Мәдениет

Алпыс жыл әнмен әлдилеп…

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы өзінің алпысыншы мерейтойлық концерттік маусымын ашты. Бұл маусым Халықаралық музыка күнімен тұспа-тұс келді.

Өнердің киелі ордасын 60 жылдық мерейтойымен алғашқылардың бірі болып ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтады.
Құттықтаулар легін қазақтың бұлбұл әншісі, халық әртісі Бибігүл Төлегенова жалғастырды.
– «Қазақконцерттің» торқалы тойы құтты болсын! Жамал Омарова, Роза Бағланова, Шара ­Жиенқұлова, Рабиға Есімжанова, Жүсіпбек ­Елебеков сынды аңыз тұлғалардың есімімен байланысты ұжымның мәдениет саласында алар орны ерекше. Қазіргі уақытта бұл мекеме қанатын кеңге жайған ірі мәдениет ордасына айналды. «Қазақконцерт» ұйымы өркендей берсін, қазақ өнері асқақтасын! – деп жеткізді Бибігүл Ахметқызы. Сондай-ақ Ескендір Хасанғалиев, Байғали Серкебаев, Бекболат Тілеухан, Арман Жүдебаев секілді белгілі өнер тұлғалары және Өзбекстан мемлекеттік филармониясының ұжымы, Өзбекстан Ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері Алибек Кабдурахманов сынды шетелдік әріптестер де өз құттықтауларын жолдады.
Концерттік ұйым мерейтойлық маусымын «Қазақконцерт әлемі: бізге 60 жыл!» атты жобамен ашты. Көрермендерсіз өтетін концерт пен бенефис-шоудың телевизиялық нұсқасы «Хабар» телеарнасынан жақын уақытта көрсетіледі. Жоба барысында өнер сүйер қауым 1960 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі қазақ музыка өнерінің тарихына музыкалық саяхат жасап, баршаға танылған хит әндер мен жаңа туындыларды тыңдай алады. Мерейтойлық жобада Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Жеңіс Ысқақова, Димаш Құдайберген, Мөлдір Әуелбекова, Құрмаш Махан, Алишер Каримов, Әміре, «Дос-­Мұқасан» ансамблі, «Музарт» тобы, т.б. «Қазақконцерт» ұйымының өнер ұжымдары мен белгілі солистері өнер көрсетті.
«Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлының айтуынша, бұл – алпыс жылдан бері қазақ елінің жансарайын әсем әуенмен жадыратып жүрген киелі қарашаңырақ тарту ететін жаңа жобалардың бастамасы ғана.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button