Sport

АЛТЫНМЕН АПТАFАН АЗИАДА

Инчхонда өткен Азия ойындарында 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль иеленген Қазақстан жалпы жүлде саны бойынша осыған дейінгі Азиада ойындарындағы өз рекордын жаңартты. Бұған дейінгі ең үздік жетістік 1994 жылы Хиросимада тіркелген болатын. Онда қазақстандық спортшылар 27 алтын, 25 күміс пен 27 қола жүлде еншілеген еді.

ТРИУМФАТОРЛАР

Инчхонда Данияр Елеусінов (69 кг) Азия ойындарында қатарынан екі мәрте чемпион болған алғашқы қазақстандық боксшы атанды.

– Қазір әлемде «69 килограмм – Қазақстанның салмағы» деген пікір қалыптасқан. Қазақстан осы салмақ дәрежесінде қатарынан үш Азиадада алтынды жеңіп алды. 2006 жылы Дохада Бақыт Сәрсекбаев, 2010 жылы – Серік Сәпиев, биыл Данияр Елеусінов чемпион болды. Үш олимпиадада (2004, 2008, 2012) осы салмақта Қазақстан боксшылары жеңімпаз атанды, – дейді алматылық бокс бапкері Сапар Алмұхамедов.

Жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру) Доха, Гуанжоу, Инчхондағы Азия ойындарының үшеуінде де алтын алып отыр. Грек-рим күресінен Нұрмахан Тінәлиев те (120 кг) екі бірдей Азия ойындарының чемпионы атанды.

44 жастағы нысана көздеуші Ольга Довгун алғаш рет Азия ойындарына 1998 жылы қатысқан. Содан бері ол қатарынан бес Азиадаға барып, барлығында медаль алған. Довгун өзі қатысқан бес Азиадада екі алтын, екі күміс, төрт қола иеленсе, оның бір алтыны мен бір қоласы – Инчхоннан.

Қазақстан бокс құрамасы да өз тарихында алғаш рет Азия ойындарында алты алтын алды.

ЖҮЛДЕГЕРЛЕР

Өзге чемпионаттарда топ жарса да, Азия ойындарында алтынға қол жеткізе алмай жүрген қазақстандық спортшылар бар. Мәселен, бокстан әлем чемпионатын ұтқан Біржан Жақыпов қатарынан екі Азия ойындарында күмісті  қанағат тұтты. Ол екі жолы да жарыс өткен елдің боксшыларынан ұтылды.

Ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпио­ны, Лондон олимпиадасының жеңімпазы Зүлфия Чиншанло 2010 жылы Гуанжоуда алған күмісін Инчхонда да мойнына ілді. 2001-2013 жылдары регбиден Азия чемпионатында алдына қара салмаған, 2010 жылы Гуанжоудағы Азия ойындарын ұтқан Қазақстан әйелдер құрамасы биыл Инчхонда Қытай құрамасынан ұтылып, қола медаль еншіледі.

– Регбиден әйелдер құрамасы Азияда сөзсіз көшбасшы болған. Мемлекет оларға алтын алуды міндеттеген. Бірақ, орындай алмады. Одан кейін қазақстандық жанкүйерлер су добынан әйелдер құрамасынан да алтын күтті. Олар қоламен шектелді. Каноэ мен байдарка қайықпен жарыста жақсы нәтиже көрсеткенімізбен, академиялық ескек есуде алтын бұйырмады. Таэквондодан бір алтын алуды жүктеген. Ол да орындалмады. Теннис­тен әйелдер құрамасынан да алтын күттік, олар қоламен шектелді. Ал еркін күрестен Қазақстан 1994 жылғы Азия ойындарынан бері алтынға қол жеткізе алмай келе жатыр, – дейді спорт журналисі  Рауан Оқас.

МУЛЬТИМЕДАЛИСТЕР

Азия ойындарында Қазақстанның біраз спортшысы бірнеше медаль жеңіп алып, «Азиаданың мультимедалистерінің» қатарына енді. Жүзуден Дмитрий Баландин 50, 100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу жарыстарында үш алтын қанжығасына байлады. Ал жеңіл атлет Ольга Сафронова Азия ойындарының алтын (200 метрге жүгіру), күміс (эстафета), қола (100 метрге жүгіру) медальдарын иеленді. Каноэ есу жарысында Наталья Сергеева, Евгений Алексеев, Алексей Дергуновтар бір алтын, бір күмістен жеңіп алды.

