ДенсаулықЖаңалықтар

Аллергиядан қалай айығамыз?

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздегі тұрғын­дардың 20 пайызы аллергиядан зардап шегеді екен. 

0

Астанада да бұл көрсеткіш өсіп барады. Түшкіртіп-пысқыртып, кісінің әбден берекесін қашыратын осы аурудың, әсіресе, маусымдық түрі кең етек жайған. Одан сақ­танудың, лажы келсе, біржола құтылудың қандай жолдары барын білмек болып елордадағы Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Іс Басқармасына қарасты медициналық орталыққа бас сұқтық. Біздің сұрақтарымызға аталмыш мекеменің І санатты аллерголог-дәрігері Айгүл Сыздықова жауап берді.

Аяз да – аллерген

– Жаз басталып, көк шығы­сымен, аллергиясы бар адамдар әуреге түседі. Осындай маусымдық аллергия кезінде бізге жүгінетін науқастардың да саны күрт артады, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. – Мысалы, қазіргі уақытта маған күніне 30-дан аса пациент ке­леді. Жалпы, әлем халқының 10 па­йызы поллинозға шал­дыққан. Біздің өңірде осы дерттің өршитін үш мезгілі бар. Алғашқысы сәуірдің ортасынан мамырдың соңына дейін созылады. Бұл шақта қайың, емен, терек, шаған сияқты ағаштар тозаңданады. Келесі кезеңде, яғни маусым-шілде айларында атқонақ, тар­ғақ тәрізді шабындық шөп­тер гүлдейді. Ал үшінші аралық дәл қазір өтіп жатыр. Аллергиктердің біразына жусан иісі жағымсыз әсер етуде.
Айгүл Амангелдіқызының айтуынша, маусымдық аллергияны қоздыратын факторлар қатары тек өсімдіктермен шектелмейді. Біле білсек, қыстың қақаған суығы да қауіпті аллергендер тізіміне жататын көрінеді.
– Астананың қысы қатал ғой. Ауа температурасы белгілі бір градусқа дейін төмендегенде, ол да теріні, тыныс жолдарын тітіркендіреді. Мұндай аллергиямен ауыратындардың көпшілігі – созылмалы науқасқа шалдыққан, аллергияның басқа да түрлерімен ауыратын немесе тұқымында соған бейімі бар кісілер. Сондай-ақ терісі нәзік әрі сезімтал жандарда да суыққа аллергия жиі кездеседі. Статистика бойынша мұндай дерт 70 пайыз жағдайда әйелдерді төңіректейді, – деді маман.

Цивилизацияны «сүйетін» ауру

Бұдан бөлек, аллергияның тұрмыстық, эпидермалық, дәрілік препараттық және тағамдық деп аталатын түрлері болады. Тұрмыстық аллергияны туғызушы нәрселердің бірі – үйдегі шаң-тозаң. Онымен ауыратын адамдардың бөлмеде шаң жинайтын жиһаз көп болған сайын мазасы қашады. Мәселен, олар үшін төсек-орын, жұмсақ ойыншық, кілем, беті ашық кітап, киім, жүннен тоқылған жамылғы – бәрі-бәрі қолайсыз әсер етуі мүмкін. Жиналған шаңның әр грамында 14 мыңға жуық майда кене өмір сүреді екен. Ал эпидермалық аллергиктерге үйінде мысық, ит, қоян, тышқан секілді жануарларды асырауға болмайды. Егер хайуанаттарға деген махаббатыңыз ерік бермей жатса, су тасбақасын бағып көріңіз. Ол алдындағыларға қарағанда әлдеқайда қауіпсіздеу. Дәрілік препараттық аллергендерге антибиотик, тәтті сироп, анестетик, анальгетик кіреді. Бүгінде дәріхана сөрелерінде қаптап тұрған небір биологиялық белсенді қоспалардың (БАД) құрамында да аллергия ту­ғы­зушы элементтер бар. Тағамдық аллергия сиыр сүті, жұмыртқа, тауық, балық, бидай, қызыл түсті жеміс-жидек, цитрустық жеміс-жидек сияқты азық-түлікке аллергиялық дерматит немесе ринит түрінде байқалады. Бір қызығы, аллергия бір түрден екінші түрге ауысуы да мүмкін. Мысалы, егер адамның қайың тозаңына аллергиясы болса, онда ағаш басында өсетін жемістерге де аллергиясы білінуі мүмкін.
– Цивилизация неғұрлым өркендеген сайын халықтың аллергияға шалдығу ықти­малдығы да соғұрлым жоға­рылайды. Лас ауа, зиянды азық-түлік, көшедегі қоқыс – аллергендердің нағыз ошақтары. Оның үстіне, шектен тыс стерильді орта да аллергияның пайда болуына әкеліп соғады, – деді дәрігер.

Төзімділік қалай қалыптасады?

Медицинаның қарыштап дамуы қаншама аурудың алдын орап, тосқауыл қоюда. Сондай пайдалы ем-домның бірі аллергиктерге арналған. Бұл әдіс аллергенді-спецификалық иммундық терапия (АСИТ) деп аталады.
– Бүгінде біздің орталықтағы нау­қастарды осы тәсілмен емдейміз. Яғни, аллергеннің кішкентай мөлшерін адам­ға егу арқылы оның ағзасында анти­денелерді шығарамыз. Ұзақтығы 3 неме­се 5 жылдық емдік курс аяқталған соң, пациент әлгі аллергенге едәуір тө­­­­­зім­­ді қалыпқа көшеді. Мә­селен, ме­нің тә­жіри­­бемде мұн­дай терапияның ар­қасында науқастардың жартысынан көбі құ­лан-таза айығып шықты. Аллергиядан құтылу оларға қандай бақыт сыйлады десеңізші! Жа­қында ғана кішкентай қыз ба­ланың көл-көсір қуанышына куә бол­дық. Ол бүлдіршіннің үй жануарларына аллер­гиясы бар еді. Соның кесірінен сүйік­­ті итінің жанында ұзағырақ бола алмайтын. АСИТ-тің арқасында жануар­лардың жүні­не, сілекейіне жауап беретін тітіркендіргіштерді жойдық, – деді дәрі­гер.
АСИТ ем-домын қыста жүргізген тиімді екен. Әрине, бұдан екпені салдырып алсам, жайбарақат өмір сүре беремін деген қате пікір тумауы керек. Мамандар терапия кезінде де аллергия туғызушы аллергеннен мейлінше қашық жүріп, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді. Ауруға дұрыс көңіл бөлмесеңіз, оның соңы қауіпті дертке ұласуы әбден мүмкін.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button