Әлеумет

Алимент төлемеген жазаға тартылады

Елімізде алимент өндіріп алу мәселесі өте өзекті күйінде қалып отыр. Құзырлы органдар тарапынан небір амалдар жасалып жатса да өзгенің тәрбиесінде қалған баласына қарайласпақ түгілі халін сұрамайтындардың саны азаяр емес. Соның салдарынан елімізде 350 мыңнан астам бала заң бойынша төленуі тиіс алиментке қол жеткізе алмай келеді. Ал қашқын әкелердің алимент қарыз көлемі 2 млрд теңгеге жуықтаған. Бір ғана Астана қаласының өзінде 7 мыңнан астам бала өздеріне тиесілі 400 млн теңге көлеміндегі алиментін ала алмай жүр.

photo_154142

Бір қуантарлығы, өз баласына ақша төлемес үшін сан түрлі айла-шарғыға барып, жұмыс орындарын жасырып, жалақысын бухгалтерия арқылы бірнеше есе төмендетіп немесе дүние-мүлкін жақын-жуықтарының аттарына жаздырып қойып тайраңдап жүрген мұндай әкелермен құзырлы органдар мықтап күресе бастады. Алимент төлемеген азаматтарға заң аясында қатаң шаралар қолданылып, керек болса қылмыстық жауапкершілікке де тартып жатыр. Тұрақты жұмысы барларына алимент төлеуге мәжбүрленсе, жұмыссызбын деп сылтау айтатындарға еңбек етіп қарызынан құтылуды талап етіліп отыр. Уақытында төлемесе ірі көлемде айыппұл салып, заңға көнбей, қиғылық салғандарына 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданыла бастады.

ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУҒА ЖӘРДЕМДЕСЕДІ
Әсіресе Астана қаласында бұл мәселеге айрықша мән беріліп жатыр. Алимент мәселесін шешу мақсатында Астана қаласы Әділет департаменті, Жұмыспен қамту орталығы және Астана қаласының Алматы ауданының аудандық прокуратурасымен бірлесіп, алғаш рет алимент төлемдер бойынша қарыздары бар және жұмыссыз борышкерлерге арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Аталмыш еңбек жәрмеңкесінде құрылыс, өнеркәсіп, жылу энергетика, күзет, қала аймақтарын абаттандыру, көлік және коммуналдық қызмет саласы бойынша 20-дан астам мекеме қатысып, 150-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Артынша бұл үрдіс жаңаша сипат алып Астана қаласының прокурорлары «Алимент берешегін азайту» деп аталатын арнайы жобаны іске қосты. «Осы мақсатта Астана қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы, бизнес өкілдері және құрылыс компанияларымен ынтымақтастық орната отырып борышы бар әкелерді жұмыспен қамту жобасын қолға алып отырмыз. Жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған екі мың азаматты мамандықтары мен игерген кәсіп түрлері бойынша категорияларға бөліп, компанияларға сұрау жібердік. Қазірдің өзінде Астана қаласындағы беделді екі құрылыс компаниясынан электр маманы, сантехник сияқты мамандар бойынша 500 ұсыныс келіп түсті. Сонымен қатар, «Naimi.kz» интернет сайтымен ынтымақтастық орнатып, алимент бо­йынша қарызы қалыптасқан адамдарды сайтқа тегін тіркеу туралы келістік. Бұл сайтқа күніне екі жүзге жуық адам тіркеледі екен. Сондай-ақ, Фейсбук әлеуметтік желісінде «Еңбек-Алимент» парақшасын тіркедік. Бұл парақшаға борышкерлер өз резюмелерін орналастыра алады» дейді Астана қалалық прокуратурасының Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының басшысы Берік Адамов.

Бұл жоба өзінің тиімділігін әлден-ақ көрсете бастады. Бүгінде борыш­керлердің алғашқы легі, яғни, 400-ден астам адам «Базис-А», «Қуат» секілді ірі құрылыс компанияларына жұмысқа орналасып үлгерді. Олардың қатарында электриктер, сантехниктер, монолит құюшылар және жай жұмысшылар бар.

Прокурорлардың айтуынша, жоба­ның негізгі мақсаты – алиментші әке­лерді жаппай жазаға тарту емес олардың алдын алуды көздейді. Яғни алимент берешегін төлемей жүрген борышкерлерді жұмыспен қамтамасыз ету. Өйткені бүгінгі таңда тұрақты жұмысының жоқтығына байланысты алимент төлей алмай отырған әкелер көп. Мәселен, Астана қаласы бойынша алимент төлеуге міндеттелген 19 мың адамның екі мыңға жуығы жұмыссыз ретінде тіркелген. «Бүгінде қаламызда алимент төлемдерін төлеуден мүлдем жалтарып жүрген 910 борышкер бар. Олар ресми түрде еш жерде жұмыс жасамайды немесе ешқандай жылжитын және жылжымайтын мүліктері тіркелмеген. Бұл шаралардың барлығы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, алимент төлеушілерді жұмысқа орналастыруды көздейді. Жалпы рес­публика бойынша, мемлекеттік сот орындаушылардың қолында алимент мәселесіне қатысты 220 мың іс жатыр. Тек Астана қаласының Әділет департаментінің өзінде алименттік төлемдерді өндіру бойынша 18 412 іс тіркелген» дейді Астана қаласы Әділет департаментінің алименттік төлемдерді өндіру бөлімінің мемлекеттік сот орындау­шысы Айдана Замирова.

ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІНЕН АЙЫРАДЫ
Алимент мәселесін шешуге арналған шаралар мұнымен шектеліп отырған жоқ. Былтырдан бері Астана қаласында борышкер әкелерді жүргізуші куәлі­гінен айыру жазасы қолданылып келеді. Мамандардың айтуынша, бүгінде Астана қаласында 200-ге жуық адам көлік жүргізу құқығынан айырылыпты. Әсіресе, борышкерлердің ел аумағынан шығуына шектеу қою шарасы жемісті болып отыр. 2016 жылдың 8 ай ішінде қала бойынша 1700 борышкерге шектеу қойылған. Осының нәтижесінде жаз мезгілдерінде демалуға немесе шекаралас елдерге жұмыс істеуге шыққылары келген борышкерлердің көбі қарыз сомаларын бірден төлейтін болған.

Сонымен қатар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту, борышкердің мүлкін тәркілеу жазалары да қолданылып келеді. «Биыл жыл басында баласына 1,5 млн теңге алимент қарыз болған бір азаматтың мүлкін тәркілеу туралы шешім қа­былдадық. Мүлкі бұл қаражаттан әл­де­қайда қымбат екенін түсінген әке келісімге келе отырып, бірден али­мент төлеп берді. Бүгінге дейін жал­пы қала бойынша 154 борышкер әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Тұрғылықты мекенжайын анықтау мүм­кін болмайтын алименттік борыш­керлерге сот арқылы іздеу жария­ла­нып жатыр» дейді Астана қалалық про­куратурасының Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының басшысы Берік Адамов.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

2 пікірлер

  1. саламатсызба сот шешими колымда бар Агадыр сот орындаушсына бергем орындату ушын шешымды 4ай болды толемит деп жауап берет енды шет ауданыны сот орындаушысына берды ол кисиденде али жауап жок бириншы жолдасым мамама несие алгызган ол осип жатыр осы алиментпен карызды отимба десем али алган жокпын енды не истим кайда барам озим Шет ауданы Акжал кентынде турамын

Пікір үстеу

Back to top button