Алты мың асық жинаған елорда балабақшасы

Астана қаласы әкімдігінің №71 “Мөлдір” балабақшасы ұлттық ойындарды жаңғырту және жас буынның бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда балабақша қоржынында алты мыңға жуық табиғи асық жиналған. Бұл — балабақша ұжымы мен ата-аналардың бірлескен қолдауы мен белсенділігінің нәтижесі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2023 жылдан бастап аталған балабақшада “Асық технологиясын қолдану арқылы бала құзыреттілігін арттыру” тақырыбындағы эксперименталды алаң жұмыс істеп келеді. Жоба аясында асық арқылы балалардың зейінін, ептілігін, ынтымақтастығын және танымдық қабілеттерін дамыту көзделген.
Балабақшада әр топқа ұлттық ойындардың атауымен белгіленген арнайы қоржындар жасақталған. Бұл қоржындарға жинақталған асықтар дәстүрлі ойындарды күнделікті оқу-тәрбие үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді. Балалар асық ату, хан талапай, омпы, белбеу тастау сынды ұлттық ойын түрлерімен танысып, оларды үйрену арқылы қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін бойына сіңіруде.
— Келешек ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу — біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Сондықтан алдағы уақытта асықтардың санын көбейтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыра береміз, — дейді балабақша меңгерушісі Жанар Абайқызы.
Баланың бойына ұлттық тәрбиені ерте бастан сіңіру — тамыры терең ұлт болашағының кепілі. Осы орайда “Мөлдір” балабақшасының бастамасы көпке үлгі болары сөзсіз.