Басты ақпаратҚала мен Сала

Алматы ауданы: Берекелі істер бастауы

Еліміздің бас қаласы күннен-күнге өркендеп, қанатын кеңге жайып келеді. Осынау әсем Астананың ажары мен абыройын асқақтатуда елорда аудандарының үлесі басым. Бүгінде оларды дамыту, тұрғындарға жайлылық тудыратын аулалар мен алаңдарды талапқа сай ету бағытында игі істер атқарылуда. Бұл ретте Алматы ауданы қай жағынан алып қарасақ та белсенділік танытуда.

Жалпы аумағы 154,71 шаршы метр жерді алып жатқан аталмыш аудан халқының саны бүгінде 322 мыңға жуықтады. Газетіміздің осы санында елорданы көркейтуге елеулі үлес қосып келе жатқан Алматы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тыныс-тіршілігіне тоқталғанды жөн көрдік.

Жолдар жөнделіп жатыр

Жыл өткен сайын сәулеті мен дәулеті өркендеген елорданың ең маңызды нысандарының бірі – жолдары. Көлік пен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар кең әрі тегіс болса, онда қала тұрғындарының да көңілі жайлы болатыны анық. Сондықтан да Астана қаласында жол жөндеу және жол құрылысы жұмыстары ешқашан толастаған емес.

Алматы ауданындағы оңтүстік-шығыс шағын ауданының сол жағында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 9 шақырымнан асатын 9 нысанда, атап айт­сақ, Қозыбасы, Бурабай, Есіл, Бұқтырма, Жайық, Дегерес, Еділ, Ақарыс, Ертіс көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Осы көшелерде инженерлік коммуникациялар салу, тротуарларды жайластыру, жарықтандыру, ағаш отыр­ғызу жұмыстары жалғасуда.

Бүгінгі таңда 2 қосымша нысанды жобалау жұмыс­тары басталды. Мәселен, Қобыланды батыр көшесі, Бурабай көшесінен ­Р.Қошқарбаев даңғылына дейінгі учаскеде және Хантау көшесі, Еділ көшесінен Бурабай көшесіне дейінгі учаскеде жобалау жұмыс­тары жүргізіліп, жоспар бойынша 2023 жылы аудан аумағындағы Ш.Құдайбердіұлы даңғылы мен Ғ.Мұстафин көшесінен Р.Қошқарбаев даңғылына дейінгі учаскеде жол жабыны жаңартылып жатыр. Айнакөл көшесі, Абылайхан даңғылынан М.Төлебаев көшесіне дейінгі учаскеде, Қордай көшесі, Б.Момышұлы көшесінен Р.Қошқарбаев даңғылына дейінгі учаскеде және Р.Қошқарбаев даңғылы бойындағы ішкі жүру жолы, М.Жұмабаев даңғылынан С.Нұрмағамбетов көшесіне дейінгі учаскеде жол жабындары да жаңартылуда. Сонымен қатар Бурабай көшесінде, Абылайхан даңғылынан М.Төлебаев көшесіне дейінгі учаскеде, Таскескен көшесінде, Обаған көшесінен Берен көшесіне дейінгі учаскеде, Р.Қошқарбаев-әл-Фараби даңғылдарының қиылысы учаскесіндегі жол айрығының шығу жолдарына жаңа асфальт төселді.

Ағымдағы жылы Балқантау көшесінде, Обаған көшесінен Ақыртас көшесіне дейінгі учаскеде, Б.Момышұлы даңғылы бойындағы ішкі жүру жолы, Тәуелсіздік даңғылынан Қ.Сәтбаев көшесіне дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Шағын ауданның оң жағындағы инженерлік желілерді, атап айтсақ, сумен жабдықтау су бұру және нөсер кәріздері желілерін салу жөніндегі жоба келісу кезеңінде. Қазіргі уақытта 45 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары аяқталуға жақын.

Қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді

Алматы ауданында бастап­қыда 4 қоғамдық кеңістікті жайластыру жоспарланған болатын, алайда тұрғындардың өтініштері бойынша олардың саны 8-ге дейін ұлғайтылды. Соның ішінде Ақбұлақ өзенінің жағалауындағы серуендеу аймағы және ­К.Әзербаев көшесіндегі скверде, Ақбұлақ өзенінің жағалауы мен Триатлон саябағында боксқа арналған аймақта және Қордай, 100 жанындағы сквер мен А.Храпатый көшесі бойындағы скверде, Р.Қошқарбаев-Тәуелсіздік даңғылдары қиылысындағы скверде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Осылайша, аудан аумағындағы күтімсіз қалған учаскелер мен бос орындар саны айтарлықтай азайып, қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын жайлы және денсаулығына пайдалы түрде өткізе алатын жаңа тартымды орындар көбейді. Бүкіл абаттандырылған аумақта жаңа жарықтандыру пайда болды және 100-ге жуық түрлі ағаштар, атап айтсақ, жөке, тал-терек және бөртегүл отырғызылды.

Тұрғындардың өтініші бойынша биыл аудан әкімдігі алғаш рет жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жайластыру жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте 18 учаске қамтылды, оның 10-ы әлеуметтік нысандардың жанына төселді. Сондай-ақ 6 000 шаршы метр жерге брусчатка жабыны жабдықталып, ауыстырылды. 13 көпір мен жол айырығы боялып, қалпына келтірілді. 150 контейнерлік алаң жөнделіп, 60 контейнерлік алаң жабдықталды, 400 урна мен орындықтар боялып-жөнделді және 700 көше урналары ауыстырылды. Өткен жылы Бейбітшілік және келісім сарайы аумағында амфитеатр, қаланың оң жағалауында тағы бір жаяу жүргіншілер жолы, «Встреча» сауда үйі жанындағы қоғамдық кеңістік, «Бейбітшілік және келісім» саябағы, қалалық алаң жаңартылды.

