Әлеумет

АЛТЫН ҚҰРСАҚ

Атам қазақ құрсағынан көп бала өрбіткен аналар­ды осылай атапты. Алтын­ құрсақ. Бүгінде дәл бұрынғыдай он үш, он бес бала тәрбиелеп, өсірген ата-ана сирек екенін айтпаса­ да білеміз. Алайда, еліміздегі демографиялық ахуалды жақсартуға мемлекет­ тарапынан жасалған іргелі шаралардың арқасында қатарымыз көбейіп жатқаны рас.

Кеңес заманындағы идеологияның салқыны бар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқыраудың таршылығы бар, іңгәлаған сәби үнін азайтқан. Ес жиып, етек-жеңімізді түргелі Астананың өзінде «алтын құрсақ» деуге лайық аналар жиіледі. Мәселен, 2009 жылы бас қалада 12 710 бала дүниеге келсе, былтыр 21 266 сәби дүниеге есігін ашты. Яғни, төрт жыл ішінде шамамен жетпіс мыңға көбейдік. Ал, бұлардың дені жас отбасыларында туған. Өйткені, Астана­ – ­жастар қаласы. Осы орайда газет­ тілшісі елордадағы ең жас көп балалы аналардың шаңырағына бас сұққан еді…

Бұйыртса, бесіншісін босанамын

Жандос Дүйсекеев пен Рау­шан­­ Үсейі­но­­ва­­ның отбасын құр­ған­­дарына жеті жыл­дың жүзі болып қалды. Тұп-тура жиырмасын­шы нау-рызда – Жандостың туған кү­нін­де бас қосып, бір қуанышты еселесе, Ұлыстың ұлы күні бол­ған­ жас жұбайлардың тойы ду­ман­ды­ думанға ұластырған. «Өмі­рі­міз­дегі ең ба­қыт­ты күндер ғой» дей­ді күлімдеп олар. Жас отбасы болашақтарын Астанамен ұштас­тыр­ған­ды жөн тауып, арада жыл өтпей елордаға қоныс аударыпты.

Отанасының жасы енді жиырма сегізге толады. Төрт ұл-қыз өмірге әкеліп үлгерген. Үлкені әрі жалғыз ұлы Қаршыға – алты жас­­та,­ іле-шала Нұршуақ пен Мейірім дүние­ге­ келген. Ал, кенжесі Аяла Астананың туған күнінде – алтыншы шілдеде екі жасқа толады екен. «Құдай бұй­­ыртса, сәуірде бесіншімді босанамын. Әлбетте, Қаршығаға серік бо­лар­ ұл болғанын қалаймыз» дейді Раушан.

Бас қаладағы жастардың басты пробле­ма­ларының бірі – баспана. Сонау жылдан бері пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрген Жандос пен Раушанның бүгінде көңілдері жай. «Мем­ле­кет­тік бағдарламаның «жас­ отбасы» санаты бойынша ке­зек­ке­ тұр­ған­быз. Құжаттарымыз бар­лық талаптарға сай келіп, үш­ бөл­ме­лі үй ал­мақ­пыз. Биыл шіл­де­де­ бе­рі­леді екен. Сол күнді асы­ға­ күтіп жүрміз. Бұл қуанышты ба­ла­ла­рым­ның­ несібесі деп білемін». Осыны айтқан отағасы бір көлеңкелі шындыққа іші ашитынын да жасырмады. «Біздің еліміздегі жүйе қызық: Мемлекеттік бағдарламамен алатын пәтердің төлемақысын есептегенде банк отбасылық шығынды да қарады. Сонда әр балам үшін ай сайынғы шығыс он бес мың теңгенің шамасын құрады. Ал, мем­лекеттің әр балаға беретін жәр­де­ма­қы­сы бар-жоғы жеті-сегіз мыңнан аспайды. Оның өзі белгілі бір жасқа дейін ғана» дейді Жандос.

Төрт қызымның қызығы таусылмасын

Ауылда он бір қызы бар үлкен отбасы бар-тын. Құдай жарылқап, он екіншісі ұл болды. Сол бір қыздың төртінші-бесіншісінен бастап есімдері Ұлболсын, Ұлмекен, Ұлбала, Ұлтай деп жалғаса береді. Тіпті, көрші-қолаңдары шатастырады оларды. Енді қайтсін, ырымдап қойғаны ғой. Астанада да төрт қыз өсіріп отырған жас отбасы бар екен. Нұржан Нүсіпбаев пен Нұрбағила Тілемісова. Үлкендері Динара – балабақшаға барады. Содан кейін Данеля, Ұлдана, Раян. «Алдағы уақытта екі ұлымыз болса деп армандаймыз» дейді ерлі-зайыпты.
Отағасы – жас та болса, жеке кәсіпкер, отанасы­ – үй шаруасында, балаларға қарайды. Бұлар да отызға толмаған. Қуанатыны сол, қыздар үш жасқа толысымен ауылдағы әжелеріне кезегімен жіберіп отырады екен. Қарт ананың қолына барып келген Динара сондай мейірімді, көпшіл болғанын айтады Нұрбағила. «Данеляны да жібергіміз келеді ауылға. Бірақ, әжеміз ауырыңқырап жүр» дейді ол.

Жас отбасының пікірінше, имандылықпен тәр­бие­лен­ген бала жаман болмайды. Өздері де бес уа­қыт­ намаздарын қаза қылмаған. Екеуі құбылаға қа­рап,­ тізе бүге қалса, кішкентайлар да қаз-қатар тұра қа­лып,­ жайнамазға бас қоя береді екен. Кейде сәж­де­ге­ иілгенде ерке қыздар арқаларына мініп алатын кө­рі­не­ді. Мұндайда әке-шешесі ашуланбайды. «Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с) қос немересін арқалаған күйде мешітке кіріпті ғой. Жамағатпен намаз оқу үшін орнына барып, балаларды оң жағына отырғызады. Пайғамбар сәждеге барған кезде ұзақ еңкейіп қалса керек. Намаз біткен соң халық «Мұндай сәждені бұ­рын­ көрмеген едік. Бұл Алланың әмірі ме?» деп сұ­­рай­ды. Сонда Расулаллаһ «Жоқ, Алланың әмірі емес, немерем арқама мініп алды. Өзі түскенге дейін күткенді дұрыс көрдім» депті. Сосын біз де са­быр­лы­лық­­ танытамыз ондайда» дейді Нұржан.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button