Мәдениет

ӘЛИХАНДЫ ӘН-КҮЙМЕН ӘСПЕТТЕДІ

Биыл – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасыр басындағы «Алаш» қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы. Тұлғаның мерейтойына орай елімізде әртүрлі шаралар өтуде. Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы да Конгресс-холда әдеби-сазды кеш ұйымдастырып, Әлиханды ән-күймен әспеттеді.

_nik8502

Әлиханның компо­зи­торлық қыры бол­маған. Ол өлең де жаз­­баған. Есесіне атқарған қоғамдық қызметі, ғалым­дығы, аудар­машылығы елге аян. Кезінде «Алаш» қозғалы­сындағы серіктерімен бірге қазақ мем­лекетінің даму бағы­тын айқындады. Соның ішінде экономикалық және ауыл шаруа­шылығы мәселелерін кө­терді. Ұлтқа қызмет етуді алдына басты міндет етіп қойды.
Кеш барысында Ә.Бөкей­ханның тұлғалық қасиеті мен ұлттың азаттығы жолындағы қызметіне шолу жасалды. Әлиханның өзі ән жазбаса да, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев сынды Әлиханмен мүдделес тұлғалардың ән шы­ғар­ғандығы жөнінде айты­лып жүргеніне біраз болды. Тіпті, қазір бірнеше ән со­лардың атына телініп жүр. Бұл сөздердің негізді-негізсіздігін өнертанушылар анықтай жатар, алайда жоғарыда аттары аталған қайраткерлер өнерден құралақан болды деп айтуға ешкімнің ауызы бара қоймас.

56c97fb40cd5b
Кеште Ахмет, Міржақып, Мағжанның авторлығымен танылып жүрген әндерді тың­дадық. Жалпы, филармо­ния­ның Әлихан өмір сүрген дәуір шындығын қасірет-қайғы­сы­мен бірге көрсетуге тырыс­қаны байқалды. Мәселен, ма­қа­ламызда аттары аталған тұл­ғалар зобалаңы көп өткен ғасырдың отызыншы жылдары опат болды. Сол заманның қайғысын күйші Айтбай Мұз­да­ханов «1937 жыл» атты шығар­масына арқау етіп алыпты. Кеште фи­лармонияның Қазақ оркестрі бұл күйдің тұсауын кесті.
Отызыншы жылдардың қыр­ғынына тек қана ұлттың сүт бетіне көрінер қаймақтары ғана емес, ел ішінде жүрген өнерпаздар да ілікті. Солардың бірі Қарағанды облысының Шет ауданында өмір сүрген Әбди Рысбекұлы болды. 1931 жылы атылған Әбдидің «Қосбасар» күйін Жексенбек Нұржауов шертті.

БЕДЕЛСӨЗ

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Алаштанушы ғалым:

dihan-kamzabekuly-5-a

– Биыл Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтіп жатыр. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының үйлестіруімен Әлиханның 15 томдығы баспаға әзірленіп жатыр. Әзірше оның 2 томы жарық көрді. Осы күн­дерге дейін Әлиханға қатысты Астана мен Алматыда ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтті. Оның туған жері – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында мерейтойы кеңінен тойланды. Ал Астананың оң жағалауында Әлихан Бөкейханның атында шағын ғана көше бар. Ономастикалық комиссия оны ұзартып, сол жағалаудағы Орынбор көшесіне қарама-қарсы жатқан Еңбекшілдер көшесін Әлиханның атына ауыстыруды ұйғарды. Сондай-ақ, Астанадағы №76 орта мектептің ұжымы оқу орнын Әлихан Бөкейханның атына беруді сұрап отыр.
Жетісудың жүйрігі Қапез Байғабылұлы «халық жауы» деген жаламен тұт­қындалып, жер аударылды. Ақыры Коми АКСР-інің Ухта қала­сында атылды. Оның елмен қоштасып бара жатқандағы соңғы әнін Әйгерім Нартуеева орындады.
Сол кездің қасіреті аса көр­некті композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Қилы кезең» атты шығармасынан да кө­рінеді. Осы шығарманы да ор­­кестрдің орындауында тың­дадық. Күй анасы Дина Нұрпейісованың «1916 жыл» күйі де кештің мазмұнына сай келді. Жергілікті композитор Қайыржан Мақановтың «Алаш арыстарына тағзым» атты туындысы концерттің рухын аша түсті.
«Алаш» қозғалысының өз әскері болғаны белгілі. «Алаш маршы» немесе «Ғаскер өлеңі» аталатын әскерге арналған ән сөзін Жүсіпбек Аймауытұлы, ал әуенін Міржақып Дулатұлы жазды. Бұл шығарманы Тельман Нұртай аса бір биік рухпен алып шықты. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңін Жастар одағы сыйлы­ғының лауреаты Нұрай Танабаев шабыттанып оқып берді.
Мағжан Жұмабаевтың «Сағындым» әнін Данияр Мұқан шырқап, көрерменді сағыныш ауылына өзімен бірге сапарлатса, Ахмет Бай­тұрсынұлының әні делініп жүр­ген «Аққұмды» Перизат Тұрарова шалқытты.
Қуғын-сүргін көрген күй­шілердің тағы бірі – Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген Сейтек Оразалиев. Қазақ оркестрі оның да бірнеше шығармасын жаңғыртты. Соның ішінде есімізде қалғаны «80 ер» күйі болды.
Филармонияның Халық әні бөлімінің көркемдік жетек­шісі Секен Сыздық салған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған Тұрсынғазы Рахымовтың «Қазағым-ай» әні мен Күнсұлу Тұрлы­бекова айтқан Шәкәрім Құдайбер­діұлының «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» шығармасы да кештің әрін кіргізді.
Ең бастысы, қазақ тарихына сапар шектірген кештің көрермендері Әлихан әлеміне бойлап, оның тұлғасын тани түсті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button