Басты ақпаратРуханият

Алтын көпір

Биыл саналы ғұмырын мажар халқы мен күллі түркі халықтарының бірлігі мен бауырластығы жолында арнаған біртуар тұлға, белгілі түрколог, тегі қыпшақ мажар ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қоңыр Иштван Мандокидің туғанына 80 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың жаңа кітабы жақында оқырмандарға жол тартпақ. Бұл кітапта Қоңыр Иштван Мандоки мен қазақ қызы Оңайша-Айша Мақсымқызының сан тарау өмір жолында тоғысқан тағдыры, махаббаты, еңбек жолы, арман-мұраты және түркі дүниесінің алыптары мен тарих шежіресі туралы баяндалады. Осы кітаптан үзінді беріп отырмыз.

Қоңыр 1962 жылы Карцагтағы (Қарсақ) ауылшаруа­шылық техникумын бітіріп, аттестат алды. Одан кейін 2-3 жылдай «Ат шабандоздары мектебінде» қызмет етіп, ат спорты бойынша ел біріншілігінде бас жүлдеге ие болды. Чемпион атанды. Атқұмарлығынан гөрі білімге деген құлшынысы оны үнемі ойға жетелейтін.

Қайткен күнде де университетте оқып, білім алуға ұмтылды. Қоңыр 14 жасында өзін қызықтыратын түркі тарихы, қыпшақтар туралы кітаптар оқығысы келетінін айтып, көмектесуін өтініп, академик Дьюла Неметке хат жазған. Кейіннен білімқұмарлығы мен зердесіне таңғалған академик Қоңырды Өтвөш Лоранд атындағы Будапешт мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетіне студент қылып қабылдауды өтініп, партиялық кепілдеме хат жазды. Академиктің кепілдеме хаты қолдау тауып, Қоңыр осы университеттің филология-философия факультетіне қабылданып, түркология бөліміне оқуға түсті.

Қоңырдың білімге деген құштарлығы күн сайын арта түсіп, көп уақытын кітапханада өткізіп, түркі әлеміне байланысты кітаптарды жинауды, оларды зерттеп-зерделеп оқуды өзінің бұлжымас ережесіне айналдырды. Білімді жас 1968 жылы университетті «үздік ­дипломмен» бітіріп, оқытушылық жұмысқа қалды. Әрі сол жылдары Сечени атындағы мемлекеттiк кiтапханада ғылыми қызметкер болып қызмет етті. Ол ұстаздарын ерекше құрмет тұтатын.

Жас ғалымның қанатын қомдап, ақыл-кеңесін аямады. Қоңыр Иштван студент кезінен ғылыми экспедицияларға шығып, деректер жинауға жаны құмар еді. Ол өзін кейде саяхатшы, кейде жиһанкездей сезінетін. Ғылыми экспедиция сапарларында Польша, Румыния, Болгариядағы түркі тілдес халықтардың əдебиеті мен тұрмыс-салты туралы деректерін жинақтай бастады. Польшадағы, Болгариядағы түріктер мен Румыниядағы ­Добружа татарларының тарихын қызыға зерттеп, түркология саласына жаңалықтар енгізді.

1970 жылдан бастап Мажарстан Ғылым академиясының Алтаистика зерттеу орталығына қызметін ауыстырып, ғылыми қызметкері бола жүріп, зерттеушілік қызметін одан әрі жетілдіре түсті. 1974 жылдан Моңғолиядағы көне түркі ескерткіштері мен қазақ, тыва шоғырының арасында болып, фольклорлық, этнографиялық деректерді жинауды жалғастырды. Академия, университеттегі қызметінен тыс кезде кейде өз қаражатымен, кейде академия­ның қолдауымен саяхаттарға құштарлықпен аттанып, әр сапардан тың деректер әкеліп, рухани қазына сандығын толтырып жатты.

Қоңыр Мандоки зерттеуінің негізгі нысанасы Мажарстан түркологиясындағы дәстүрлі салаларының ішінен мажарлардың көне тарихы мен түркі-мадияр байланысын зерттеу болды. Мадияр мен құмандардың (қыпшақтардың) түркілермен түбі бір байланысы барын диалект сөздер, топоним мен антропонимдер арқылы жан-жақты дәлелдеп берді. Сондай-ақ ол көне түркі жазуы мен құман руникасының байланысын зерттеп, Балқан түбегіндегі халықтардың түркілерге жататынын ғылыми тұрғыдан ашып көрсетті

Сол жылдары Моңғолия қазақтары жəне Қытайдағы Шығыс Түркістан ұйғырлары тұратын жерлерге экспедицияға барып, Еуропадағы құман-қыпшақтар мен түркі жұрттары арасындағы тарихи-мәдени байланысты зерттеп, түркологияны жаңа белеске шығарды. Түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетін аудару, зерттеу, насихаттау ісінде алдына жан салмаған жас ғалымның беделі күннен-күнге арта түсті. Тіл үйренудегі айрықша қабілеті кісі таңғаларлықтай ғажайып еді. Қоңыр ағылшын, француз, неміс, румын тілдерінде еркін сөйлеп, еркін жаза білді. Бұдан бөлек, 30-ға жуық түркі тілдес халықтардың тілінде сөйлеп, мақалалар жазып, барған жерін таңғалдырды. Қоңырдың бар арманы көз алдымызда құрып бара жатқан түркі тілдерін қаттап қалу, қағазға түсіріп алу еді.

