Алты дүркін чемпион

Өзбекстанның Хива қаласында гір спортынан әлем чемпионаты өтіп, онда елордалық ардагер спортшы Жұмағалей Зулгарин дараланды.
Ардагер спортшы ұзын цикл (1-орын, 106 рет), серпе көтеру (1-орын, 107 рет), жұлқа көтеру (1-орын, 107 рет, 220 көтерілу) бойынша бірінші орын алып, 6 дүркін әлем чемпионы атанды.
– Хиваға жақсы дайындықпен бардым. Гір спортында шыдамдылық пен батылдық қажет. Мейлінше гірді көп көтеру үшін өз-өзіңді жеңіп, ерік-жігер таныту маңызды. Жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Бұл – ұзақ жылдық еңбектің нәтижесі. Мүмкіндік болса, алдағы уақытта жаттығуды тоқтатпай, жеңісті жолды жалғастырамын, – деді Жұмағалей Зулгарин.
Республикалық, халықаралық жарыстарда 65-69 жастағы спортшылар арасында 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Жұмағалей Зулгарин әрбір жаттығуға жауапкершілікпен қарайды. Бұл туралы ардагер спортшының жеке бапкері Серік Абдахин айтты.