Жаңалықтар

Алтайдың кербұғысы

«Ертегілерден» еншімді алып болып, «батырлар жырынан» бәсіремді сұрап жүрген кезімнен Оралхан Бөкейдің шығармалары жайлы әңгімелерді жиі ести бастадым. Қызыл көз күннің көкжиектен шекесі көрінер-көрінбестен қылқұйрықтарын шұрқыратып, ана-ау апайтөс даланың ақселеулі жазықтарын бетке алатын әкем қолтығына осы бір сері жазушының кітабын қыстыра кететін.

Кешенің кемесінде кет­­кен сайдағы қой­­шы­дан сарай­дағы ханға дейін кітап­құмар сол бір кезге қызыға да қыз­ғана қараймыз. Қызығаты­ны­мыз – қас қарая үй бе­тін көретін әкеміз атын қаңта­рып, аяқ суытысымен ауыл­­дың ақсақал-қарасақал­да­ры біздің төрдегі кең дас­тар­хан­ға алқа-қотан отыра­тын­дағы, сонан соң ұзын­сонар әңгіменің тізгінін жі­бе­ретін-ай кеп. Жайлана отырып оқығандарын әңгімелейтін. Кейін Әзілхан Нұр­шайы­қов аға­мыздың бір сұх­ба­ты­нан оқыдым, қазақ­та осын­дай әңгі­ме­шілер бұрын­нан бол­ған екен. («Махаббат қызық мол жылдар» романы Ә.Нұр­­шайы­қов отырыстарда айтып жүр­ген «Қызыл көр­пе» әңгі­ме­сінің негізінде жа­­зыл­ған).

Осындай жиынды кештің бірінде Оралхан ағамызды «кезіктірдік». Балалықтың қиялы тым ұшқыр еді ғой. Әуелі оның бейнесін елес­тет­кенбіз. Иә, асылдың сыны­ғындай төңірегіне сәуле шаш­қан періште келбеті келген көз алдымызға. Сырты бір қоңыр бағлан болғанымен, іші бір кекті қабылан екенін аң­ғарт­қандай, елес бейне тістене сонау алысқа, Мұз­таудың аспан үстемдік ете алмаған асқақ шыңына ұзақ қара­ған. Сөйткен де, келер сәтте бір тулап, мүйізі ша­ңырақтай кербұғыға айналып шыға келген. Уа-а, уа-алап ағаш шарбақтан қарғып өткен де арманы ауған биігіне бұйырғынын аңсаған ботадай безектей жөнелген. Ежелгі рух мекені Мұзтауға қарай жүйткіген! Өзі түркі баласын толғатып тапқан ана-жер санайтын киелі мекенге, алтын бесікке қарай!..

Бұның рухани революция екенін сол кезде білмесек те, «Кербұғы» бізді қатты еліктірген. Сол сәтте Алтай дейтін сырлы тауға басылмас құмарымыз ауып, кеудемізде Оралхан ағамызға деген ұлы маххаббаттың мәңгілік алауы тұтанған еді.

Рас, Орағаң алғаш болып қазақтың бұғыға трансфор­ма­­­ция­ланған келбетін – кер­­­­бұ­­ғыны кеңес с­ойылын са­тыр­латып соғудан орыс­­тар­дың өзінен асып түс­кен қо­ғамға ноқ­талап, шыл­бырлап же­тектеп кірді. Кір­ді де түл­кі, бұралқы ит, қоян, сары­бас сона кейпін­дегі жұрт­­қа: «Мы­нау сенің кешегі кел­­бетің! Сен – сен емессің! Мы­нау сенсің! Анда­ғы саған телін­ен, сені айнал­дыр­ған түр», – деді. Дауы­сы жер жара ашынып айтты. Осы сәтте кербұғы да уа-алап қоя берген. Сол бір дауыс­тың құді­ретін айтса­ңызшы, бір демде әлгілердің бәрі табиғаттың ең баянды да бейбіт, кербез де керім төлі қозықа кейпіне енген. Араға біраз уақыт салып, әлгі қозықалар мүйізі қара­ғайдай кербұғыға айналып, желтоқсанда уа-алап алаңға шықты. Олар Оралхан Бө­кей салған ізбен Кеңестік қабырға-қамалды топ-топ бо­лып сүзгілей бастады. Асау кер­бұғылардың тегеурініне шыдай алмаған алып қабырға шытынап, келер сәтте бұрқ етіп құлады. Шашырап түс­кен тастарының арасынан ша­шылып жатқан ақ сөңке сүйектер көрінді. Олар осы қа­бырғаны салғызбаймыз деп атқа мінген шаһидтердің сүйегі еді.

