Талайғы тарихТаным

Алтын Ордадан қазақ хандығына дейін

Әлеуметтік желілерде жаңадан Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтын құру жобасы қызу талқылануда. Жоғарыдан және төменнен басталған бұл бастаманы менімен бірге кәсіби тарихшылардың басым бөлігі қолдайтыны анық. Бұл – ең дұрыс және барынша өлшеуменен жасалған шешім. Шынтуайтына келгенде, бұл институтты әлдеқашан, тәуелсіздіктің бастапқы кезінде ашу қажет еді, бірақ ештен кеш жақсы.

[smartslider3 slider=502]

Жошы ұлысының мемлекеттілік тарихына және оның заңды мұрагерлерінің бірі – Қазақ хандығына қатысты бұған дейін орын алған идеологиялық диктатқа, жалған мифтерге, бұрынғы тарихнаманың қате ұстанымдары мен еуроцентристік көзқарастардың басымдылығына қарамастан, қазіргі уақытта Ұлы дала өркениетінің тарихи жадысы халқымыздың көптеген материалдық және рухани, мәдени ескерткіштерінде сақталған.
Бүгінгі таңда халыққа жаңартылып қайтқан тарихи жады тәуелсіз Қазақстан үшін мықты рухани жаңғыруының іргетасына айналып, бүкіл қазақстандық әлеуеттегі қоғамдық сананы жаңғыртудың, ұлт ұйытушы фактор және елдегі этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтаудың негізі бола алады…
Жошы және оның даңқты ұрпақтары құрған ұлысқа Қазақстанның тікелей қатысы бар. Осылайша, әлемдегі ең алып империя дәл Қазақстан аумағында пайда болып, содан кейін біртіндеп басқа іргелес жерлерге тарады. Осыдан 750 жыл бұрын, 1269 жылы Талас бойында Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарынан шыққан түркі-моңғол ақсүйектерінің ұлы құрылтайы өтіп, онда осы ұлыстардың билеушілері орталығы Қытайда, Пекин қаласында (Ханбалық) орналасқан империядан өздерінің тәуелсіздігін ашық жариялаған болатын.
Жошы ұлысы аумағының едәуір бөлігін қазіргі Қазақстанның және этникалық қазақтар жинақы тұратын іргелес жерлері алып жатқаны да анық. Белгілі бір дәрежеде біздің жеріміз болашақ жаңа империяның негізгі өзегі, орталығы болды деп айтуға болады.
Бұл ұлыстың негізін қалаған Жошы хан Қазақстан аумағында (Қарағанды облысы Ұлытау ауданы) жерленгені бешенеден белгілі және бұл жер Қазақстанның маңызды киелі нысандарының біріне айналып қана қоймай, бүкіл әлемге танымал болады деп үміттенеміз. Жошының Ұлы Дала елінің аумағында жерленуі кездейсоқ емес: қазақ (қыпшақ) жерлері мен далалықтар оның сенімді тірегі болған.
Жошы ұрпақтарының билігі ең ұзақ уақыт сақталған жері де дәл Қазақстан аумағы болып табылады (Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір хан 1845 жылға дейін, Кенесары хан 1847 жылға дейін билік еткен). Басқаша айтқанда, жошылықтардың мемлекеттілігі қазіргі Қазақстан аумағында пайда болып алты ғасыр бойы үздіксіз өмір сүріп келді.
Қазіргі уақытта Жошы ұрпақтарының ең көп сақталған жері де Қазақстан: кейбір мәліметтерге қарағанда, бүгін Қазақстанда Жошы ұрпақтарының саны 25 мыңға жуық болса, Моңғолияда олар жоқтың қасы. Неге солай? Бұл да – құрылайын деп жатқан болашақ институттың қызметкерлері жауап беруі тиіс феномен мен жұмбақ.
Жошы ұлысы мен Қазақ хандығының арасында ажырамас тікелей сабақтастықтың барына ешкім дау айта қоймас. Мысалы, Жошы ұлысы астаналарының бірі – Сарайшық Қазақстан аумағында (Атырау облысы) орналасқан және мұнда бір-біріне жақын ағайын-туыс боп келетін Ұлық ұлыс пен Қазақ хандығының билеушілері бірге қойылған. Сол Сарайшықта жерленген қазақ хандары мен сұлтандар көзі тірісінде өз шежіресімен бірге Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы билеушілері арасындағы ұрпақ байланысы туралы жақсы қанық болғаны сөзсіз. Осыған байланысты 1801 жылы Бөкей сұлтанның өз халқымен Еділ мен Жайық аралығына «қайтып баруы» тегін емес.
Тағы бір маңызды дәйек:

қазақ хандары, мысалы, солардың ішінде XVI ғасырдың басында билік құрған «қазақ жерлерін жинаушы» атанған ұлы Қасым хан өзін тек Жошы ханнның ғана емес, Шыңғысханның басты тақ мұрагері ретінде білді, бұған оның замандастарының ешқайсысы ешқашан шүбә келтірген жоқ болатын. Өз заманында ол Шыңғысханның басты ұрпақтарының бірі ретінде танылған.

