Басты ақпарат

Алтай КӨЛГІНОВ: Өз жұмысыма сыни көзбен қараймын

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов жуырда «Azattyq ruhy» ақпараттық порталына сұхбат беріп, шаһардағы түйткілді мәселелердің шешімін ашық айтты. Бүгін сол сұхбатты ықшамдап жариялап отырмыз.

Үлескер мәселесі бір жылда шешілмейді

– Бас қаладағы үлескер­лер мәселесі қалай ше­шілуде?
– Мұндай мәселе болмас үшін ең алдымен жауапкершілік, тәртіп керек. Үлес­кер қалай пайда болды? Мемлекет құрылыс компанияларына сенім білдірді, қолдады. Алайда сенім ақталғаны былай тұрсын, халықты алдап, алаяқтық жасап, түрмеге отырғандар бар. Жартысы қашып кетті. Мәселе мемлекеттікі болып қалды. Мәселен, құрылысы тоқтаған 52 тұрғын үй кешені бар. Ол жерде 15 мыңға жуық отбасы далада қалды. Әрине, олар көмек сұрап әкімдікке келеді. Үй салу үшін бірінші жобалық-сметалық құжат жасалады. Одан кейін құрылыс жүргізуге ақша қажет. Кейбір құрылыс компаниялары котлованды қазып, я құжат жоқ, я ақша жоқ, үлескерлердің қаражатын алып, тайып тұрған. Үлескерлер мәселесі бір күнде, бір жылда шешілмейді. Бірақ біз біртіндеп оң шешімін тауып келеміз. 2019 жылы 10 үйді пайдалануға берсек, биыл 20 үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қалғандарын 2023 жылға дейін бітіреміз. Карантинге қарамастан, құрылыс жүргізу қиынға соғуда. Себебі біраз құрылысшылар ауырды. Құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар, өндіріс орындарының жұмысы баяу­лады. Барлық материал елімізден шықпайды. Лифт және т. б. шетелден әкелеміз. Осыған қарамастан, биыл 8 мың үлескерге үйінің кілтін береміз.

Газдың құны көмірден қымбат

– Елордаға газ тарту мәселесі елді елеңдетіп отыр. Қашаннан бастап қала тұрғындары «көгілдір отынды» тұтынады?
– Бас қалаға газ тарту – Елбасымыздың тарихи жобасы. Қазір «Көктал-1», «Көктал-2» шағын аудандарында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қырқыншы стансасындағы жұмыс 98 пайызға аяқталды. Сондай-ақ «Силикатный», «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданының оң және сол жағында көше-көшелерге газ жүретін тұрбалар тартып жатырмыз. 1-інші және 2-жылу электр орталықтары жылу беру маусымы басталғанша газбен жұмыс істеуге көшуі тиіс. Бұл жұмыс­тар біткенде қаланың экологиясы тазарады. Қыс­тыгүні жел жоқта, аязды күндері «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданында, Н.Тілендиев даңғылында ауаны түтін басып тұрады. Ол денсаулыққа зиян әрі көмір жағудың бейнеті зор. Егер толық газға көшсек, оның пайдасы көп: тазалық, денсаулық және бейнеті жойылады. Бірақ газдың құны көмірден қымбат. Бағасы туралы жақында айтамыз. Бүгінге дейін 1 мың шақырымдық магистралдық тұрба тарттық. Әрине, бұған көп қаражат жұмсалды. Енді көшелерге құбыр тартамыз. Мысалы, біз қаладағы 150 көшені жөндеуге кірістік. Соның ішінде 100-і – шеткі аймақтардағы көшелер. 150 ауланың біршамасы шеткі аймақтарда орналасқан.