Ақтанның («Мұзтау») өлген әкесінің қаңқасына табан тіреп, қараңғы үңгірден жарық әлемге шығып кет­ке­ніндей, шашылған сүйек­терді аттап өтіп, қаптаған бұ­ғы-қазақ Ақшоқы бейне­сіндегі ЕРКІНДІККЕ, ЕГЕ­МЕН­ДІККЕ қарай жөң­кіле жөнелді. Анау да («Сайтан­көпірдегі» анау-анау есіңізде ме? Кейіп-кеспірі жоқ анау – Кеңес Одағына Оралхан қойған ат) қарап қалған жоқ, артынан оқ боратты. Қо­зықа жұртын қорғаймын деп кеудесін оққа тосты кілең кер­бұғылар. Олар – Ер­бол, Қай­раттар еді. Кер­бұғыларын қан­сыратып тас­тап кетпейміз деп, бір топ марал әупілдей жылады. «Анау» өте мерген. Қор­ғансызға оқ жаудырудың шеберіне айналған ол ендігі сәтте маралдардың да бір тобын жусатып түсірді. Олар – Ләззат, Сәбиралар еді. Бірақ, қаншасы оққа ұшса да, қан кешіп негізгі топ Мұзтаудың – Егемендіктің етегіне ілінді. Бұл Оралхан ағамыздың же­ңіске жеткен көтерілісі еді…

Сезімге жеңіле сөйлесек «Кербұғы» әңгімесінен осылай ой өрбітер едік. Оның шығармашылығының ұлы сарыны, басты лейтмотивіне айналған осы кербұғылық бұлқыныс қазақ санасында жанартау болып атылып, ұлы көтерілістің бастауына айналған еді. Кербұғылық көтерілісті көкірегінде көзі, төбесінде саңылауы бар кез келген адам жаңаның басы, өшкенінің жануы, өлгенінің тірілуі деп қабылдаған-ды. Себебі, кербұғының аңса­ғаны ағаш шарбақтың (ке­ңестік қоршау) ар жағын­дағы азат­тық еді. Ол осындай керемет әдеби тәсілмен «Кербұғы» арқылы қазақты жазды.

Еркіндік – рухани өлшем. Тәні тар қапасқа қамалғаны­мен рухы еркіндігін жоғалт­паған жан аз ба? Ал, жалғанды жалпағынан басып, жегені алдында, жемегені артында жүрсе де, санасы құлдыққа түскен талай мүсәпірдің барына да әлем куә. Біз Оралхан ағамыз о бастан тәуелсіз, азат болғанына, ақыры құлдықтың бұғауынан босай алмай жүрген халқын кербұғы болып, азаттыққа бас­тағанына еш шүбә келтір­мек емеспіз.

Біреулер айтады: Оралхан тіптен де өлген жоқ. Ол керіскедей кер­бұғыға айналып, Ақшоқының басында ауалап, азан да қазан еркіндік елін гуілге бөлеп жүр.
Біреулер айтады: Ол өлмей тұрып-ақ рухы сонда жүрген.

