Құқық

Адам тағдыры – алқабилер қолында

 Елімізде алқабилер соты 2007 жылдан бері қолданылып келеді. Мұндағы негізгі мақсат – сот төрелігін жүзеге асыруға азаматтарды көбірек қатыстыру, сөйтіп, заң үстемдігінің салтанат құруына қол жеткізу. Міне, осы бағытта бас қаламызда қандай оң қадамдар мен орын алып отырған қиындықтар бар?  Бүгін біз осы мәселелер төңірегінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әділхан Шайхисламовты әңгімеге тартқан едік.

–        Әділхан Шайхисламұлы, қазіргі кезде елордада алқабилер сотының жұмысы қай деңгейде?

–   Елбасының бес институционалдық реформаны жүзеге асыру тұрғысындағы  100 нақты қадам ұлт жоспарында   алқабилер міндетті түрде қатысатын қылмыстық істер санаттарын заң жүзінде айқындау керектігі туралы тұжырым айтылған болатын. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабына сәйкес сотты алқабилердің қатысуымен жүргізу кейінгі кезде тәжірибеде кеңінен қолданылып келеді.

Алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу судьялардың міндеттері мен оларға жүктелген жұмыстың орасан зор қиындықтары туралы халық арасында шынайы пікір қалыптастырып, бұқараның сот жүйесіне деген сенімін нығайта түседі. Сонымен қатар, алқабилер институты — қоғамның даму деңгейін анықтаудың да өзіндік бағыт-бағдары  іспетті.

Азаматтық қоғамның, құқықтық танымның дамуына және еліміздегі сот жүйесінің демократиялануына, сот талқылауының жарыспалылығынқамтамасыз етуге байланысты алқабилер институтының рөлін нығайту мәселесі бүгінде бұрынғыдан даөзекті бола түсті. Сондықтан  алқабилер соты институтын жетілдіре түсудің әлеуметтік-құқықтық жағына айырықша мән беріліп отыр.

Алқабилер алқасын қалыптастыру – ұйымдастырушылық та, процессуалдық  та шараларды тұтас қамтитын күрделі үдеріс. 2010 жылдан бері республикада аса ауыр қылмыстарды алқабилердің қатысуымен қарайтын  мамандандырылған соттар құрылды.

2016 жылғы заңға енгізілген жаңартуларға сәйкес  алқабилер қаты­сатын соттардың қарауындағы істер­дің аясы ұлғайып, қосымша төрт құрам­мен толықтырылды. Бұрын олар­дың алдына ату жазасына кесу мен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына тартылғандардың тағдырын шешу талабы қойылса, енді адам ұрлап, ауыр халге ұшырату және жасөспірімдерді зорлау қылмысы бойынша да олар кінәлілерге үкім шығаруға белгілі бір дәрежеде атсалыса алады.

–     Ал, алқабилер сотын кімдер жасақтайды? Осы төңіректе қандай түйткілді мәселелер бар?

–     Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, алқабилер мәжілісін өткізу үшін үміткерлердің тізімін жергілікті атқарушы органдар береді. Сол  үміткердің жасы жиырма беске толған, бұрын сотталмаған және жүйкесі сау, мемлекеттік қызметте істемеген адам болуы керек. Сонымен қатар,  алқабилер сотына үміткерлертізіміне азаматтарды енгiзуде шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, наным-сеніміне, тұрғылықты жерiне немесе басқа да кез келген мән-жайларға байланыстықандайда бір шек қоюға жол берiлмейді.

Алқабилерді  жасақтаудағы негізгі қиындықтардың бірі – істі қарау үшін сотқа шақырылған азаматтардың көбіне келмей қалуы.

Алқабилер алқасының қатысуымен қаралатын қылмыстық іс сотқа келіп түскен кезде жалпы тізімнің ішінен 200-300 үміткер шақырылса, кейде соның небәрі 25-35-і, яғни 10%-ы  ғана қатысады.

Мұндағы басты себеп – салғырттық болып отыр. Көбінесе жергілікті атқарушы органдар жасаған тізімдерде алқабиге үміткердің мекенжайы дұрыс көрсетілмейді немесе олар сол мекенжайда тұрмайтын болып шығады.

Ол ол ма, кейбір  жергілікті атқарушы органдар алқабиге үміткерлер тізіміне құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерін, бұрынғы әскери қызметшілерді немесе  мемлекеттік қызметкерлерді енгізіп, заңға қайшы әрекеттерге барады. Тіпті, жасы жиырма беске толмағандар да еніп кететін жайлар болды.

Айта берсе, мұндай жұмысқа немқұрайлы қарау, жауапсыздықтар сияқты олқылықтар жетіп артылады.

Кей жағдайда жергілікті атқарушы органдар үміткерлерді өздерімен келіспей, тізімге сырттайенгізіп, тіпті ол адамға ескертуді де ұмытып кетіп жатады. Азаматтар өзінің осындай тізімге енгізілгенін іріктеу үшін сотқа шақырылған кезде бір-ақ біледі.

Кей үміткердің алқабилер сотынақатысқысы келмейтінін ашық айтып, себепсіз бас тартатын жағдайлары да кездеседі.  Ал енді бірі тіпті алқабидің кім екенін білмейді. Оларды үміткер ретінде тізімге енгізгенімен, істің байыбына бармайды, сот төрелігіне қатысуы олардың азаматтық борышы екенін түсінбейді.

Осы айтылған жағдайлар алқабиге үміткерлердің  құрамын жасақтауда айтарлықтай қиындықтар туындатады.

– Алқабилер сотына түбегейлі өзгерістер қажет дейсіз ғой…

Істі қарау үшін алқабилер сотына азаматтардың  себепсіз келмеуі – біздің құқықтық мәдениетіміз бен құқықтық танымымыздың әлі де төмен екендігін де байқатады. Осы түйінді кешенді түрде, жан-жақты шешу жолдарын қарастыру қажет деп ойлаймыз.

         Ол үшін әуелі бұқаралық ақпарат құралдарында алқабилер соты институты туралы кеңірек насихат жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы А.Құрықбаевтың  жергілікті атқарушы органдардың жанынаналқабилердің тізімін жасайтын тұрақты комиссия құру туралы ұсынысы көңілге қонады.

Әрі осы тізімнің толық болуы үшін  жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарына нақты жауапкершілік жүктелуі керек.

Екінші сөзбен айтқанда, жергілікті атқарушы органдар алқабиге үміткерлердің тізімдерін бұрын сайланғандар негізінде емес,  мекемелер мен ұйымдар беретін нақты адамдардың тізімі негізінде жасауға міндеттелгені жөн.

Бұл сотқа алқабилерді азаматтық ұстанымы айқын, шын ниетімен осы жұмысты атқарғысы келетін нақты адамдардан іріктеуіне көмектесер еді.

Сотталушыға өз ісін алқабилерге қарату құқығының ұсынылуы Ата заңымыздағы азаматтың өмірі, құқы мен бостандықтары еліміздің басты құндылығы екенін білдіреді.Алқабилер өкілеттігімен әділетті сотқа қол жеткізуге болады. Әрі бұл сот билігінің тәуелсіздігіне, сот төрелігінің әділдігіне әкеледі. Халық өкілдері бар, яғни алқабилердің қатысуымен өткен сот мәжілістері  арқылы халықтың  сотқа деген сенімі де нығая түсері анық.

 

Сұхбаттасқан  Гауһарай ЕСІМОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button