Басты ақпаратҚоғам

Алименттен неге жалтарады?

Елордада 1700-ден астам адам алиментін төлемей жүр, 790-ына іздеу жария­ланды. Төленбеген алимент сомасы 400 млн-ға жуық теңгені құрайды. Жақында қала әкімі Алтай Көлгінов: «Азаматтарды қабылдау кезінде әртүрлі себептермен балаларын жалғыз тәрбиелеп жүрген әйелдер жұбайлары тарапынан ешқандай көмек алмайты­нын айтады. Көп жағдайда тұрғындардың әлеуметтік осал тобына жататындар келіп мәселесін айтып, көмек сұрайды» деген еді.Жауапкершілікті сезінбейтін әкелер алимент төлемейді, тіпті өз балаларының жағдайын білуге де тырыспайды. Адамның өзіне, балаларына және отбасына деген жауапкершілік болу керек. Мұны барлығы түсіну қажет, жағдайды түбірінен жөнге келтіру керек деп айтты. Шаһардың мың сан тірлігін арқалап жүрген әкім алиментті өндіру мәселесіне араласса, онда бұл шынымен де күрмеуі қиын, күрделі түйін болғаны да.
Қолданыстағы «Неке және отбасы» туралы кодекстің 139-бабына сәйкес, сот кәмелетке тол­маған балаларға олардың ата-­анасынан мынадай мөлшерде алимент өндіреді. Егер арада бір бала болса, алимент төлеуші жағы өз табысының немесе өзге де кірісінің төрттен бір бөлігін төлеуге тиіс. Екі балаға үштен бір бөлігі тиесілі. Үш және одан да көп балаға тапқан табысының тең жартысын бөліп беруі керек. Алайда алимент төлеуден жалтаратын жауапсыз әкелерге бұл заң жазылмағандай. Бұған баласын арқалаған аналардың арыз­данып, әкімге барғаны сөзімізге дәлел болады.
Енді алименттің екінші жағына келейік. Бұрындары «алимент әке болмайды» деуші едік. Қазір онсыз бала өсіру оңай емес деп күміл­жи­міз. Бұрындары ажырасқан әйел баланың әкесінен бір тиын да алмай өзі жеткізуге бар күшін салатын. Оны өз таңдауының салдары деп ұғатын. Ол кезде үлкенде де, кішіде де намыс болатын. «Бұрындары» деп жалғастыра беруге болар еді. Бірақ қазіргі күнде ана мен бала құқығына басқаша мән беріле бастады. Ал отбасылық мәселелер екеудің арасындағы дау ғана, қоғамның бас ауруына айналғалы қашан.

Әлем тәжірибесі алға озыпты

Жалғыз біздің ел ғана емес, әлемнің әр түкпірінде алимент төлетудің түрлі амалдарын ойлап тауып, жауапкершіліктен қашқандарды бұғаттаудың бар амалын жасауда екен. Мысалы, ана мен баланың құ­қы­ғын қорғау, алимент өндіріп алу үдерісі Англия, Германия, Австрия, Франция, Швейцария сияқты дамыған батыс еуропа­лық елдерде біршама жақсы дең­гейге жеткен. Бұл елдерде ажырасуға бел байлағандар сотқа жү­гінбес бұрын, мүдделі тарапқа сөзсіз алимент төлейтіні туралы келісімшартты рәсімдейді. Италияда, «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, жоғарыда айтылған келісімсіз жастардың некесі де қиылмайды.
Алысқа бармай-ақ, Белоруссия­да алимент төлеуге тиіс тарап жұмыссыз болған жағдайда сот орындау­шылары сотқа жұмысқа тұрғызуды сұрап, ұсыныс береді. Тіпті сот тауып берген жұмыстың жалақысы алимент алушының алашағын жаппайтын болса, басқа жұмыс талап етуге құқылы.
Израильде де мүлдем басқаша. Егер борышкердің тұрақты жұмысы болмаса не алимент төлеуден қашқақтап жүрсе, ондайда бұл міндеттемені мемлекет мойнына алады. Қалай дейсіз ғой? Мұндайда алиментсіз қалған ана Битуах леуми деген ұлттық қамсыздандыру қызметіне шағымдана алады. Аталмыш қыз­мет баланың үлесін өзі төлейді. Ал Украинада қауқарсыз әкелерге уақытша мемлекеттік көмек төленеді. Оның көлемі баланың күнкөрісі қаражаты көлемінің 30 пайызынан төмен болмауы тиіс.
АҚШ пен Канадада алиментті сұрау басқаша. Бұл елдерде жа­уапсыз тараптың көлігін тартып алып, жеке кәсібіне шек қоя алады. Ал Англияда тұрақты мекенжайынан алыстап кетуге рұқсат жоқ. Олар үнемі атқарушы органдардың көз алдында жүруі тиіс. Тіпті болмай жатса, Австрия мен Швейцарияда жауапсыздардың үстінен қылмыс­тық іс қозғап, бір айдан бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айырады екен.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ЕСКЕРТЕДІ