Әрбір елді мекеннің өз проблемасы бар

– Елорданың шеткі аймақтары қалай дамиды?
– Қаладағы шеткі аймақ­тарда 16 аудан бар, мұның бәрі жеке секторға жатады. Онда 300 мыңға жуық халық тұрады. Бұл – астана халқының төрттен бірі, яғни әрбір төртінші адам шеткі аймақта тұрады деген сөз. Әрбір елді мекеннің өз проблемасы бар. Мысалы, Ильинка немесе Үркерді алайық. Ильинкаға барғанымда тұрғындары: «Бізде сол жағалаудағыдай қашан жарық самаладай жарқырап тұрады? Қашан көшеге аялдама, тротуар салынады? Бізде кәріз жүйесі неге тоқтап қалған? Балалар ойнайтын алаң қашан болады?» деген сұрақтар қойды. Соның бәрін жинақтап, біз бір жылдық жоспар жасадық. Көшелерді жөндеуге кірістік. Өткен аптада Ильинкаға бардым. Жоспарымыз бойынша жүзеге асырылып жатқан істерді көрдім. Ең бастысы, жол салынды, электр қуаты тартылды. Балалар ойнайтын екі үлкен алаң салынды. Емханаға көлік бердік. Мектептегі мәселелерді шешумен де айналысып жатырмыз. Кәріз жүйесі жөнделуде. Ол жерде жұмыс әлі бітпейді. Себебі халық саны өсіп келеді. Мәселен, жаңа оқу жылы басталғанша үлкен антенна орнатып, ғаламторды жақсартуды жолға қоюымыз керек. Міне, бұл – бір ғана шеткі аймақтың проблемалары. Басқаларының да түйт­кілді мәселелерін осылай рет-ретімен шешуіміз қажет.«Екінші Венеция» деп атау артық

– Толассыз жаңбыр жау­ғанда елорда неге «Вене­ция­ға» айналады? Бұл мәселе неліктен жылдан-жылға қайталана береді?
– Нұр-Сұлтанды «екінші Венеция» деп атау артық деп ойлаймын. Венецияны көзімен көрген адам айырмашылығын біледі. Мұндай проблема тек бізде ғана емес. Егер толассыз жаңбыр жауса, Лондонда да, Мәскеуде де солай болуы мүмкін. Тіпті кейбір мемлекеттерді су ша­йып кетеді. Проблема болмас үшін не істеу керек? Біріншіден, жердің астындағы құбырларды кеңейту, тазалау керек. Содан соң жүйелі түрде су ағатын жүйелерді бір-біріне қосқан жөн. Қазір осы жұмыс істелуде. Мысалы, Б.Момышұлы даңғылындағы жоба биыл күзде бітеді. Ол жердегі тұрбаның диаметрі 1 метр болса, соның ішінде 60 пайызы толып қалған. Сондықтан диаметрін 1800 метрге дейін кеңейтіп, темір-бетон тұрбалар орнаттық. Кәріз жүйелерін, суды жинақтайтын орындарды да кеңейттік. Екінші бір мәселе – Ж.Тәшенев көшесіндегі су жиналатын қоқыс орны. Көп жылдардан бері кәріз жүйесі тазаланбай, иісі де қолқаны атады. Оның үсті де ашық. Қазір осы қоқыс үйілген жердің орнына 43 мың текше метрлік үлкен су жинақтағыш салып жатырмыз. Тұран даңғылының бойында да осындай су жинақтағыш салынады. Негізінен, қаладағы көп су жиналатын жерлердің саны 130-дан асады. Бұл қаланың орналасқан ­рельефіне де байланысты.

Елорда – бюджеттің доноры

– «Елорданы еліміздің аймақтары асырап отыр» деген сөз рас па?
– «Бас қаланы аймақтар асырап отыр» деген – қате пікір. Әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Мысалы, бір өңірде – өндіріс, екіншісінде – ауыл шаруашылығы, үшіншісінде халыққа қызмет көрсету саласына басымдық беріледі. Елордамыз бірнеше жылдан бері донор болып республикалық бюджетке қаражат «құйып» келеді. Одан бөлек, шағын және орта бизнес өркендеуде. Бас қалада қазір 1 млн 200 мың халық бар. ІЖӨ-нің 55 пайызы – шағын және орта бизнестің бюджетке түсімдері. Яғни салық түсімдерінің жартысынан көбі – кәсіпкерлердің қаражаты деген сөз. Елорданың жылдық бюджеті 600 млрд теңгеден асады. Бюджеттің басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерге жұмсалады.60 млрд-тан аса қаражат түспей қалды

