Сұхбат

Алтыншаш ТАБУЛДИНА, Астана қаласы №5 емхананың бас дәрігері: АЛДЫН АЛА ЖАЗЫЛУ – МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК САПАСЫН ЖАҚСАРТАДЫ

– Сәлеметсіздер ме? Тікелей тілдесу ме екен? Алтыншаш Жұмашқызы, баламның медициналық карточкасын үйге алып кетейін десем, дәрігер оны қолыма бермейді. Осы дұрыс па?

– Әрине, дәрігеріңіз дұрыс айтады. Себебі, Қазақстан Рес-публикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 10.09.2011 жылғы «Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдағы тіркеу орнының Нұсқауды бекітуі туралы» №606 бұйрығына сәйкес, науқастың амбулаториялық картасы ем­ханада сақталуы қажет. Көбіне аурулар оны өзімен бірге алып кететіндіктен, жоғалтып алады да, медицина қызметкерлерінен көріп жатады. Жалпы, жоғарыда аталған бұйрық бойынша емдеу мекемесіндегі құжаттардың сақталуына тіркеу бөліміндегілер жауапты. Сондықтан, карточканың емха­нада болғаны дұрыс.

– Мен №5 емханаға тіркелгенмін. Жақында суық тиіп, ауырып қалдым. Жұмыстан сұрана алмай­мын, күндізгі стационарда емделуіме бола ма? Ол үшін кімге жолығуым керек?

– Әрине, болады. Біздің емханаға тіркелген болсаңыз, алдымен учаскелік дәрігеріңізге барасыз. Ол кісі сырқатыңызға байланысты сізге жолдама береді. Сол бойынша анализ тапсырасыз. Сосын күндізгі стационардың дәрігері анализ қорытындылары бойынша сізге ем белгілейді.

– Ол неше күнге созылады?

– Сырқатыңызға байланысты, бес күннен жеті күнге дейін со­зылуы мүмкін.

– Күндізгі стационарда емделу тегін бе?

– Иә, бізде бәрі тегін, тегін медициналық көмек көлемі аясында емхананың күндізгі стационарында ақысыз емделе аласыз.

– Кеудемде сүт болмағандықтан, 6 айлық баламды жасанды қоспамен тамақтандыруыма тура келді. Айтыңызшы, өзім тіркелген №5 емханадан балалар қоспасын тегін алуыма бола ма?

– Сүт қоспасы жасан­ды тамақтанатын барлық балаларға бірдей беріле бермейді. Қазақстан Респуб-ликасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 11 қарашадағы № 786 бұйрығымен бекітілген тізім бойынша ол тек медициналық немесе әлеуметтік көрсеткіші бар балаларға ғана беріледі.

–Бұған дейін біз «Ки­ров» отбасылық дәрігерлік амбулаторияға қаралатын едік, онда балаларды пе­диатр дәрігер қарайтын. Өте ыңғайлы еді. Ал, қазір осы емханадағы 23 учаскеде тіркелгенбіз, жалпы тәжірибе дәрігеріне қараламыз. Бір түсінбейтінім, мұнда неге балалар мен ересектер бір кезекте тұрады?

– Дұрыс, сіз қаралған ОДА-да осындай тәжірибе қалыптасқан. Ал, біздің емханада жалпы тәжірибе дәрігерлері жұмыс істейді. Олар отбасы мүшелерін тегіс қарайды. Бұл өзін өте жақсы жағынан танытқан әлемдік тәжірибе, сондықтан денсаулықты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында жалпы тәжірибелі дәрігерлікке өту мәселесі қарастырылған. Меніңше, жалпы тәжірибе дәрігері бөлімінің келешегі алда. 2013 жылы медициналық жоғары оқу орындарын пе­диатр дәрігерлерінің ақырғы түлектері бітіріп шығады, одан әрі қарай медициналық инсти­туттар тек жалпы тәжірибе дәрігерлерін даярлайтын бола­ды. Ал, болып жатқан уақытша қолайсыздықтар «кезексіз ем­хана» жобасының шеңберінде қаралған емделушілердің алдын ала жазылуы арқылы шешіледі деп ойлаймын.