Қоңыр Мандоки зерттеуінің негізгі нысанасы Мажарстан түркологиясындағы дәстүрлі салаларының ішінен мажарлардың көне тарихы мен түркі-мадияр байланысын зерттеу болды. Мадияр мен құмандардың (қыпшақтардың) түркілермен түбі бір байланысы барын диалект сөздер, топоним мен антропонимдер арқылы жан-жақты дәлелдеп берді. Сондай-ақ ол көне түркі жазуы мен құман руникасының байланысын зерттеп, Балқан түбегіндегі халықтардың түркілерге жататынын ғылыми тұрғыдан ашып көрсетті.

«Мажар тілі – бұл түркі тілдерінің диактісі. Түркі тілдерімен ұқсас 2000 сөз бар. Ал қазақ тілімен ұқсас 1000-нан аса көне түбір бар» деп жазды Қоңыр Мандоки еңбектерінде. Қоңырдың ғылыми экспедиция сапарларының қатары жыл сайын көбейе берді. Анадолы, Моңғолия, Еділ татарлары мен башқұрттары арасында, Өзбекстан мен Түрікменстанда кешенді тілдік, этнографиялық, фольклорлық экспедициялар ұйымдастырып, Кавказ бен Қара теңіз аймағында қарашай, ноғай, қырым татарлары, құмықтардың арасында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қоңыр бар күшін тілдік қорын байытуға жұмсады және әр елдегі сөздердің бір-бірімен ұқсастығын табуға тырысты. Қоңыр жер бетіндегі түбі бір түркі халықтарын аралап, өткен тарих парақтарынан сыр іздеуден жалықпады. Осы тарихи сапарлар оған күш-қуат берді, көңіл көкжиегін кеңітті. Барған жерінде сол халықпен біте қайнасып, сол халықтың тілінде еркін сөйлеп кетуі де оның жанашырлары мен дос­тарының көбеюіне жол ашты.

Қоңыр Қазақстанға келуді 20 жыл армандады. Мәскеу оған Қазақстанға баруға виза бермеді. Талай жыл тауы шағылды, бірақ үмітін үзбеді. Мәскеу «Сіз Прибалтика, Грузия, Кавказға барыңыз. Қазақстандағылар казақша білмейді, қазақтар – тілін, салт-дәстүрін ұмытқан халық. Ол жақтан ештеңе де таппайсыз. Одан да Қарақалпақстанға барғаныңыз жөн болар. Ал түркітанушы ғалым болсаңыз, Мәскеуге келіңіз, Ленинградқа барыңыз. Нағыз ғылыми деректі, қажетті материалдарды сол жақтың кітапханаларынан табасыз» деген екіұшты жауаптар берді жолдаған хаттарына. Биіктіктер мен тереңдіктер, кездескен кедергілер мен тос­қауылдар осылайша бірбеткей, айтқан сөзінен қайтпайтын Қоңырды қатерлі тағдырының ірі тұлғасына айналдырды. Ол жеті ғасырдан бері үзіліп кеткен ұрпақтар байланысын жалғап, екі ел – қазақ-мажар арасына алтын көпір орнатамын деп өзіне ант берді.

«Аздың да ісі бітер ме,

Көптің де ісі жетер ме,

Көп ішінде бір жалғыз,

Сөйлеп те сөзі өтер ме?!». Иә, ол көп ішіндегі жалғыз еді. Жалқы еді. «Қазақ тілі – мен үшін қыпшақ тілі. Қазақ – менің бауырым! Қазақ тілін үйреніп шығу өмірімнің өзекті бір мақсаты болуға тиіс» деген ойға ерте жастан бекінген Қоңырдың алдында ұлы мақсаттар тұрды. Ең алдымен қазақ жеріне Қоңырдың хаттары жетті. Ол Будапешт университетінің соңғы курсынан бастап экспедицияларға шыға бастаған еді. Моңғолияға барып, сондағы қазақтармен етене араласу қазақ тілінде жетік сөйлеуіне үлкен пайдасын тигізді. Сөйлеу тəжірибесі осылай қалыптасты. Будапештегі малдəрігерлік институтына Баян-Өлгей аймағынан келіп оқып жүрген Едіге Төлетайұлы деген досы да оны Моңғолия­ға ертіп барып, сол жақтағы қазақтармен араласуына көп көмегін тигізген еді.

Жылдар өте, тағдыр айы оңынан туды да, Қоңырдың арманы орындалды. 1976 жылы Мажарстан Ғылым академиясы Қазақ КСР Ғылым академиясына жолдама беретін болып, тұңғыш рет Қазақстанға келу мәселесі шешілді. Сол жылдың қараша айында Қоңыр Иштван Мандоки тұңғыш рет қазақ жеріне, Алматыға келді. Бірақ қазақ ортасы оған онша мән бермеді. Көбі келген сапарына, зерттеп жүрген тақырыбына күдікпен қарады. Өйткені «америкалық шпион келе жатыр» деген лақап әңгіме тарап кеткен еді ел арасына. Оны әуежайдан ономаст ғалым Телқожа Жанұзақов, Ісмет Кеңесбаев, Болат Көмеков сияқты ғалымдар күтіп алып, ғылыми жұмыстарына көп көмегін тигізді. Бұл сапарлар Қоңырдың ғылыми жұмыстарына ғана емес, жеке өміріне де жаңа леп берді. Ол осы сапарында қазақтың көптеген ғалымдарымен, зиялы қауым өкілдерімен танысып, пікір алмасты. Бәрі де Қоңырдың табиғатына, біліміне, ішкі мәдениетіне қайран қалып, сыйластықпен қарады. Осы сапарында Қоңыр Қазақ КСР Ғылым академиясы, Тіл білімі, Тарих, археология жəне этнография, Əдебиет жəне өнер институттарымен байланыс орнатып кетті. Будапештке көтеріңкі көңіл күймен қазақтың халық әні «Сәулем-ай»-ды үйреніп алып, әндетіп қайтты…

 Маржан ЕРШУ,

ақын-зерттеуші

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button