– COVID-19-дың салдарынан Нұр-Сұлтанның қазынасына қанша ақша түспей қалды?
– Індет қала экономикасына кері әсерін тигізді. Алайда Президент дер кезінде жариялаған төтенше жағдай және карантиннің оң ықпалы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Төтенше жағдай мен карантиндегі шектеулер шағын және орта бизнестің тіршілігіне де кері әсер етті. Жұмыс орындарын жабуға мәжбүр болдық. Себебі мыңдаған адам ұжымда жұмыс істейді. Ондайда вирус­тың таралу қаупі еселене түседі. Сол себептен жұмыс орындарының 75 пайызы уақытша тоқтады. Ол жерде бюджетке түсетін салық та, өндіретін өнім де, айналымдағы ақша да бар. Толық болжам жасау қиын, себебі ол жылдың соңында белгілі болады. Қазіргі есебіміз бойынша 60 млрд-тан аса қаражат жергілікті бюджетке түспеді. Жоспарымызға өзгеріс енгіздік. Президент жұмыспен қамту картасын қабылдап, соған сәйкес қаражат алдық. Нәтижесінде елордада 15 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады.

Індеттен сабақ алдық па?

– Күзде пандемия тағы күшейсе, бұған дейінгі мәселелер қайталанбай ма? COVID-19-дан сабақ алдық па?
– Індет қалаға, мемлекетке ғана емес, дүние жүзіне сабақ болды. Алпауыт мемлекеттердің өзі үлкен қиыншылықтарға ұрынды. Ауру айтып келмеді. Алайда біз де жедел қимылдадық. Біріншіден, қаладағы медициналық инфрақұрылым жәрдемдесті. Күн сайын тез арада бір аурухана аштық. Алғашында стационарда 3 аурухана болса, науқастар саны көбейгенде екі аптада 16-ға дейін жеткіздік. Күнделікті 500 адамға дейін науқастар түсті. Дәрі-дәрмектерге тапшылық болды. Қала бюджетінен ақша бөліп, 7-8 бортпен тасымалдадық. Қазір дәріханаларда дүрлігу жоқ. Пневмониямен ауырғандар 3,5 есеге, стационарда жатқандар 35 пайызға азайды. Жедел жәрдемге түсетін қоңырау саны 4300-ден 1000-ға түсті. Індетке шалдыққандар саны тәулігіне 500-ден 70-ке де­йін қысқарды. Осыдан сабақ алуымыз керек. Қоғамның әр мүшесі жауапкершілік сезінсе екен. Күзде індеттің екінші толқынының қаупі зор. Сол қауіпке дайын болып, тиісті жұмыстарды іске асыруымыз керек.

Менің жеке командам жоқ!

– Сіз кабинетте отырмай, қарапайым халықпен тікелей сөйлескенді қалайтын әкімсіз. Алайда 6 орынбасарыңыз бар екен…
– Әкімдердің жұмысы – халықпен жүздесу, сөзіне құлақ асу. Нұр-Сұлтанға әкім болғаныма 1 жылдан асты. Елордада шешілмеген мәселе көп. Басшылықтан бір орынбасар сұрап алдым. Ол үлескерлер мәселесімен айналысады. ­Өз-өзіме баға беруден аулақпын. Жұмысымыздың бағасын халық береді. Менің жеке командам жоқ! Біз мемлекеттік басқару жүйесінің бір бөлігіміз. Сенген адамыңды қызметке тағайындайсың, себебі өзің жауап бересің. Өз жұмысыма үнемі сыни көзбен қараймын!

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button