#Жаңа Қазақстан

Алқаби – абыройлы міндет

2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жүзеге асып келе жатқан алқабилер соты – сот төрелігін жүзеге асыру нысандарының бірі. Алқабилер сотының болуы сот төрелігінің және қоғамның жоғары демократиялығын көрсетеді. Алқабилер алқасының міндеті – процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелердің негізінде адамның кінәлілігін немесе кінәсіздігін анықтау. Олар істі құқықтық тұрғыдан емес, өмірлік тәжірибе, адамгершілік, даналық тұрғысынан бағалайды. Ал жазаның өзін «ар-ожданымен» шешім қабылдайтын қарапайым адамдардың кесімі негізінде кәсіби заңгер – судья анықтайды.

Астана қаласының қылмыс­тық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2023 жылдың алғашқы екі айында алқабилердің қатысуымен 2 қылмыстық іс қаралып, айыптау үкімі шығарылды.

Кейінгі кезде сот қызметкерлері азаматтық борышын өтеу мақсатында азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Алқабилер деген кімдер? Көпшілік адамдар оған мән бере бермейді. Негізі Алқабилердің тізімін облыс­тағы сайлаушылар тізімін негізге ала отырып облыс әкімдігі ұсынады. Осы тізімге енгiзiлген, одан шығаруға заңды негiзi жоқ азаматтардың өз мiндеттерiн орындаудан бас тартуға және сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатыспауға құқығы жоқ. Сот отырысының басталатын орны мен уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін сотқа келуге міндетті. Азаматтың алқаби мiндеттерiн орындау үшiн сотқа шақырылған уақытта себепсiз келмеуі Қазақстан заңында белгiленген ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу түрінде жазалануы мүмкін.

Сондай-ақ алқабилерге кандидаттардың тізіміне алқабилердiң тiзiмiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған; өтелмеген не алынбаған соттылығы бар; сот әрекетіне  қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар; судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi; психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді.

Алқабилікке үміткерлер тізіміне азаматтарды енгiзу барысында олардың шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi. Қылмыстық iс жүргiзу тiлін бiлмейтiн; дене немесе психикалық кемістіктеріне байланысты алқабилердің қызметін атқара алмайтын; алпыс бес жастан асқан егде адамдар және дін қызметкерлері жазбаша өтiнiшi бойынша алқабилерге кандидаттардың тiзiмiнен шығарылады.

Тағы бір айта кетерлігі, аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адам iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы сотқа өтiнiш жасауға құқылы. Судьяның қаулысымен алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысуға шақырылатын үміткерлер саны, негізгі сот талқылауының күні мен уақыты айқындалады. Үміткерлер тізімі жыл басында бекітілген тізімнің ішінен автоматты түрде іріктеледі. Алқаби ретінде қылмыстық істі қарауға қатысқан адамдарға бюджет қаражаты есебiнен аудандық сот және оған теңестiрілген сот судьясының (1 жылға дейін өтілі бар) лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) барабар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленедi. Сондай-ақ іссапар шығындары төленеді, ол үшін шығындар туралы қажетті құжаттарды (жол билеттері, жалға алу және т.б.) ұсыну қажет. Сотта алқабидiң мiндеттерiн атқару уақыты еңбек өтілін есептеген кезде есепке алынады. Алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi. Алқабилердің шығарған үкімі елдегі заңдылық пен тәртіптің беделін арттырады, тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті орнатуға ықпал етеді. Азаматтарға, алқаби болу – Қазақстан Республикасы азаматының абыройлы міндеті екенін түсінген жөн.

Қамажай ӨМІРОВА, Астана қаласы

қылмыстық істер  жөніндегі мамандандырылған ауданаралық 

сотының кеңсе меңгерушісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button