Мәселе

Алпыс үш адамды алдап соқты

Елордалық полиция қызметкерлері алаяқтық іс-әрекеттер жасады деген күдікпен Шымкент қаласының 36 жастағы тұрғынын ұстады. «Kolesa.kz» сайты арқылы автобөлшектерді сату сылтауымен ер адам аңқау азаматтардың 4 млн 500 мың теңге көлемінде ақшалай қаражатын иемденген.

[smartslider3 slider=3678]

Тергеу барысында күдікті автобөлшектерді жеткізіп беруге уәде етіп, автобөлшектер сатамын деп сайтқа хабарландыру берген. Ол интернеттегі басқа адамдардың жарнамаларынан сатылатын тауарлардың фотосуретін тауып, оған нарықтық бағадан төмен баға қойып, арам ойын жүзеге асырғысы келген. Бұл жәбірленушілердің назарын аударған.

Келіссөздер барысында күдікті тауарлар салынған көліктің сатып алушы тұратын жаққа жөнелтуге дайын екендігіне сілтеме жасай отырып, әлеуетті сатып алушыларды алдын ала төлем жасауға асықтырған. Аңқау азаматтар оған ақша аударған, содан кейін ол бар жарнамаларды алып тастап, байланысқа шықпай қойған.

«Ер адам осындай 63 эпизод бойынша күдіктенуде. Барлық фактілер жинақталып,  ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі «­алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс сотқа жіберілді, күдікті 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді Криминалдық полиция басқармасы бөлімінің бастығы Талғат Бөлегенов.

Ағымдағы жылдың басынан бері Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 2295 интернет-­алаяқтық тіркелді, олардың негізгі бөлігі Интернет желісінде тауарларды сатуға байланысты болып отыр. Көбіне адамдар тауарларын қолдарына алмай жатып, алдын ала ақшасын жібереді. Бұл дұрыс емес. Сондықтан алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін интернет-сатып алушылар:

– елдің басқа өңірінде орналасқан автокөлікті немесе қосалқы бөлшектерді сатып алған кезде таныстарынан немесе туыстарынан оның бар-жоғы мен жай-күйіне көз жеткізуін сұраңыз;

– тауар үшін алдын-ала төлем жасамаңыз, әсіресе егер сіз мәміленің заңдылығына күмәндансаңыз. Тауарды алғаннан кейін төлем туралы келісуге тырысыңыз.

– сатушыдан тауардың суретін алуға немесе бейне қоңырау шалуға тырысыңыз. Егер сатушы кез келген сылтаумен бұны істеуден бас тартса, бұл күмәнді екенін түсініңіз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button