Сұхбат

Алтыншаш ЖАҒАНОВА, жазушы,қоғам қайраткері: ЖАРТЫ ҚАНЫМ – ЖЫЛҚЫНІКІ

  алтыншаш

   

Бұл – Анаға құрмет көрсету күні

– 8 наурыз мерекесі құтты болсын!

– Рахмет, айналайын!

– Сіз үшін бұл мерекенің маңызы неде?

– Мен үшін 8 наурыз – Анаға тағзым ету, оларды құрметтеу күні. Жалпы, әлемнің 50-ден аса елінде Аналар күні деген арнайы күн бар. Бұл күні адамдар өзін дүниеге әкелген аналарын еске алып, оларға құрмет көрсетіп жатады. Өмірде анадан ардақты, анадан мейірімді кім бар?! Бұл туралы айтудың өзі артық. Анаға тағзым дегеннің астарында үлкен мән жатыр. Қазақтың ұлттық ерекшелігінің бірі де – ата-ананы сыйлау, олардың алдынан кесе-көлденең өтпеу, қарсы келмеу қанымызға сіңген әдет. Өкінішке қарай, осы қасиеттерімізден айыры­лың­қырап бара жатырмыз. Сондықтан елімізге ана мейірімі мен махаббатын асқақтататын осындай мерекелер қажет-ақ. Кезінде мен Қазақстанда Аналар күнін белгілейік деген ұсыныспен Елбасына шыққан едім. Алдыңғы жылдан бері елімізде атап өте бастағанын естідік. Бірақ бұл күннің қадір-қасиетін әзірше жете түсінбей жатқан сияқтымыз. Себебі, екі жыл ішінде кең көлемде аталып өте қоймады. Сондықтан әзірше 8 наурыз – мен үшін Анаға құрмет көрсету күні.

– Ал өзіңіз 8 наурызды қалай қарсы аласыз? Бұл күні қандай сыйлық алғанды жақсы көресіз?

– Біздің үйде кез келген мерекеде дастарқан жаюлы, ет асулы, бауырсақ пісірулі тұрады. Қонақжай қазақпыз ғой. Мереке күндерінде дастарқанымыз жиылмайды. Ал енді өз басым сыйлық мәселесіне онша көңіл аудармаймын. Жастайымнан ерлерше тәрбиеленгендіктен бе, бұған аса мән беріп көрмеппін. Біреу сенің қал-жағдайыңды сұрап, қуанышыңмен бөлісіп жатса, мен үшін сыйлықтардың төресі осы. Жылы сөздер кәдімгідей көңіліңді көтеріп тастайтыны шын. Бірақ біреулер құттықтамай жатса, оған да ренішім жоқ. Жалпы өз басым ешкімге өкпелеген адам емеспін. Бұл да менің еркекше өскен мінезімнен болса керек. Әрі қазір қарбалас заман ғой. Ешкім қарап жүрген жоқ. Бәрінің де өз тіршілігі бар. Сондықтан «сен мені мерекемен құттықтамадың, туған күнім еді, оны да ұмыт қалдырдың» деп өкпелеудің өзі артық.

 

алтыншаш 2

«Ұлттық тағам әзірлегенді ұнатамын»

– Сізді небір тағам түрін дәмді етіп әзірлейді деп естиміз. Жаңа өзіңіздің қолыңыздан дәм татқанда да осыған көз жеткіздік. Жалпы ерекше сүйіп әзірлейтін тағамыңыз қандай?

– Мен негізінен ұлттық тағамдарды жасағанды ұнатамын. Әсіресе, етті жіліктеп бөліп, асқанды жақсы көремін. Етті кастрөлге пісірмеймін. Онда ет бірінің үстіне бірі мінгесіп, дұрыс болмайды. Ал, қазанда пісіргенде ет жайылып, жақсы әрі тез піседі.

– Сіз пісірген тандыр нанның дәмі де тіл үйіреді деседі. Мәзіріңізбен бөлісе отырсаңыз…

– Ежелде шешелеріміз нанның небір түрін пісірген ғой. Тандырға нан жапқанды жақсы көретінім рас. Бұл өзі ерекше тағам. Өз басым ұнға сары май, жұмыртқа, қант, тұз қосып тек сүтке илеймін де жарты сағатқа ашытып қоямын. Бұл тағамды жасарда қамырға ерекше мән беру керек. Ол да тірі организм секілді. Дұрыс иленбесе, шектен тыс ашып немесе көтерілмей қалады. Сондықтан қамырды өте жұмсақ етіп илеу керек. Бабымен пісірілген нан бір апта бойы дәмі мен бұрқыраған иісін жоғалтпайды.

– Осындай шаруақорлығыңыз жалғыз қызыңызҚарагөзге жұққан ба?