Дабыл һәм «бунтовщиктер»

«Атаукерені» оқып бі­ті­сімен, бар пәле 1956 жылы генетик-селекционер У.Керр деген біреудің будан­дас­тыр­ған арасынан келді деуіңіз де мүмкін. Рас, ол – өте қауіпті гибрид. Бразилияда бір түн ішінде 200 адамды шағып өлтірген араны зиянсыз деуге аузымыз бармайды. Бірақ, шығармадағы Нюра әжейді ара талағаны рас бол­ға­нымен, оның өліміне кінәлі мақұлық жәндік емес еді. Бұл әр шы­ғарманы тіміскілеген цен­зураның бұралқыларын адас­тырудың тәсілі болар.
О бастан құдайсыз қоғам­ға Тәңір құдіретін таби­ғат тілімен ( мысалы, «Құм міне­зіндегі» дауыл ) жеткізгенді сүйетін Орағаң бұл жолы да Кеңестің кемшілігін бетіне басудың керемет айласын тапқан. Жазушының бұл туындысында көтерген басты мәселе шығармадағы Еріктің досы Тағанның сөзімен кел­тірсек былай естіледі:
«Тағанның көңілі ойран-асыр. Досының мінезін тағы бір қырынан таныды, алайда кім екенін, қай ұлттың ұлына жатқызарын білмеді. Білуі мүмкін де емес еді… Оның білетіні – осындай дүбара жандардың жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегінде жер бетінде тым көбейіп ба­ра жатқандығы ғана…». Орал­­хан ағамыз осындай дү­ба­ра жандардың жиынтық обра­зы ретінде Ерікті сомдайды. Ерік қандай кейіпкер? Ол – дүниеқоңыз, қатыгез! Бірақ, бұл жерде араның қандай қатысы бар деген сұрақ ке­зексіз киліге кетеді.

Әлгі жалмауыз араның кә­дімгі арадан еш айырмашы­лығы болмаған­мен, оны күні-түні бал жинайтын, қараңғы түссе де ұясының маңын гу-гуге бөлеп, дамыл көрмейтін тынымсыздығынан танисыз, маңына жолап кетсең, топ-топ болып шабуыл жасайтын қатыгездігінен білесіз. Бірақ, ол неге жат мінез танытады? Неге өз бақташысына қар­сылық көрсетеді? Тыным­сыз, бал үшін бәріне дайын, ұясын қоруға келгенде ажалдың өзі­­не кірпік қақ­пай қарсы тұ­ра­тын ара бойын­дағы қасиет Ерік­тің әр қы­лығынан көріне бе­ретіні несі? Осы сұрақтарға жа-уап тапсақ, түйін өз-өзінен шешіледі.

Расында, «туған жердің то­пырағы бұйырса» деген ана­сының арман тілегіне де құлақ аспастан, тірідей Алтайдың қысаңына «қа­мап», жиға­нын қыз­ғыштай қорып жү­ре­тін, соның со­ңында ел­ден жы­рақ кеткен Ерік адам ішін­дегі «қауіпті будан» еді. Ара оның шынайы бет-бей­несін ашу үшін алын­ған та­биғаттағы баламасы іс­петті. Егер повесте Ерік өз қолымен анасын өл­­тірсе, мұн­дай шығарма оқыр­­­манға жол таппас па еді?! Ал, Ерік­пен паралель алын­­ған тип – араның Нюра әжей­ді шағып өлтіруі шығар­мада көрініс тапқан тамаша шешім.

Оқырман айтпақ ойды адаспай тапсын деді ме екен, шығарманың соңында Ерікті Орағаң араға айналдырып жібереді. Дәл араның өзіне емес, арадан әлдеқайда тө­мен­гі сатыдағы, бірақ, араға алыс туыс боп келетін сарыбас сонаға! Себебі, Матер­линк айтқандай, «Ара жа­са­­ған қоғамдық өмірдің дең­­гейі­не жету үшін, адам ба­ла­сы­ның алдында әлі талай ұзақ жол жатқан». Еріктің «қауіп­ті буданнан» (ара) да жиір­­кенішті, балмен емес, қан­­мен қорек­тенетін сонаға ай­налуы – оған әлдеқайда лайығырақ баға болған.

