Басты ақпарат

Алтын жүректі жандармен әлем жарық

Бас қаладағы Жастар сарайында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ақ халатты абзал жандарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. «Алтын жүрек» ұранымен ұйымдас­тырылған мерекелік іс-шараға Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ұлттық және республикалық ұйымдардың, қала мәслихатының өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=3246]

 

Биылғы салтанатты жиынның негізгі тақырыбының айтар ойы бар. «Алтын жүрек» атауы коронавирус инфекциясымен тоқтаусыз күрес кезеңінде ақ халатты мамандардың көрсеткен ерлігі мен еңбегіне арналған. Сол сияқты бұл тақырып – елдің денсау­лығын нығайтуда өзінің қызметіне адалдықпен қарап, міндетін мінсіз атқаратын медицина қызметкерлерінің алдына келген әрбір жанға деген ерекше қамқорлығының көрінісі. Астана құрылғалы 20-дан астам медициналық нысан бой көтерді, бүгінде қаладағы медициналық ұйымдарда барлығы 35 мыңнан астам медициналық персонал жұмыс істейді.

Иылғы салтанатты жиынның негізгі тақырыбының айтар ойы бар. «Алтын жүрек» атауы коронавирус инфекциясымен тоқтаусыз күрес кезеңінде ақ халатты мамандардың көрсеткен ерлігі мен еңбегіне арналған. Сол сияқты бұл тақырып – елдің денсау­лығын нығайтуда өзінің қызметіне адалдықпен қарап, міндетін мінсіз атқаратын медицина қызметкерлерінің алдына келген әрбір жанға деген ерекше қамқорлығының көрінісі. Астана құрылғалы 20-дан астам медициналық нысан бой көтерді, бүгінде қаладағы медициналық ұйымдарда барлығы 35 мыңнан астам медициналық персонал жұмыс істейді.

Індетпен алғы

шепте күресті

Елорданың медицина қызметкерлерін төл мерекесімен арнайы құттықтауға келген қала әкімі Алтай Көлгінов бас қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жақсарту жолында әрбір маманның қосқан үлесіне тоқталды. Олардың коронавирус инфекциясымен күрес кезеңіндегі жұмысын ерекше атап өтті.

– Пандемия кезінде біз өзіміздің көптеген кемшілігімізді анықтап, байқадық. Мемлекеттің қолдауымен медицина саласындағы сол кемшіліктерді жою үшін біраз жұмыс атқарылды. Әсіресе осы саладағы инфрақұрылым дамып, көптеген құрал-жабдық алынды, дәрігерлер жалақысы көтерілді. Бас қала болғаннан кейін бізде елордамызда республикалық деңгейде медициналық кластер қалыптасқан деуге болады. Сондықтан өңірлерден ғана емес, шетелден де келіп бізде емделетіндер көп. Осындай айтулы мереке қарсаңында медицина саласы мамандарының қажырлы еңбегіне табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз! – деді құттықтау сөзінде қала әкімі.

Бұл кеште денсаулық сақтау жүйе­сінің 30-дан астам маманы дипломмен және төсбелгімен марапатталды, сондай-ақ 8 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың әрқайсысына 1 млн теңгеден ақшалай сертификат және bestdoctor.kz медициналық ақпараттық порталының лимиттелген атаулы белгілері табысталды. Отандық медицина жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан ақ халатты мамандар, қоғам қайраткерлері «Еңбек ардагері», «ҚР денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін» және «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарымен марапатталды.

Биылғы мерекелік кешті елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов пен оның орынбасары Әлия Рүстемова жүргізді. Олар мұндай рөлде өздерін алғаш рет сынап көрді. Іс-шара басталғанға дейін Жастар сарайының бірінші және екінші қабатында «Мен және менің дәрігерім» тақырыбында фотокөрме ұйымдастырылып, онда абзал жандардың жұмыс істеп жүрген сәті, балалар дәрігерлерінің фотосуреті және балалар стационарларында емделіп жатқан кішкентай пациенттердің суреті көрініс тапты. Сол сияқты перфоманс ойлап шығарылып, онда медицина қызметкерлерінің науқастарды емдеу барысы көрсетілді, сонымен қатар COVID-19 пандемиясы күшейіп тұрған шақта қайтыс болған дәрігерлерді еске алуға арналған фильм қойылып, жиналған қауымды еріксіз жылатты. Жиын барысында өзге де шығармашылық және эстрадалық нөмірлер қойылды. Іс-шара жылдағы дәстүрге сай әнші, актер Нұрлан Әлімжановтың «Алтын шипагер» әнімен аяқталды.