Мысалы, Мавераннахр билеушісі, оның немере бауыры Мұхаммед Шайбани хан оған бас хан және Шыңғысханның мұрагері ретінде жүгініп: «Дешті-Қыпшақ ханы Шыңғыс ханның баласы, оның тәжі мен тағының мұрагері, күн сәулесіндей жарқын жүзді Қасым» деп мадақ сөздерді аямайды екен.
Сонымен қатар, кездейсоқ па жоқ па, бірақ Жошы хан заманынан бері өз мемлекеттілігін сақтап қалған әлемдегі бірден-бір егеменді ел – Қазақстан. Бүгінде Жошы ұлысының құрамына кірген басқа түркі халықтарының не мемлекеттілігі жоқ немесе басқа елдердің құрамында автономия ретінде өмір сүріп жатыр.
Басқасын қойғанда, Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы халқының шаруашылық-мәдени типі, тілі, діні, салт-дәстүрлері, тіпті антропологиялық типі бірдей.
Сондықтан да

Қазақстанда Ұлық ұлыс тарихын терең зерттеу үшін ҒЗИ құру қажеттілігі даусыз. Қазақстан Ұлық ұлыс­тың негізгі заңды мирасқорларының бірі болып табылады. Ұзақ уақыт бойы тарихымыздың осы кезеңі зерттелмей ұмыт болып кетті (біздің тарихымыздың 200 жылдық кезеңі). Қазақстан тарихындағы осы кезеңді тиянақты және жүйелі түрде зерттеп, ғылымдағы «олқылықты» толтыру үшін ондаған жылдар (бәлкім, ғасыр!) қажет болатын шығар.