Бұндай «будандар» қа­зақ арасында бұрын-соңды бірен-саран болмаса, кез­деспегенін жазушы әу бас-тан ашып айтады. Оны біздің далаға әкелген әлгі ұшқыш Прохор Александрович, яғни орыс екенін де әдеби астармен әдемі берген. Сөйткен де, арадай гулеп, әр күн сайын көбейіп, ұлғайып жатқан індеттің қаупінен сескеніп, дабыл қаққан! Бұл жо­­ғарыда айтқан «ұлы са­рын­ның» азынаған тағы бір үні іспетті.

Шығармада Тағанды «… осындай дүбара жандардың жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегінде жер бетін­де тым көбейіп бара жатқан­дығы…» мазалайды. Сол Та­ған кім өзі? Неге осы сөз Та­ған­ның аузынан шықты? Ол – социализм дендеткен басты дерт – маскүнемдікке «ша­лынған» қазақ еді. Есі ауғанша ішіп, бауыры­нан түркі баласы өрген ба­ба тау – Алтайға барып адам­дық кейпіне әзер енген, табиғаттың тұнық ауа­сы мен таза суының арқа­сында сауыққан оның аузынан шыққан әр сөзде астар бар. Еріктің (бұл жерде Ерік – «Анау») жиіркенішті қылығын бетіне басатын, ылғи келеке қылып жүретін Таған­ның айтпағы – қазақ­тың айт­пағы. Тағанды сон­­дай арақкеш адамға ай­нал­­­ды­руы – тамаша «маски­ровка»! Ондай төмен дә­режеге түскен адамның сөзін «Анау» артына да қыс­тыр­май­ты­нын Орағаң білген де, Та­ған­ның аузымен кеке­сіннің астына алған. Бұл – момындар көтерілісінің көрінісі еді.

Оралхан ағамыздың шы­ғар­­маларындағы қай кейіп­керді алып қарасаңыз да, осын­дай тұлғалар еді. «Қай­дасың, қасқа құлыным» по­весіндегі Сарқынды да, «Жа­сындағы» Қиялхан да, «Мұзтаудағы» Ақтан да, «Сайтан көпір­дегі» Аспан шал да, «Қамшы­гер­дегі» Са­дақ­бай да, «Қар қызын­дағы» Қоңқай шал да, бәрі-бә­рі Оралхан аға­мыз­дың кер­бұ­ғылық лейтмо­тиві тудырған «бунтовщиктер» еді.

***

Оралхан Бөкейдің табиғи бейнесін Марат Қабанбай ағамыздай бір ауыз сөзбен суреттеп берген ешкім жоқ шығар, сірә: « …қайда жүрсе де Алтайының бір қолатын аю, сілеусіндерімен қоса қол­тығына қысып, сеңгір-сеңгір қарымен қоса еш ауырсынбай ала жүретін қызық кісі еді». Тағы бірде Марат ағамыз: «Орағаң тілі ылғи төл жанры – прозаны қия алмай, марқұм Гүлия шешеміздің ана сү­тімен сіңген ақындықтың, ше­шендіктің тізгінін тағы тарта алмай, екі арада емін-ер­кін сайран салатын… Шын мәнінде, Оралханның тілі – көне түрк тілінің, өркениет өртеген, сөйтіп бүгінгі бас­пасөз, телерадиолық жадау мен жүдеу қазармалық тілі­мізге қарсыланған түрк-қазақ тілінің бұрқ еткен көте­рілісі болатын», – дейді. Қандай әдемі еске алу, қандай лайық­ты баға!

Жазушы: «Рас, өлгендер қай­тып оралады. Олар тек оралмайды, өздерімен бір­ге арғы дүниедегі бар жақ­сылықты – пейіштен ескен сау­мал самалды ала келеді, иә, олар тек ән салып оралады!» деп жазып еді («Қар қы­зы» повесінен). Рас екен. Орал­хан Бөкеев бүгінде орта­мызда, ол жай ғана оралған жоқ, ол бар сән-салтанатымен ән сала оралды да, проза пат­шалығының хақ төріндегі рух тұғырына мінді. Енді мәңгілікке тапжылмақ емес.

Ербол ЖАНАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button