Басты ақпаратМәдениет

«АЛПАМЫС» ПЕН «ЕР ТӨСТІК» – АСТАНА САХНАСЫНДА   

Астананың өнер ұжымдары ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын тамырын тереңнен тартатын туындылармен ұлықтауда. Баршамызға бала кезінен таныс эпостарды сахна өнері арқылы жаңғыртып, көрерменге ұсынуда.

er

Жақында ғана М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Алпамыс батыр» қаһармандық эпосы негізінде «Аманат» спектаклінің премьерасы өткізді. Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы жоғарыдағы эпостың желісімен музыкалық театрландырылған қойылымды қойды. Ал Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры кішкентай көрермендерге «Ер Төстік» халық ертегісін ұсынды.

Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев осыдан он шақты жыл бұрын «Абылай хан» операсын тәуелсіздік мерекесіне тарту етті. Ал «Алпамыс» операсын композитор кеңес заманында (1973 жылы) жазды. ҚР Композиторлар одағының мүшесі, республикалық байқаулардың лауреаты Арман Жайым азаттығымызға 25 жыл толып отырғанда бұл туындыны жаңғыртқандай болды.

alpamys-filarmoniya

 «Астана» концерт залында өткен «Алпамыс» музыкалық театрландырылған қойылымы либреттосының авторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов. Әке мен баланың тандемінің туған бұл қойылымға елордалық филармонияның Казақ оркестрі, «Шалқыма» халық би ансамблі және жеке орындаушылары қатысты. Мәселен, қарт жыраудың рөлін Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұрай Танабаев сомдады. Бас кейіпкерлер Алпамыс пен оның сүйіктісі Гүлбаршынның бейнелерін сомдау Аян Омаров пен Лаура Мұқаева бұйырды. Ал Тайшық ханның рөлін Данияр Мұқан ойнады.

Сонымен «Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген еліңде» өткен оқиғалар Астана сахнасына көшіріліп, көрермендер сол заманға барып қайтқандай болды.

er-1

Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры ұсынған «Ер Төстік» халық ертегісіне келсек, оны сахналаған режиссер ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. ҚР еңбек сіңірген әртісі – Жанат Чайкина мен мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлбаршын Қылышбайдың баяндауымен тарқатылатын ертегі желісі балалық шаққа жетелейді. Спектакльден Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысар сынды бас кейіпкердің сенімді серіктерімен де жолығамыз. Қиял-ғажайыпқа толы шығарманың тәрбиелік мәні зор. Қаллекиліктер оны сахналап, кішкентай көрермендерге тамаша тарту жасады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ    

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button