«Алтын күз» бұқараны жүгіртті
Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы биылғы жылдың жазғы спорттық маусымы жабылуына орай жеңіл атлетикадан дәстүрлі «Алтын күз» фестивалін өткізді. «Достық» спорт кешенінде өткен мерекелік жарысқа 700-ге жуық адам қатысты.
Елордамыздағы бұқаралық спортты ұйымдастыруды жүзеге асыратын «Ұлттық спорт түрлері және бұқаралық сауықтыру-дене шынықтыру клубы» айтулы шараны өткізу барысында тек жеңіл атлетикамен шектеліп қалмай, қатысушылардың көңіл-күйін көтеру мақсатында басқа да сайыстар ұйымдастырып, «Алтын күз» фестивалін нағыз бұқаралық шараға айналдыра білді. Атап айтқанда, бірнеше қашықтықтарға жүгірумен қатар нысана ату, арқан тартыс, бұқа тартыс, кір тасын көтеру, тоғызқұмалақ, шахмат және қол күресінен қызықты сайыстар да өтті.
Мектеп оқушылары, студенттер, әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері қатысқан жеңіл атлетика жарыстарында жас шамаларына қарай Ә.Төлегенов, Н.Сүлейменова, А.Колесников, Т.Макалкина, Б.Серіков, Қ.Отарова, Т.Амантаев, К.Баранник және Ғ.Шалабаев жеңімпаздар атанды. Барлық жеңімпаздарға Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы атынан дипломдар мен медальдар тапсырылды. Ал осы шараға демеушілік көрсеткен «Билаин» компаниясы арнайы сыйлықтар тағайындады.
Сонымен, елордамызда жазға спорт маусымы жабылды. Енді астаналық әуесқой спортшылар қысқы спорт түрлерінен сайыстарын күтеді.