Руханият

Алпыс ағаға татитын тұлға еді

Жылқыбай ағаның өмірден өткеніне де бір жыл болыпты… Зымыраған уақыт еске алуға да мұрша берер емес. Тіршіліктің қамыты желкені жауыр қылған шақтарда өткенге мойын созып қарайтын сәттер болады. Санаңды сілкитін, тәубеңе түрткі болатын естеліктің бірі Жықаң жайында.

Жасым қырыққа жақындаса да, ағалардың алдын аз көріппін. Мүмкін бұл менің өзіме ұқсас мінезді іздеуімнің салдары шығар. Бұл үшін өкінбеймін. Өйткені жалғыз Жықаңның өзі алпыс ағаға татитын тұлға-тұғын. Мен үшін, әрине.

Астананың қалыптасу кезеңі көз алдымда өтті. Жұрт жапа-тармағай қозғалып жатқан 2000 жылдардың басында мен де ел қатарлы Есілге еңсе тіктеуге келдім. Қайнаған құрылысқа араласып, тапқан нәпақаның оқуға түсуге құрастырып, үлкен үмітпен жүрген шақ.
2005 жылы өндірістік жарақат алып, екі мәрте операциядан өттім. Сөйтіп ауыр еңбекке жарамсыз болып қалдым. Не істемек керек? Сөздің басын құрастырып, той басқаруға кірістім.

Кезекті бір тойдың үстінде Айдар есімді ағамыз мені жеке шақырып алып, аяқ астынан журналист болғың келе ме деп сұрады. Жастықтың жалыны шығар мүмкін. Екі сөзге келместен, әрине, дедім. Бұл енді ұзақ әңгіме. Осы кездесу менің алдағы тағдырымды шешті деуге болады. Көп ұзамай Жылқыбай Жағыпарұлымен таныстым.

Өмірімде алғаш рет газеттің редакциясына кіріп тұрмын. Айдар ағай «қазір күте тұрайық. Бүгін бұларда газет күні, мазалауға болмайды» деді. Осы сәтте менің бойымды түсі- ніксіз қорқыныш биледі.

– Әй, Ербол-ай, үлкен кісіні әурелеп, қолыңнан келмейтін іске неге сөз бердің деген үрей. Өзіммен өзім іштей сандырақтасып отыр­мын. Осы сәтте «Бандыны қуған Хамиттегі» мына бір сөз есіме түсті. «Әй Құдыре! Кіреріңді білгенде, шығарыңды неге ойламадың» деуші еді ғой. Мен де шығарымды ойлап отырмын. «Ештеңе жоқ, адамның істегенін адам істейді. Сенің қолыңнан келеді деп» өзіме серт бердім.

Жан-жағыма қарасам, қайнаған құбылыс. Қыз­дар, жігіттер қолдарында қат-қабат қағазбен жүгіріп жүр. Жықаң төр жақта отыр. Көзәйнегі мұрынның ұшында ілініп тұр. Шұқшиып әлдебір қағаздарға қадалып отыр. Орта бойлы, қима мұртты, сарылқау кісі екен. Аяқ астынан айқай салды. Редакцияның барлығы сол кісінің қасына үйіріле қалды. Мен әлі де болса қорқыныш үстінде отырмын. «Не боп қалды? Неге ұрсып жатыр» деп мені осында ертіп әкелген Айдар Қасымұлынан сұрадым.

– Мән берме. Газет деген тірі организм сияқты. Ал біздің Жылқыбайлар керек десең газетті жеуге дайын. Көрдің бе, әнекей? Мақаланың тақырыбы үшін үлкен шу шығып жатыр. Жылқыбай саған дейін талай шәкірт тәрбиелеген. Сені де тәрбиелейді, уайымдама, – деп сенім ұялатып қойды.

Кешқұрым жұмыс аяқ­тал­ды. Түсінгенім, газетті басуға жіберді. Бас редактор Жықаңның түрі шаршаңқы. Бұрыштағы үлкен үстелдің басында таныстық.