– Біз үшін тұрғындар үйінің жанында абаттандырылған саябақ немесе алаңның болуы өте маңызды. Ауданымызда жаңадан абаттандырылған кеңістіктерде ойын алаңдары, ойын және демалыс аймақтары, футбол алаңы, әткеншектері бар шатырлар, орындықтар орналасқан. Биыл тағы 4 қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі Мақсат Саматұлы.

Көгалдандыру – көптің ісі

Ауданда көгалдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жыл басынан бері 2 600 ағаш, 506 мың біржылдық гүлдер, 33 мың сәндік бұталар отырғызылып, 11 488 шаршы метр жерге жаңа көгалдар төселді. Жыл соңына дейін 8 мекенжай бойынша 2 300 ағаш отыр­ғызу көзделіп отыр. Азаматтардың бастамалары мен ұсыныстарын ескере отырып, аудан аумағын дамытуға және абаттандыруға бағытталған «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Алматы ауданында биыл барлығы 9 000-нан астам ағаш және 12 500 көпжылдық және сәндік-гүлді бұталар отырғызу жоспарлануда.

Өткен жылы шарт шеңберінде 8 000 данадан астам ағаш, 21 000 шаршы метр жерге гүл отырғызылып, 23 200 шаршы метр жерге көгал егілсе, қызмет көрсетуші ұйымдармен бірлесіп 6 аулаға 90 дана ағаш отыр­ғызылды және оларды күту, бұталарды кесу, тарау, шабу, жерді қопсыту, арамшөптерден арылтып, азықтандыру, химиялық өңдеу және жасыл желектерді суару жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Бағдарлама аясында жергілікті-суару жүйесін абаттандыру және жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Көктемгі экологиялық айлық аясында Президент саябағының, №70 мектеп-лицейдің, Индустриалды парктің, Есіл өзенінің жағасындағы саябақтың аумағында екі мыңнан аса ағаш отырғызылды.

Алматы ауданында әлеу­меттік нысандардың мәселесі де жыл өткен сайын шешіліп келеді. Мәселен, жаңа оқу жылында Қарқабат көшесіндегі №53 мектепке жапсарлас 600 орындық қосымша құрылыс салынады. М.Төлебаев көшесінде 1000 орындық тағы бір мектеп құрылысы басталады. Жоспар бойынша сол көшеде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады.

Сондай-ақ ауданның аулалары мен көшелерін су басуға байланысты, «Халықтық қатысу бюджеті» шеңберінде 53 мекенжай бойынша су бұру жүйесін жайластыруға шарт жасалды, бүгінгі таңда 14 учаскеде жұмыстар аяқталды, жыл соңына дейін 39 мекенжай бойынша жұмыстар аяқталады.  Железнодорожный тұрғын алабында ұзындығы 1,6 км арық-науа желісі жабдықталады.

Санитарлық тазарту басталды

Ауданның санитарлық тазалығын 18 мердігерлік ұйым қамтамасыз етеді, жазғы кезеңде 600 жол жұмысшысы және 130 бірлік техника, қысқы кезеңде 625 жұмысшы және 512 бірлік техника жұмылдырылады. Өткен қыста аудан аумағынан 1 млн 250 мың текше метр қар шығарылды. Күн сайын рұқсат етілмеген полигондарды анықтау және жою жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 9 250 тонна қоқыс шығарылды.

Ауданда барлығы 444 аялдама кешені бар, оның 241-і – аппарат балансында. 41 – жылы және 7 аялдама жеке инвестор есебінен орнатылған. Ағымдағы жылы инвесторлармен бірлесіп тағы 7 жылы аялдама кешенін орнату жоспарлануда.

Ауданның мобильді тобы күн сайын заңсыз орнатылған павильондарды анықтау бойын­ша жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері осындай 59 павильон анықталды, оның 40-ы жөнге келтірілуде, қалған 19-ы бойынша қазан айының соңына дейін жөндеу-қалпына келтіру жұмыс­тары жоспарланған. Бұдан бөлек, «Астана жарнама» КММ бірлесіп ғимараттардың қасбеттерінен заңсыз жарнамаларды алу жүргізілуде. Бүгінгі таңда Тәуелсіздік, Б.Момышұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Р.Қошқарбаев, Қ.Сәтбаев, Шарль де Голль, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабындағы 25 көше мен 670 нысанды қамтитын 1070 жарнамалық белгілер, дренаждық құрылымдар, дөңгелектердегі жарнама алынды. Ауданда дизайн-код жобасы бойынша сыртқы безендіруді бір ізге келтіру, билбордтарды, қасбеттерді, маңдайшаларды және басқа да ақпараттық құрылымдарды жаңа стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.

Алматы ауданында 20 500-ден астам шам бар, оның 18 960-ы, яғни 93%-ы жарықдиодты шамдарға ауыстырылды. Үйлердің кіреберістеріне 1 000-нан астам шам және саябақтар мен скверлерде 340 жарықтандыру тіректері орнатылды. Қасбетті жарықтандыру бойынша Б.Момышұлы даңғылы бойындағы №24 үйде жұмыстар толығымен аяқталды. Аудан аумағындағы 8 ғимарат қасбеті муралмен безендірілген.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button