2019 жылы елорданың жеке сот орындау­шыларының қарауында алимент төлемегендер бойынша 17576 құжат болды. Оның ішінде 1716 борышкер алиментті мүлдем төлемеген. Бүгінде 4053 құжат қараудан өттi. Оның 154-і орындалды, 925-інің атқарушылық өндірісі тоқтатылды, 3000 іс өндіріп алушыларға орындалмай қайтарылды. Жеке сот орындау­шылар қарауында 13523 құжат қалды. Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған жүйесіне сәйкес 6692 құжат уақытында орындалуда, 747-сі уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар алимент өндіру туралы 1716 атқарушылық іс жүргізу проблемалы болып саналады. Яғни борышкерлер тиісті алименттерді мүлде төлемейді. Тағы 4368 құжат бойынша тұрақсыз төлем жүргізеді. Қаланың құқық қорғау органдары кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтару әкімшілік және қылмыс­тық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.

Жауапкершілік болуы тиіс

Бізде қалай? «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік сот орындаушылары алимент өндіруден босатылып, бұл міндеттер бұдан былай жеке сот орындаушыларының құзырына берілді. Алимент өндіру бо­йынша атқарушылық құжаттарды қазіргі таңда жеке сот орындау­шылар ақысыз түрде қабылдай­ды. Өйткені атқару өндірісін жүргізген жеке сот орындаушыға мемлекет тарапынан нақты мөлшердегі сыйақы көзделген. Бұл да аз секілді.
Елорда әкімдігі Әділет ми­нистрлігі, Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қоюының да себебі сондықтан. Бұл проблемалы алимент санын азайту, алиментін қасақана төлемейтіндерді анықтау­да қажеттілік еді. Енді алимент тө­леуден жалтарғандарды анықтау­да, қарыздарын өндіруде және де мәліметтер дерекқорын біріктіруде мемлекеттік органдар бір-біріне көмектесетін болады. Бірінші кезекте мемлекеттік органдар алиментін төлей алмай жүргендерді жұмысқа орналастыруды қолға алады. Сондай-ақ іс-қимыл жоспарында борышкерлерді іздестіруде жұмылдыру, қарызын өтегенге дейін жүргізуші куәлігінен айырып, мүлкін алып қою, борышкер әкелердің Қазақстан аумағынан шығуына шектеу қою қарастырылып отыр.
Әрине, белгілі санаттағы ауқатты, қазақша айтқанда, алдында малы бар жауапсыз әкелерге бұл айтылғандардың күші бар.
Біздің айтпағымыз, мүлдем қау­қарсыздардың мәселесін судың бетіне шығару болып отыр. Ақша сұрасаң қалтасы тесік не нақты жұмысы жоқ, дүние дау­ласаң, басында тұрағы жоқ, алып қояйын десең астында көлігі жоқтарды не істейміз? Олардың көбінде басқа отбасы болып, басқа баласы өсіп жатуы мүмкін. Тіпті тапқан табысы өзінің өмір сүруіне, қара басын асырауға жетпесе ше?! Оның несиесі немесе ипотекасы болса тағы қандай амал бар?
Мұндайда әкелік парызын ақшамен емес, баланың өсіп-­жетілуіне анасының жұмыс іс­теуі­не мүмкіншілік жасап, барын­ша қолғабыс беру жөн болар.
Баланың құқы бір бөлек, кейбір келіншектер алиментке сүйеніп, оны тіршілік көзіне айналдырып, өздігіне талаптанбайтын да жайттар кездесіп қалады. Мұндай жағдайда не істеу керек?
Сөз басында айттық алимент әке болмайды деп. Рас, ол солай. Уыстап алимент төленгеннің өзінде де баланың жақсы азамат болып қалыптасатынына ешкім кепілдік бермейді.
Осыны ескергенде, отбасының түйінді тұстарын алдымен екеуара шешкені жақсы. Отау құрып, балалы болмас бұрын, әсіресе қыздарымыз кімнен бала туамын, оны қалай жеткіземін деп ойланғаны жақсы болар еді. Жігіттер де таңдаған қалыңдығына сенімді болып, он ойланғаны абзал. Ажырасқан күнде де жүз шайысып, бет көріспей кетпей, баланың жа­йын бәрінен биік қойған абзал.
…Бірде бір баламен сөйлестім:
– Әкемді жек көремін, – дейді.
– Не үшін? Саған жасаған жамандығы бар ма?
– Жоқ.
– Онда неге бұлай дейсің?
– Өйт­кені анам оны жаман деген.
Міне, бір алименттің астарында көп нәрсе жатыр. Алимент төленсе де, төленбесе де, ауыртпашылығын тартатын – ортадағы бала. «Алимент әке болмайды» дегеннің астарындағы осы ұғымды да естен шығармалық.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button