Басты ақпаратБілімЖаңалықтар

«АЛТЫН БЕЛГІМЕН» БОЛАШАҚҚА АТТАНДЫ

Бүгін елордалық мектеп бітірушілер үшін айрықша күн болды. Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындысы бойынша өз білімін дәлелдеген 132 елордалық түлекке салтанатты түрде «Алтын белгі» төсбелгісін табыстады.

ERM_0039 - копия    KBB_3322 - копия

 – Бүгін – ерекше күн. Мектеп  қабырғасында өткен жылдарды артқа тастап, үлкен өмірге қадам басып отырсыздар. Осы қуанышты күнмен барлықтарыңызды құттықтаймын! Елбасының қамқорлығымен елімізде жас ұрпаққа сапалы білім мен жақсы тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Енді жоғары оқу орындарының есіктері сіздерге айқара ашық. Онда үздік педагогтар жұмыс істейді. Білім беру гранттарының саны ұлғайтылды. Әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті құрылды. «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істейді. Еліміздің ертеңі – сіздердің қолдарыңызда. Келешекте мемлекетімізді, елордамызды бұдан әрі көркейтуге өз үлестеріңізді қосады деп сенемін. Сіздерге сапалы білім берген ұстаздарға да ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға ақ жол тілеймін, – деп түлектерге ізгі лебізін білдірді Астана әкімі.

KBB_3303 - копия

Расында, бас қалада білім саласына қолайлы жағдай жасалған. Жалпы білім беретін мектептер саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 7 100 орындық 6 мектеп ашылып, үш ауысымдық оқу толығымен жойылды.

Биыл «Алтын белгі» алған елордалық түлектердің саны өткен жылмен салыстырғанда 112-ден 132-ге, ұлттық емтихан бойынша орташа балл 86,6-дан 89,2 балға өсті. №72 мектеп-лицейінің түлегі Нұрасыл Ержанов – 125 балға қол жеткізді. Сөз арасында айта кетейік, елордада 4 695 түлек аттестат алса, соның 54-і ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды.

KBB_3591 - копия

Айтулы шара барысында жұдырықтай жүрегі лүпілдеп, толқып тұрған «Алтын белгі» иегері, № 78 мектеп-лицейінің түлегі Жанат Нұрайымды сөзге тарттық.

– Өмірімдегі ерекше күнді бастан кешіп тұрмын. Ол есімнен мәңгі кетпейді. Сондықтан осындай жетістікке жеткізген мектебіме, ұстаздарыма алғысым шексіз. Қашанда жаныма демеу болып, қолдап жүрген ата-анама ризамын. Барлық түлектерге де сәт-сапар тілеймін. Бала күнімнен журналист болсам деп армандадым. Сол мақсатпен Л.Гумилев атындағы Ұлттық университетінде білім аламын деп отырмын. Елорданың төл құрдасымын. Астана бізбен жайнап, өсіп келеді. Оған да өте қуаныштымын, – дейді ол көңілі алып-ұшып.

KBB_3223 - копия

Салтанатты шара аяқталған соң «Алтын белгі» иегерлері мектеп вальсін билеп, аспанға түлектердің тілектері жазылған кептерлер мен шарлар ұшырылды. Кеш отандық эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты.

KBB_3626 - копия

                                                                               Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button