АЛТЫН ТАҚҚАНДАР АЛЫСҚА САМҒАЙДЫ
Кеше «Қазақ елі» монументі алаңында биылғы мектеп түлектерінің салтанатты жиыны өтті. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша өз білімдерін дәлелдеген тоқсан екі «Алтын белгі» иегеріне төсбелгілерін тапсырды.
Марапаттау рәсімінде қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы мектеп бітірушілер мен ұстаздарды, ата-аналарды мерекемен құттықтап, сөз сөйледі. «Арғы ғасырда Ұлы Абай «Баланы оқытуға әркім құштар, Десе де ол бір арман қолдан ұшқан» деп тебіренген екен. Расында, бүгінгідей сауатты ұрпақ тәрбиелеу кешегі ата-бабаның сан ғасырлық аңсары еді. Енді, міне, біздің ұрпақ үшін бұл – тағдырдың берген бағасыз мүмкіндігі, тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебелі міндеті. Сондықтан, бүгінгі заман баланы «Қайда оқытамын?» деген арманнан емес, «Қайда оқытамын?» деген таңдаудан тұрады. Осы күні бұл таңдау еліміздің бас қаласында Елбасының өсиетімен білім алып, тәлім жинаған, тәрбие көріп, арман қуған ұл-қыздарымыздың алдында тұр. Әрине, оның нақты бағасы оқушының білім нәтижесінен көрінеді. Ал, оның бірегей көрсеткіші – «Алтын белгі» деді қала басшысы.
Кешегі жылдарды саралаған елорда әкімі «Осыдан он алты жыл бұрын Астанада бұл төсбелгіні тек 1 оқушы иеленсе, биыл 92 түлек «Алтын белгі» тағып, ақжолтай үмітті ақтап шықты. Ал, жалпы, күні кеше өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуді қаламыздан ұзын саны 3252 оқушы тапсырып, оның ішінде 1081 бала 100-ден жоғары балл жинады» деп, мұның өзі үлкен көрсеткіш, зор мақтаныш екенін айтты.
«Ардақты жастар, бұл жетістіктеріңіз өздеріңізден кейінгі іні-қарындастарыңыздың ынтасын оятады, «Мен – астаналық оқушымын» деген сезіміне серпін беретін үлкен үлгі, мақтан тұтар өнеге, өткен өмірлеріңіздің алғашқы межесі. Ендігі тағдыр тек өз қолдарыңызда. Десе де, зайырлы өмір үздіксіз талап-талпыныс пен ұмтылыстан, үйрену мен ізденуден, жаңару мен жаңғырудан тұрады. Бұл – әрбіріңіз үнемі есте ұстайтын ұранды ақиқат! Өз басым әлемнің озық көшінен қалмай, уақыттың талабынан талмай, талай табыстың биігінен көрінетіндіктеріңізге кәміл сенімдімін. Өйткені, сіздердің бойларыңызда Астананың асқақ рухы мен жүректеріңізде Елбасының жаққан жалыны бар. Осыны естен шығармағайсыздар!» деген И.Тасмағамбетов түлектерге тілекші екендігін де жеткізді.
Айта кету керек, биылғы оқу жылында Астана мектептерін 4042 оқушы тәмамдады. Оның 3252-сі немесе 80,5 пайызы ҰБТ-ға жіберілген. Қала бойынша 2014 жылы орташа балл 87,58 пайызды көрсетті. Үш түлек – 124, 1081 оқушы 100-ден жоғары балл жинады. №9 «Зерде» мектебі мен №48 мектеп-лицейді бітірушілер арасында «Алтын белгі» иегерлері басымырақ.
[toggle title=»УЫЗ ЛЕБІЗ» state=»open» ]
Әйгерім ҚОЖАБАЙ,
№54 мектеп-лицейдің түлегі, «Алтын белгі» иегері:
– Ұстаздарымызға үлкен алғыс білдіреміз. Себебі, біздің білім деңгейіміз – олардың жұмысының жемісі. Ұстаздарымыздың берген сапалы білімінің арқасында ҰБТ-ға дайындық барысында қосымша сабақтарға бару қажеттілігі де туындаған жоқ. Ал Астана әкімінің қолынан «Алтын белгіні» алу – мен үшін үлкен құрмет. Біздің еңбегіміз бүгін жанды деуге болады. Білім нәрімен сусындау жолында төккен теріміз текке кеткен жоқ. Бізге артылған үмітті ақтай білдік.
Ата-анамызға, Елбасымызға осындай жақсы білім алуға жағдай жасап, біздерге қолдау көрсетіп отырғаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Енді армандаған оқу орнымның табалдырығын аттап, көп ұзамай туған халқымның арқа сүйер қызына айналатыныма сендіргім келеді. [/toggle]
Асхат РАЙҚҰЛ