Мәдениет

АЛЛАҒА «АҚ БӨПЕНІ» АЙТҚАН АРМАН

ERA_0932

Кеше «Қазмедиа орталығында» қоғамдық  «Бас редакторлар клубы» бірлестігі Ресейдің «Муз-ТВ» арнасының бас директоры Арман Дәулетияровпен кездесу ұйымдастырды. Жүздесу барысында негізгі әңгіме – 5 маусым күні «Астана Арена» стадионында дүрілдеп өтетін «Муз-ТВ- 2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру рәсімі төңірегінде өрбіді. Сондай-ақ, жиналғандарды көрші мемлекетті мойындатқан қандасымыздың араласатын ортасы, оның Қазақстандағы шоу-бизнес, соның ішінде қазақ әншілері туралы ойы және т.б. сұрақтар қызықтырды.

«Қазақстанға үнемі алып-ұшып келемін. Өзге елде тусам да, осында өзімді үйімде жүргендей сезінемін. Жалпы, Қазақстанда немесе өзге елдерде маңызды мәдени немесе спорттық шаралар өткізілетін болса әрі ондай шараларда қазақстандықтар топ жарып жатса, достарым оған шын қуанып, менімен байланыстырып отырады. Осы кездесуге арнайы дайындалған жоқпын. Жүрегімнің түкпірінде, тілімнің ұшында не тұр, соны айтамын деп келдім. Еркін отырып, сырласайық» деген Арман Дәулетияров әрі қарай өзі басқаратын телеарнаның елордада ұйымдастырып отырған ауқымды музыкалық шарасы Қазақстанға не беретінін баяндады.

Оның айтуынша, «Муз-ТВ» сыйлығы секілді телеарнаның әрі мемлекеттің беделін көтеретін әлемдік деңгейдегі шоудың Астанада өткізілуі Қазақстанның да әлемге танылуына әсерін тигізеді. «Сыйлықты тапсыру рәсімін тікелей эфир арқылы 100 миллион адам тамашалайды. Биыл оны көретіндер қазақ музыка өнерімен барынша сусындайды. Қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өткенде де, жеңімпаздарға сыйлықты тапсыру барысында да Құрманғазының күйлері, Ермек Серкебаев пен Әлібек Дінішевтің орындаған әндері секілді тек қазақ музыкасы ойналады. Осылайша, ол біраз адамның құлағына жетеді» деді ол.

Жалпы, «Муз-ТВ- 2015. Гравитация» сыйлығына дәмелі ресейлік әншілер Қазақстан туралы оң көзқараста екенін айта келе олардың дайындығынан да хабар берді. Мәселен, «Николай Басков қазақ тілін үйреніп жатыр» деген ақпаратты көзіміз шалған еді, Арман Дәулетияров оны растады. Сондай-ақ, Дима Биланның туысқан әпкесі Қазақстанда тұратыны, «Дискотека Авария» тобының бір солисі Қазақстанда туғаны оған үлкен жаңалық болғанын жеткізді.

Биыл жаңадан қосылып отырған «Үздік қазақстандық әртіс» аталымында Жанар Дұғалова, Қайрат Нұртас, Нұрлан Абдуллин, «МузАрт» тобы және Әли Оқапов өнер жарыстырады. Арман Дәулетияровтың пікірінше, осылардың қай-қайсысы атаулы сыйлықты алуға лайық. «Өнер бәсекесіне түсіп жатқан қазақстандық әншілермен етене таныс емеспін. Тек Қайрат Нұртаспен қосылып ән айтқаным бар. Қайрат маған ұнады. Дуэтті жаздыртқанда да үлкен қолдау көрсетті» деді ол бұл жөнінде.

Жанар Дұғалова «Turkvision» байқауына қатысқанда Арман Дәулетияров Ресей атынан Қазан қаласына барып, қазылар алқасы мүшелерінің қатарында отырыпты. «Шынымды айтсам, басында байқауға Қазақстаннан қатысып жатқан әнші барын білмеппін. Соны білгенімде, «қиналған Жамбыл жері осы» жағдайына тап болдым. «Жанар жеңімпаз болды» дегенде қатты қуанып, орнымнан тұрып шапалақтадым. Ол әрекетіммен өзге қазыларға да «сигнал» бердім» дейді қандасымыз.

Оның ойынша, Қазақстан мен Ресейдің шоу-бизнесі салыстыруға келмейді. «Маған қазақстандық әртістер неге «Муз-ТВ-дан көрінбейді?» деген сұрақ жиі қойылады. Ол сұрақты маған емес, әншілердің өздеріне қою керек. Бұл жерде қазақстандық әншілер «А-Студио» сияқты Ресей эстрадасына шығуға талпынуы керек, меніңше» деді А.Дәулетияров.

Сонымен, «Муз-ТВ» арнасы бас директорымен кездесу әсерлі өтті. Бірде Алла Пугачевамен әңгімелесу сәтінде бала кезінде анасынан естіген «Ақ бөпе» әнін айтып бергенінен оның жүрегі қазақ деп соғатынына иландық. Жүздесу соңында сөз сөйлеген «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай да соны меңзеп, қонаққа ұлтымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың электронды кітабын сыйлады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button