Мәдениет

«Алпамыс» – «Астана Опера» сахнасында

20 ақпанда «Астана Опера» театры композитор Еркеғали Рахмадиевтің музыкасы мен Кәукен Кенжетаевтың либреттосына жазылған «Алпамыс» ұлттық қаһармандық операсын көрермен назарына ұсынады.

Спектакльдің қоюшы режиссері болып Ресейдің Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александров еңбек етті. Музыкалық жетекшісі әрі қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. Ал кеңесші ретінде композитордың қызы Найля Рахмадиева шақырылды.

Түркі халықтарының көпші­лігіне ортақ Алпамыс батыр туралы хикаяны желі еткен жаңа қойылымның айрықша ерекшелігі – оның стилистикасы. Халық эпосы фэнтези түрінде сахналанып, көрнекі әсерлер арқылы жетілдірілген, осылайша қазіргі заманғы талғампаз көрер­мен керемет музыкадан ләззат алып қана қоймай, әрқашан зұлымдықты жақсылық жеңер ертегінің си­қырлы әлеміне терең бойлайды.

Спектакль режиссері Юрий Александровтың пайымдауынша, ғажайыптармен және түрленулермен қатар, сахнада шекспирлік құштарлық та қыза түседі. Бұл ретте басты кейіпкер Алпамыс романтикалық тұрғыдан танылған. Ол бес қаруын сайлаған батыр ғана емес, сезімге берік, махаббатқа адал жан, бұл, режиссердің пікірінше, ұлттық эпос кейіпкерлеріне ерекше тән қасиет.

Ауқымды батырлық-эпикалық операны елге танымал сахна майталмандарымен қатар, жас әншілер де орындайды. Алпамыс партиясын Алтынбек Әбілда, оның сүйіктісі Гүлбаршынның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл ­Ниязова ұсынады. Ана – Салтанат Мұратбекова, Тайшық хан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Қаракөз – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Жырау – Хайдар Мұстапин, Мыстан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Кейқуат – Мерей Қадырханов, Қараман – Бейімбет Таңарықов, Ұлтан – Рамзат Балакишиев, Тазша – Аян Жаймағанбетов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button