– Менің жеті айлық балам бар, аяқ астынан әйелім ау­ырып, ауруханаға жатып қалды. Сәбиімді өзім күтіп жатырмын. Атыжөнім – Садуақасов Мақсат. Еңбекке жарамсыздық парағын кімнен аламын?

– Қазақстан Республика­сы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қазандағы № 1241 қаулысына сәйкес, анасы ауырып, балаға қарай алмаған жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздық парағын немесе анықтаманы әйеліңіздің емделген медициналық ұйымынан ала аласыз. Ол үшін сол мекеменің басшысымен сөйлесуіңіз керек.

– Біз қалаға жақын маңда орналасқан Талапкер ауы­лында тұрып жатырмыз. Бірақ мекенжай бойынша №5 емхананың аумағына тіркелгенбіз. Алтыншаш Жұмашқызы, сәбиіммен осы емханаға қарала аламын ба?

– Кішкентайыңыз неше жас-та?

– Туғанына көп бола қойған жоқ, нақтырақ айтсам, жи­ырма күннен асты.

– Жоқ. Себебі, балалар тіркелу бойынша емес, нақты тұратын жерінде қаралуы ке­рек. Жаңа туған сәби бір айына дейін дәрігердің бақылауында болады. Оның үстіне Талапкер кенті Астана қаласының шегіне кірмейді.

– Жалпы, дәрігер мен медби­ке жас баланы қаншалықты жиі бақылауы қажет?

– Денсаулық сақтау министрлігінің №164 бұйрығына сәйкес, перзентханадан шығарылған бірінші үш күн ішінде дәрігер жаңа туған сау баланың үйіне медбикемен бірге ба­рады. Балаға 14 күн толғанда хабар алады және 1 айында қабылдауына шақырады. Содан 1 жасқа келгенше дейін әр ай сайын сәбиді анасы дәрігердің қабылдауына әкеліп тұруы ке­рек.

– Жасым отыз сегізде, жақында нәрестелі бол­дым. Кеш босанғандықтан болар, сәбиіме қатысты барлық жәйттерге, әсіресе, денсаулығына қатты алаңдаймын. Егулерден кейінгі асқынулар туралы га­зетжурналдарда болсын, ғаламторда да көп жазып жүр ғой, сондықтан қауіпсіз егулер жасатқым келеді. Әлсіз вакцина туралы да естідім. Балама сондай егулер жасату­ыма бола ма?

– «Инфанрикс» – реактагендік вакцина – жасушасыз көкжөтел дифтериялы тырысқақ вакцинасы, құрамында дифте­риялы анатоксин, тырысқақты анатоксин және үш тазаланған көкжөтел антигені бар. Қазіргі уақытта осы вакцинамен АКДС вакцинасы жақпай қалған жағдайда неврологиялық белгісі үдеген балалар ғана егіледі.

– Балам биыл бірінші сыныпқа барады. Балабақшада болған емеспіз, айтыңызшы, қай уақыттан бастап алдын ала тексеруден өтсек болады және мектеп табалдырығын аттамас бұрын емханаға қандай талдаулар тапсы­рамыз?

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 16 наурыздағы №145 бұйрығына сәйкес, мектепке барар алдында кез келген бала арнаулы маман дәрігерлердің тексеруінен өтуі керек. Олар: отоларинголог, окулист, невропатолог, хирург, стоматолог. Сонымен бірге балаңыз келесі талдауларды: ЖҚТ, ЖНТ, і/қ нәжісін тап­сырады. Бір ескерте кететін жәйт, біздің емханада арнаулы мамандарға алдын ала жазылу қажет.

– Барлық жерде талон алуымызды талап етеді, соның салдарынан дәрігердің қабылдауын бірнеше күн күтуімізге тура келіп жүр. Бұл бізге, емделушілерге не береді?

