншісі – орыс тілді аудиторияға «Алихан Букейхан. Собиратель казахских земель»  деген атаулармен ұсынылмақшы. Бұл еңбекте ұлт  көсемінің ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы шым-шытырық тарихи оқиғаларға толы өмір жолы тек қана тарихи айғақ-деректерге, сол кезеңдегі «Наша жизнь», «Речь», «Сын отечества», «В мире мусульманства», «Мусульманская газета», «Сибирские вопросы» (С.-Петербор), «Сибирский вестник» (Томcr3), «Степной край», «Киргизская степная газета – Дала уалаятының газеті», «Иртыш», «Омич», «Голос степи» (Омбы), «Семипалатинский листок», «Сарыарқа», «Абай» (Семей), «Қазақ» (Орынбор), «Темірқазық» (Мәскеу) сынды мерзімді басылымдардың, «Новый энциклопедический словарь» (С.-Петербор) сынды энциклопедиялық басылымдардың мәліметтеріне, КСРО және ҚазКСР КГБ-сы, РФ ФҚҚ, ҚР ҰҚК-нің мұрағаттары құжаттарына, өзінің, туған-туысқандарының, «Алаш» қозғалысындағы үзеңгілестерінің, саяси, ғылыми әріптестерінің естеліктері мен жазбаларына сүйене отырып сипатталады. Екі кітап та Әлихан Бөкейхан өмірінің әрбір кезеңін сипаттайтын, ұлт көсемінің басынан өткен қайсыбір тарихи оқиғаның куәсі болған тарихи құжаттармен, архив материалдарымен, фотосуреттермен басылып шығады.

 МЕРЕЙТОЙ

ЭМБЛЕМАСЫ

Одан бөлек «Алаш» институты ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойының логотипін (эмблемасын) жасауға бейресми байқау жариялап, оған әзірге бірнеше жоба ұсынылып отыр. Бұл байқауға әйгілі «Остров Крым» зертханасының жетекшісі Қырым Алтынбеков пен оның қызы,  дизайнер Элина Алтынбекова және архитектор-дизайнер Мұрат Байысбаев өз жобаларын ұсынды. Байқауға қатысып бақ сынаймын деушілер болса, өз жобаларын мына мекенжайға жолдауына болады: alashorda2014@mail.ru.

 

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

«Алаш» институтының

директоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button