Болашақ институттың негізінде өзіндік ғылыми мектеп құрылып, жаңа формациядағы ғылыми кадрлар дайындалады, жаңа ғылыми журналдар, монографиялар, құжаттар жинақтары және т.б. басылып шығады. Өкінішке қарай, бұл кезеңнің мамандары саусақпен санарлықтай.
Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орында тұрған мемлекет және әлі де зерттеуді қажет етіп отырған осы дәуірдің (XIII ғ. басы – XV ғ. ортасы) және ұлыстың басты саяси және әскери оқиғаларының едәуір бөлігі біздің аумақта өткенін ұмытуға болмайды.
Осы институтты құру барысында маңызды мәселенің бірі жаңа институттың қай жерде орналасатыны болып табылады. Әрине, бірқатар геосаяси және өзге де мән-жайларға байланысты бұл институт еліміздің астанасында немесе ең болмағанда, Қазақстанның солтүстік қалаларының бірінде (Петропавл, Көкшетау және т. б.) ашылуы тиіс. 1997 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезінде барлық ҒЗИ, соның ішінде гуманитарлық бағыттағылар оңтүстікте, шетте қалып қоюы еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуда олардың рөлі мен маңызын біршама төмендетіп тастады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан – елдің экономикасы мен идеологиясын дамыту үшін жұмыс істеуге тиіс жетекші гуманитарлық институттары астанадан тыс жерде орналасқан әлемдегі жалғыз ел. Қараңыз, экономика, саясат, идеология саласындағы кез келген шешім қабылдау орталығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқанымен, олардың практикада іс жүзіне асыратын және соған көмектесетін және ықпал ететін ұйымдар одан мың шақырым жерде орналасуы өз кезегінде белгілі бір қолайсыз­дықтар туғызбай ма?!.
Бай тарихы бар, қойнына бес Франция еркін сыйып кететін үлкен аумағы, орасан зор қаржылық-материалдық активтері мен ресурстары бар біздің Үкімет еш қиындықсыз елдің солтүстігінде және солтүстік-шығысында ондаған жаңа гуманитарлық институт аша алады деп сенемін. Өйткені Қазақстанның нақ осы аудандары тарихи жағынан да, археологиялық жағынан да, фольклорлық жағынан да, географиялық жағынан да және басқа да тұстардан да мүлдем зерттелмеген аймақ болып табылады. Бұл бірқатар мемлекеттердегі кейбір саяси «сәуегейлерге» біздің тарихымыз бен мәдениетімізді жоққа шығарарына, ата заманнан бері өз жерінде өмір сүріп келе жатқан байырғы тұрғындарына тек «арендаторлардың» аянышты тағдырын ұсынуға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, Алматыда орналасқан барлық ҒЗИ-ды міндетті түрде сол жерде сақтап қалу керек. Өйткені олардың өз тарихы, өз орны, қалыптасқан ғылыми дәстүрі және Алматының жылы шырайлы күндеріне, оның маңайына үйреніп қалған ғылыми кадрлары бар. Соңғы жылдары оңтүстіктегі геосаяси және басқа да ішкі-сыртқы оқиғалар мұнда қазіргі гуманитарлық институттардың қызмет етуін талап етіп отыр.
Біздің ойымызша, жаңа институттың бірінші кезектегі қадамдары, қызметі мыналардан басталуы керек.
Осы институт құрылғанның алғашқы күнінен бастап осы кезеңмен айналысатын барлық отандық мамандарды жинап, сондай-ақ осы ғылыми бағытта зерттеумен айналысатын шетелдік ғалымдарды (Венгрия, Ресей (Мәскеу, Қазан, Украина және т. б.) еңбек келісімшарты негізінде шақырту керек.
Институт «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы» атты 7 томдық академиялық басылымның 3-томын (Ұлық ұлыс тарихы бойынша) дайындауға белсенді қатысуы тиіс.
Сонымен қатар, олар шетелдік аудитория үшін Қазақстанның қысқаша тарихын жазуға да белсенді қатысады.
Одан басқа күн тәртібінде XIII-XV ғасырлар аралығындағы Ұлы даланың тарихы мен этнографиясына қатысты шетелдік және отандық тарихнаманы кешенді түрде зерттеу мәселесі де тұр.
Осы кезең бойынша отандық және шетелдік мұрағат қоймаларынан сирек кездесетін мұрағат көздерін анықтап, оны ғылыми айналымға енгізу және оны тікелей мемлекеттік тілге аудару аса өзекті болып табылады. Мысалы, бұл жұмысты «Архив-2025» бағдарламасын іске асыру аясында Таяу Шығыс, Азия, Шығыс және Батыс Еуропа елдерінде жұмыс істей отырып, Жошы ұлысының тарихына қатысты жаңа дерек көздерін анықтап жинауды, жариялауды жүзеге асыру қажет.
Ең соңында Жошы ұлысы дәуірінен бастап Қазақстанда қазақ мемлекеттігінің жойылуына дейінгі (ХІХ ғасырдың ортасы) барлық жазба деректеді жинап, жүйелеу мәселесі тұр. Осы кезеңге қатысты Қазақстан аумағында өмір сүрген халықтың рухани мәдениетін, дінін, фольклорын зерттеп, шаруашылығы мен тұрмысын, дәстүрлері мен салттарын реконструкция жасауды қажет етіп отыр. Сонымен бірге алда осы дәуірдің қолданыста болған карталарын жинап, жүйелеу мен «Жошы ұлысынан бастап хандық биліктің жойылуына дейін» атты интерактивті ғылыми тарихи карта жасау міндеті тұр.
Жаңа ғылыми мекеменің жоспарында Қазақстанда және одан тыс қазақтар жинақы тұратын жерлерде және Жошы ұлысының жалпы тарихына қатысы бар жерлерде тарихи-этнологиялық, фольклорлық, археологиялық, географиялық, мұрағаттық және өзге де экспедицияларды ұйымдастыру жоспарлануы тиіс.
Сонымен бірге Жошы ұлысы тарихын назарда ұстай отырып, сапалы жаңа мектеп және жоғары оқу орындарына арналған тарих оқулықтарын жасау процесі қатар жүруі тиіс.
Бірінші орында кейіннен Scopus және т. б. мәліметтер базасына кіретін халықаралық ғылыми басылым шығару керек. (Қазандағы әріптестердің тәжірибесіндей). Біз Жошы ұлысының тарихына байланысты жыл сайын өтетін Халықаралық конференцияның куәсі мен қатысушысы болғымыз келеді…
Институттың құрылуына сенімсіздік танытатындар да болар. Оларға не деуге болады? Біздің бай тарихымыздың шамамен 200 жылы тарихи жадымыздан түсіп қалды, бірақ бұл жерде ғалымдардың кінәсі жоқ. Бай тарихымыздың осы бір кезеңін міндетті түрде зерттеу керек. Иә, белгілі бір қаржылық шығындар мен әжептәуір ғылыми қызметкерлердің штатын жасақтау қажет болар. Мысалы, Чехия мен Польшада және басқа да еуропалық мемлекеттерде өз тарихының қандай да бір қысқа кезеңіне арналған, мысалы, сая­си қуғын-сүргін дәуірін (20-30 жыл) зерттейтін институттар бар, сонымен бірге бұл ғылыми-зерттеу институттарының штаты 1000 адамнан асады! Ал бізде бүтіндей 200 жылдық тарихымыз ұмыт қалып отыр! Сондықтан да біз қаласақ та, қаламасақ та бұл институт ашылуы тиіс. Мұны бүгінгі геосаяси ахуал талап етеді. Бұл біздің тарих ғылымымызға қажет. Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту қажеттілігі де осы мақсатты тезірек іске асыруды талап етіп отыр. Қызыл кеңірдек болып өнбейтін айтыстың орнына бұл кезеңнің мамандарына бас қосып бірлесіп жұмыс істеу керек.
 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология

институтының директоры

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button