– Айдар, досымсың ғой. Сен адам танитын адамсың. Бұл жігітті де бақылап көрейік деді.

– «Ел» деген – республикалық газет. Өзің сияқты жастар жүр. 2-3 еркін тақырып беремін. Жазып алып кел, содан соң сөйлесеміз, – деді. Сол күні екеуі шаршағанды басуға кетті. Ал мен болсам 8-автобусқа отырып, қалың жұрттың арасында жазатын мақаламды қиялдап барамын.

Өтірік айтып не қылайын? Жазған мақалам қате-қате, мәні, сөлі жоқ. Қызыл сөзге тұнып тұр. Жықаң жарықтықтың адамгершілігін кейін түсіндім. Мына сөзі есімнен кетпейді.

– Ерболжан, мен сені қуып жіберуге қимай тұрмын. Үлкен үмітпен келдің. Оған Айдар да, мен де кінәлі емеспін. Үмітіңді сөндіргім келмейді. Мен саған журналистиканың негіздерін үйретейін. Жалқау болмасаң, алып кетесің. Мен оған сенемін, – деді.

Арада 7 ай өтті. Газеттің бетіне менің бір емес, бірнеше мақалам шығып жатыр. Жылқыбай аға туған әкемдей болып кетті. Тіпті түскі асқа дейін алып береді. 5 мың теңгеден басталған айлығымды директор ­Қойшыбай ағадан қайта-қайта сұрап, 70 мыңға жеткізді. Жазуды үйрендім. Журналистикадан достар таптым. Тұрмыс та түзелген сияқты.

Жылға жетпей мені телеарнаға жұмысқа шақырды. Барып бағымды сынап көріп едім, 15 адамның ішінен өтіп кеттім. Жықаңа келіп жағдайды түсіндірдім. Тағы да сол адамгершілік. Басқа біреу болса «басымды қатыр­ма, мен сені адам қылған, ешқайда бармайсың» деуші еді. Ал Жықаң болса ақылын айтып, батасын берді. Сенің қабілетің, күшің, мінезің бар. Сенімен тек мақтанып жүрейін деп ақ жол тіледі.

2010 жылы журналис­тер арасында республикалық конкурс болды. 400-ден астам БАҚ қызметкері «Конгресс-холдың» ішінде жүлдегерлердің есімін күтіп отыр­мыз. Бас жүлденің біреуі маған бұйырды. Қомақты сыйлығы бар. Бір күннен соң Жықаңа звондадым.

– Әлі талай марапат аласың. Бірақ журналистің биліктен марапат алуы жақсы құбылыс емес. Советтік дәуірдің сіңіргені ғой. Ал демократиялық қоғамның тілшісі марапатқа тіленбеуі керек. Бірақ мен сені сонда да құттықтаймын. Баяғы табалдырықтан аттап келген жеріңді ұмытпа. Сені маған Құдайдың өзі айдап әкелді. Ал мен Құдайдың аманатына қиянат қылмадым деп ойлаймын. Сол үшін қуанып тұрмын, – деді Жықаң.

Жылқыбай ағамен қайтарынан екі ай бұрын сөйлестік. Жетпіс жасқа дайындалып жатқанын айтты. «Келін қалай, кішкентайлар қалай, өсіп жатыр ма? Соларға көбірек мән бер, солардың қабілетін ашуға көбірек күш сал» деп ақылын айтты.

Бір реттеліп алсам, жеңешем екеуін үйге ет асып шақырамын ғой деп жүр едім. Қаңтарда қаралы хабар жетті. Қол жайып, дұға қылдық. Әр жұма сайын дұғама Жықаңды қосамын. Былтыр көктемде басына арнайы барып қайттым. Шүйкімдей төмпешік сол қалпында жатыр…

Ербол МӘНДІБЕК,
журналист

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button