Басты ақпаратМәдениет

АЛТЫНБЕКОВТЫҢ КӨРМЕСІ – АСТАНАДА

Қалың қазаққа Қырым Алтынбековты таныстырып жатудың қажеті жоқ. Қазақтың сан ғасырлық тарихын «тірілту» жолында тер төгіп жүрген суретші-реставраторды бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Басқа еңбегін айтпағанда, Париждегі атақты Луврда тәжірибеден өткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз қазақ. Қырым Алтынбековтың ел тарихын түгендеуге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Міне, бұрнағы күні атағы алысқа кеткен реставратордың қолымен жаңғырған туынды елорда жұртшылығына ұсынылды. Автордың ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайына қойылған жеке шығармашылық көрмесі «Көшпенділер мәдениеті» деп аталады.

Тарихты түгендей келе дархан далаға иелік еткен бабаларымыздың батырлығы мен көшпенділер өркениетінің кемелділігін паш ететін заттай айғақтарға қол жеткіздік. Алайда, сол ғасырлар бойы жер астында жатқан құндылықтарды қалпына келтіру бастапқы жұмысқа қарағанда әлдеқайда қиын. Елімізде тарихи заттарды қайта қалпына келтірумен айналысатын мамандар жоқтың қасы. Біле білсек, бүгінде еліміздің бас мұражайында тұрған «Алтын адам» аспаннан салбырап түскен жоқ. Төрткүл дүниенің тарихшыларын таң қалдырған «Берел» қорғанын біреу бере салған жоқ. Оларды жаңғыртқан өзіміздің мамандар. Әсіресе, сол құндылықтарға жан бітірген бірден-бір адам – біз әңгіме етіп отырған Қырым Алтынбеков десек қателеспейміз.

Саналы ғұмырын қазақтың ежелгі мәдениеті мен бай тарихының болғанын дәлелдеуге арнаған Қырым Алтынбековтың коллекциясында 1 мыңға жуық жәдігер бар. Айтуынша, бас қаладағы көрмеге еңбегінің он пайызға жуығын ғана әкеліпті. «Өйткені олардың барлығын елордаға алып келу мүмкін болмады. Мұнда келгендер біздің елдің тарихы, мәдениеті қандай болғанын зат түрінде танып, оның алғашқы күйі мен реставрациядан өткеннен кейінгі қалпын көре алады» деп бастады бізбен әңгімесін.

– Тәуелсіздігіміздің арқасында біз жоғалып кетуге шақ қалған бағзы мұраларымызды қайта жандандырып, қайтадан түлетуге мүмкіндік алдық. Бұл жерде мен қола дәуірден бүгінгі заманға дейінгі Ұлы дала тарихын көрсеткім келді,– дейді көрме авторы.

Көрме экспозициясына ондаған реконструкциялар, көшпенділер дүниетанымының сырын ашатын, бірнеше мыңдық тарихы бар зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері мен қару-жарақ үлгілері қойылған. Сондай-ақ, келушілерге Қырым ағамыздың қолынан шыққан тарихи және мәдени ескерткіштер, ежелгі қазбалардың көшірмелері мен тұтас кешендер ұсынылған. Оның арасында Есік қорғанынан шыққан «Алтын адам», Аралтөбе қорғанының «Сармат көсемі», «Берел» қорғанынан табылған археологиялық қазбалар, сақтардың
салттық қазаны, ғұндардың зергерлік бұйымдары, Түрік империясының байрағы, сақ көсемінің байрағы, хан жұбайларының киім-кешектері де бар.

Бұған дейін автордың шығармашылық көрмелері Чехия, Англия, АҚШ, Ресей, Түркия, Бельгия, Австрия сынды әлемнің бірқатар елдерінде өткен. Өз елімізде бұған дейін небәрі екі-ақ көрмесі өтіпті. Бірі – Алматыда, енді бірі – өткен жылы 7 қысқы Азия ойындарына арналған кешенді көрмеге қатысқаны еді. «Екеу-ақ» деп азсынатынымыз, тастағы тарихты жаңғыртып жүрген жалғыз маманымыздың көрмесін он жылда бір емес, жылына он рет өткізсек те көптік етпейді-ау. Әйтеуір, елорда күні қарсаңында «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы демеу беріп, ұйымдастыру жұмысын қолға алыпты.

Әңгіме соңында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер Академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері Қырым Алтынбеков жылдар бойы жинаған еңбегінің бір ұшқынын елордалық ағайынға таныстыруға мүмкіндік берген бұл көрмені ұйымдастырған белсенділерге зор алғысын білдірді. Айта кетейік, қола дәуірінен бүгінге дейінгі қазақ даласының тарихымен танысамын деген көрермен айдың соңына дейін Тұңғыш Президент мұражайына келіп «Қырым аралының» жұмысын көре алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button