– Талон арқылы дені сау және диспансерлік есеп­те тұрғандар, балалар егіле алады, сондай ақ «Сау бала­лар» күніне қабылдауға жа­зыла алады, ал қатты ауырып тұрған науқастар «фильтр» кабинетіне қарала алады және дәрігердің аурулар бойынша емделушілерді қабылдайтын күніне жазыла алады. Соны­мен бірге талон емделушінің дәрігер қабылдауында болуды алдын ала жоспарлауына және уақытты ұтымды пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл ретте кез келген емделуші өзінің жұмыс күнін дәрігер қабылдауындағы уақытпен жоспарлай ала­ды, ал дәрігер жоспарланған емделушілерін күтіп, оларға қандай ақыл-кеңес беретіні жөнінде ізденіп, дайындалады. Осындай жағдайда ғана дәрігер емделушіге ұзақ уақытын бөліп, оны мұқият тексере алады.

– Кейбіреулер талонсыз-ақ, кезекке тұрып, дәрігерге көрініп кетіп жатады. Сон­да алдын ала жазылудан не пайда?

– Өкінішке орай, бұл жобаны біздің емделушілер әлі де бол­са түсінбей жатыр. Мәселен, емханаға келген күні бірден барлық тексерулерден өтіп, зерттеулер мен емді де алып кетуді ғана күйттейтіндер аз емес. Біздің тұрғындар өз денсаулығы үшін нақты бір уақытты ажыратуға және жоспарлауға үйренбеген. Бірақ, әлемдік тәжірибе басқаша. Дәрігер қабылдауына алдын ала жазылса, оның жүктемесі азайып, керісінше медициналық көмек көрсету сапасының жақсаратынын көпшіліктің әлі де болса түсінбей жатқаны шындық. Мы­салы, жақында іссапармен Финляндияда болғанымызда, мынандай жәйтке қанықтық: онда да дәрігер біздің елдегідей тұрғындарға қызмет көрсетеді, бірақ олар алдын ала жазы­лу арқылы тек 10 кісіні ғана қабылдайды және телефон бой­ынша 15 кісіге кеңес береді екен. Телефондағы дәрігер кеңесін емделуші 13-15 күн күтуі мүмкін. Соған қарамастан, бұл мемлекетте медициналық көмек көрсетудің деңгейі өте жоғары болып есептеледі. Дәрігердің нормаланған жүктемесі медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Осыны көзімізбен көріп қайтқандықтан, біз де алдағы уақытта емделушілерімізбен осындай өзара түсіністікте жұмыс істейтін боламыз деп үміттенеміз. Өйткені, біздің дәрігерлер де әрбір емделушіге барынша көңіл аудару үшін күш жұмсауда.

– Менің балам жиі ауыра­ды. Дәрідәрмектерді үнемі дәріханадан сатып аламыз. Өзіңіз білесіз, қазіргі кезде арзан дәрі жоқ, аздап қана алғанның өзінде көп ақша кетеді. Емханадан тегін дәрі-дәрмек алуға болады дегенді естідім. Соны қалай алуға болады?

– Иә, Қазақстан Респуб-ликасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 14 қарашадағы №786 бұйрығына сәйкес, белгілі ауру­лармен ауыратын адамдар амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмек көрсету кепілді көлемі шеңберінде тегін дәрі-дәрмектермен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Балаңыз диспансерлік есепте тіркелген бе?

– Жоқ.

– Ал, тегін дәрілер тек диспансерлік есепте тұрған емделушілерге ғана беріледі.

– Алтыншаш Жұмашқызы, учаскемізде дәрігер жоқ.

– Қай учаске?

– 18інші, дәрігеріміз декреттік демалысқа кеткен, енді бізді кім қарайды?

– Еш алаңдамаңыз, учаскеде дәрігер болмаған жағдайда, учаскеге үйге шақыру және әрі қарай қабылдауға шақырып отыратын немесе үйінде бақылайтын белгілі бір дәрігер бекітіледі. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Астана қаласының медициналық университетін бітірген жас мамандарды асыға күтудеміз. Қалай болғанда да, дәрігерсіз қалмайсыздар.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button