Алты жылда елімізде 58 бассейн салынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт саласына ерекше көңіл бөлуінің арқасында кейінгі алты жылда еліміздің спорттағы жетістіктері артып, спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Мәселен, кейінгі алты жылда өңірлерде 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 58 бассейн салынды. Тек 2024 жылдың өзінде 90 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілгенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 40-қа артып, 481-ден 521-ге дейін көбейді. Нәтижесінде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтардың үлесі 31,5%-дан 41,4%-ға дейін артты. Бұл көрсеткіш 5,9 миллионнан 8,4 миллион адамға дейін өсті.
Президенттің тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта да елімізде бірқатар спорттық нысан салынады. Мәселен, биыл республика бойынша 5 нысанының құрылысы аяқталады. Оның ішінде елордада салынып жатқан Ұлттық спорт университетінің құрылысы да бар. Білім ордасы жыл соңында пайдалануға беріледі.
Ал 2026 жылы Астана, Павлодар және Ақтөбе қалаларында тағы 3 спорт нысаны салынады.