Басты ақпарат

«Алтын сапа» жеңімпаздары марапатталды

Мемлекет басшысы «Алтын сапа» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің қолдауымен отандық бизнестің жаңа легі қалыптасқанын және олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті.

– Индустрияландыру кезеңінде елімізде 1300-ден астам жаңа өндіріс іске қосылды. Нәтижесінде бұрын өндірілмеген көптеген тауарлар шығарыла бастады. Сондай-ақ 200 мың жұмыс орны ашылды. Азаматтарымыз заман талабына сай жаңа кәсіптерді игеруде. Осының бәрі халқымыздың әл-ауқатын және бәсекелік қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыру, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, пандемия мен әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны 3,3% деңгейінде сақталып отыр. Биыл Индустрияландыру картасы аясында 20 мың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 200-ден астам өндіріс іске қосылды. Соңғы бес жылда экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 24-тен 32 пайызға артты. Кәсіпкерлік саладағы жұмыспен қамту көлемі 21 пайызға, яғни 2,8-ден 3,4 миллион адамға көбейді. Бұл Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру, қаржылай және басқа да қолдау шараларын ұсыну жөніндегі дәйекті жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды. Биыл бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқарту, рәсімдерді қайта реттеу және одан әрі жеңілдету мәселелерін қамтитын заңнамалық бастамалардың сегізінші топтамасы қабылданды.
Пандемия кезінде бизнес несиелерді қайтару мерзімін шегеруге мүмкіндік алды, салықтан босатылды және басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болды. Көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 1,5 триллион теңгеден асты.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында «Алтын сапа» конкурсына қатысқан барлық бизнес өкілдеріне алғыс білдірді. Жеңімпаздардың сыйлықтарын Президенттің атынан Премьер-Министр Асқар Мамин тапсырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button