Дзюдодан Елдос Сметов жекелей сында Азия чемпионы атанса, командалық жарыста күміске қол жеткізді. Сондай-ақ, Максим Раков (дзюдо) пен Екатерина Руденко (жүзу) екі күміс, апалы-сіңлі Екатерина және Александра Немичтер (синхронды жүзу) және Бақтияр Ибраев (нысана көздеу) екі қола иеленді.

АЗИЯ РЕКОРДТАРЫ

Инчхонда Қазақстан спортшылары Азия ойындарының ғана емес, құрлықтық және әлем рекордтарын жаңартты. Мәселен, ауыр атлетикадан Зүлфия Чиншанло серпе көтеруде 132 келіні бағындырып, әлем рекордын жаңартты. Ал, жүзуден Дмитрий Баландин өзі алтын алған үш қашықтықта да (50, 100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу) Азия ойындарының рекордына өзгеріс енгізді. Сонымен қатар, стенд атуда Қазақстан әйелдер құрамасы командалық жарыста 203 ұпай жинап, Қытай құрамасына тиесілі (201 ұпай) рекордтың мұртын бұзды. Жалпы есеп бойынша, Инчхонда барлығы әлем рекорды 14 рет жаңарса, Азия рекорды 28 мәрте бұзылды.

КЕРЕК ДЕРЕК

МЕДАЛЬ ДАУЫ ЖӘНЕ ТАРИХИ ЖЕТІСТІКТЕР

Әйелдер боксынан үндістандық Сарита Деви жартылай финалда жарысты ұйымдастырушы ел Оңтүстік Корея спортшысы Жи На Пактан ұтылып қалды. Бірақ ол марапаттау кезінде медальды мойнына ілуден бас тартып, жүлдесін Жи На Пакке ұстату арқылы төрешілердің шешіміне қарсылық білдірді. Кейін бұл қарсылыққа АИБА (халықаралық бокс федерациясы) араласып, Сарита Девидің жүлдесі Үндістан бокс федерациясына тапсырылды.

2010 жылғы Азия ойындарында жүлдесіз қалған екі ел – Түркіменстан мен Тәжікстан Инчхонда жақсы нәтиже көрсетті. Алғашқылары бір күміс еншілесе, тәжіктер бір алтын, бір күміс, үш қолаға қол жеткізді. Ал Гуанжоуда бір алтын, екі күміс және екі қола алған Қырғызстан құрамасы Инчхонда бар болғаны екі күміс пен төрт қола медальді қанағат тұтса, Өзбекстан 9 алтынмен ондыққа кіре алмай, Гуанжоудағы жетістігін (11 алтын) қайталай алмады.

1994 жылдан бері Қазақстан Азия ойындарында барлығы 140 алтын, 141 күміс және 200 қола (барлығы 481 медаль) иеленген. Ал Бутан, Мальдив аралдары және Шығыс Тимор әлі күнге Азия ойындарының тарихында бірде-бір медаль алып көрмеген.

Келесі XVIII жазғы Азия ойындары 2018 жылы Индонезия астанасы Джакартада өтеді.

 

ДОПИНГ ДАУЫ

Азия ойындарында алты спортшы допинг дауына ұрынды. Қытайлық жеңіл атлет Чжан Вэньсю (балға лақтыру) Азиаданың чемпионы атанғанымен, кейін қанынан допинг табылғандықтан, өз орнын күміс алған отандасы Ванг Ченгке беруге мәжбүр болды. У-шу шебері малайзиялық Таи Чеи Хуеннің де қанынан допинг табылып, алтыннан қағылды.

Сондай-ақ, Азия ойындары кезінде Куршед Бекназаров (Тәжікстан, футбол), Ноурадин әл-Курди (Сирия, каратэ), Ю Сопхану (Камбоджа, софт теннис), Мохаммед Жассим (Ирак, ауыр атлетика) есімді спортшылар допингпен ұсталды.

 

Руслан МЕДЕЛБЕК, арнайы «Астана ақшамы» үшін

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button