Даму тарихына тоқталды

Салтанатты жиында медицина қызметкерлері марапатталған соң кеш бағдарламасы бойынша елорда медицинасының тәуелсіздік жылдарындағы тарихы мен дамуы туралы бейнеролик көрсетілді. Шаһар Целиноград болып тұрған кезінде небәрі 300 мың адам тұрды. Медициналық қызмет көрсететін аурухана мен амбулатория саны саусақпен санарлықтай еді. Ең алғашқы қиындық, әрине, медициналық инфрақұрылымның дамымауы мен кадр мәселесі болатын. Бас қаланың Алматыдан Астанаға көшуі саланың дамуына серпін берді. Елордаға ағылған халық саны жыл өткен сайын өсіп, сөйтіп 327 мың адамнан қазіргі 1250000 адамға жетті, бүгінде осы халыққа БМСК көрсететін 38 медициналық ұйым бар. Бала туу көрсеткіші 1997 жылмен салыстырғанда 2 есе артты. Ол кезде астананың денсаулық сақтау саласында 1300 дәрігер, 1500 орта медициналық қызметкер еңбек етті. Жаңа ғасырда қалада 11 жаңа медициналық нысан, соның ішінде республикалық маңызы бар медициналық ұйымдар бой көтерді. Елордадағы клиникаларда жыл сайын жаңа технология, халықаралық стандарт пен ДДҰ ұсынымдары енгізіледі. Медициналық техника паркін жабдықтау мен жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.

Үздіктер төрге шықты

Осы салтанатты жиында «Үздік» атағын елорданың медицина қызметкерлері 8 номинация бойынша алды, олар: «Үздік МСАК ұйымы», «2022 жылдың тиімді менеджері», «Үздік жалпы практика дәрігері», «Үздік орта медицина қызметкері», «Үздік хирург», «Үздік акушер-гинеколог, «Үздік жедел жәрдем бригадасы» және «COVID-19 пандемиясының жеңімпазы».

Сонымен, «Үздік МСАК ұйымы» номинациясы бойынша №9 қалалық емхана жеңіске жетті. Марапат емхананың директоры Сәуле Смағұловаға тапсырылды. «2022 жылдың тиімді менеджері» номинациясы бойынша №2 көпсалалы қалалық аурухананың директоры Нұрбол Тұрсынбаев жеңіске жетті. Медицина қызметкерлерін марапаттау тарихында биыл алғаш рет арнайы номинация – «COVID-19 пандемиясының жеңімпазы» берілді. Бұл номинация марапатын инфекция жұқтырған науқастардың өмірін қорғап қалу үшін тоқтаусыз күрескен екі дәрігер алды. Номинация қалалық фтизиопульмонология орталығының директоры Анна Цепка мен №3 көпсалалы қалалық аурухананың директоры Жұлдыз Данбаеваға тапсырылды. Себебі олар осы ауруханаларда коронавирустық инфекциясы бар алғашқы науқастарды анықтап, негізгі соққыны өзіне қабылдады. «Жедел медициналық жәрдемнің үздік бригадасы» атағына жедел медициналық жәрдем стансасының №10 бригада ұжымы ие болды, атап айтқанда, дәрігер Рустама Құрманаева, фельдшер Нұржан Ешімбетов, жүргізуші Дулат Ультраков. Тағы бір номинация – «Үздік жалпы тәжірибелік дәрігер» №4 қалалық емхананың дәрігері Шолпан Мұқышеваға берілді. Ал «Үздік хирург» атағына №2 көпбейінді қалалық аурухананың жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Алексей Смоленский ие болды. №3 көпсалалы қалалық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі Эльмира Әлімжан «Үздік акушер-гинеколог» атанды. №11 қалалық емхананың учаскелік мейірбикесі Бибігүл Шоқыбасова «Үздік орта медицина қызметкері» номинациясын жеңіп алды.

Министрлік марапаты

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ұйымдастырған іс-шарада сөйлеген сөзінде денсаулық сақтау саласындағы әрбір жетістіктің артында дәрігерлердің қажырлы еңбегі тұрғанын атап өтті.

– Медицина қызметкерлері күні – сіздердің қызметіңіз үшін үлкен алғыс білдіретін күн. Медицина қызметкерлерінің жұмысы өте күрделі және жауапты, олар демалыссыз, мереке күндері де жұмыс істейді. Бүгін біз ең күрделі және маңызды міндеттің бірі – қолжетімді, сапалы және тиімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету бойынша бірлесіп жұмыс істеудеміз. Біздің салада 78 мыңнан астам дәрігер, 180 мыңнан астам орта медициналық персонал маманы және 10 мыңнан астам басқа да көмекші, бірақ сала үшін маңызды медициналық ұйымдар қызметкері жұмыс істейді. Медицинада жұмыс істеудің басты шартының бірі – адамдарға деген сүйіспеншілік. Сондықтан медицинада кездейсоқ адам жоқ. Өмірдің қиын және күрделі сәтінде адамға көмекке келе отырып, біз үлкен жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз! Бұл әсіресе соңғы, төтенше 2 жылда айқын көрінді. Бұл уақыт бүкіл планета үшін қиын болды. Қазақстан да бұдан тыс қалған жоқ. Еліміз сынаққа төтеп берді, ал жауапкершіліктің негізгі бөлігі алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерінің мойнына жүктелді. Олар бірінші болып тәуекелге барып, қауіпке төтеп берді. Пандемия кезінде ауруханаларда коронавирустық инфекциясы бар 500 мың науқас, реанимацияда 50 мыңға жуық ауыр науқас емделді және оларды 30 мыңнан астам медицина қызметкері емдеді, – деп атап өтті ҚР ДСМ басшысы.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button