– Анаға барлық баласы бірдей ғой. Бірақ жалғыз қызым болғандықтан ба, Қарагөзіме деген ықыласым ерекше болды. Үйде көп ұрыс еститін де Қарагөз еді. Себебі, ол – қыз бала, ертең біреуге жар, біреуге келін болады. Сондықтан оның үй шаруасында пысық болуын қатаң қадағалауда ұстадым. Қарагөз қаршадайынан қамыр иледі, ыдыс-аяқ жуып, тамақ пісіруді үйренді. Әсіресе, соңғы міндетін мінсіз атқаруына ерекше көңіл бөлдім. Себебі, қыз бала тамақ пісіре алмаса, ертеңгі күні жақсы әйел бола алмайды. Біз еуропалықтар емеспіз ғой, жартылай дайын тамақты әкеліп жей салатын. Ұлттық дәстүріміздің артықшылығы да осы қонақжайлығымызда. Қазақтың дастарқаны әрдайым жайылып тұруы керек. Ас үйінен тамақтың иісі бұрқырап тұрмаған үй – үй емес. Қонақ келмейтін, қазаны көтерілмейтін үй нағыз қу мазар дер едім. Сондықтан қызымның бойына қазақтың осы қасиетін сіңіріп, қонақжай болуға, дастарқаны ашық болуға баулыдым. Құдайға шүкір, Қарагөздің шаруақорлығы ешкімнен кем түспейді. Ол тазалыққа, талғамға, тағам дайындауға келгенде алдына жан салмайды. Қашан да қолы ашық. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш.

 

Ер мінезді ерке қыз

– Алтыншаш Қайыржанқызы, енді балалық шағыңызға сәл-пәл саяхат жасап көрсек. Сіз қандай бала болдыңыз? Әке-шешеңіз қандай адамдар еді?

– Менің әкем жылқышы болған. Көзі ашық, көкірегі ояу адам еді. Жыр-поэмаларды сүйіп оқитын. Татардың «Алтынчеч» поэмасына ерекше қызығушылық танытып жүрген тұста мен дүниеге келіп, атымды «Алтыншаш» деп қойыпты. Өзім шешемнің 45 жасында туыппын. Анам әбден қиналса керек, мені тіпті емізе де алмаған. Содан не керек, мені саумалмен асырапты. Кейде «менің жарты қаным – жылқынікі» деп қалжыңдайтыным бар. Жылқыны жақсы көретінім де сондықтан шығар. Шешем де өнерге жақын кісі болған. Шет ауылда бір әнші-жыршы келді дегенді естісе, дастарқанын жайып, арнайы қонақ етіп жіберетін.

Ал мен ерке-шолжаң болып өстім. Екі ұлдан кейін жалғыз қыз болған соң ба, әкем мені ерекше еркелетті. Өзім де тентек едім. Екі ағам және үйімізде немістің жетім қалған бес баласы тәрбиеленді. Солармен бірігіп алып, ағашты ат қып мініп, ауылды шаңдатып жүрдім. Төбелес бола ма, ортада мен жүремін. Мен туып-өскен Ақмоланың Астрахан ауданы, Астраханка ауылында орыстардың үлес салмағы көп-тұғын. Олармен де ара-тұра қырылысып тұрамыз. Мектепке барғанға дейін мені әке-шешем ұлдарша киіндірді. Алғаш мектепке барғанда шешем басыма ұлдардікі сияқты құлақшын кигізіп жіберді. Өзімнің көңілім баяғыдай, мектепке жетіп бармаймын ба? Сөйтсем, бірнеше орыстың баласы менің басымдағы құлақшынды көрсетіп, келемеждеп шиық-шиық күліп тұр екен. Әй, бір намысымның келгенін-ай. Жетіп бардым да, біреуін шықшыттан, екіншісін сегізкөзден оңдыртпай ұрдым. Осылай ұруды әкем үйреткен болатын. Әлгілер алды-артына қарамай зытты. Міне, осындай төбелесқор, тентек болдым. Бірде әке-шешем қонаққа ертпей кетті деп бір асау тайды ерттеп мініп алып, 11 шақырым жерге түнделетіп кетіп қалғаным бар. Қазір ойласам, күлкім келеді.

– Сізді мылтық атудың да шебері дейді…

– Бұл да балалық шақтан қалған бір белгі ғой. Менің ағаларым мерген болған. Елде жоқ шағын калибрлі винтовка тек менің үлкен ағамда ғана болатын. Олар атып жатқанда, мен қарап қаламын ба? Қояр да қоймай жүріп, оны да үйреніп алдым. Әкемде аңшының ұзын мылтығы болды. Ағаларыммен бірге, сол мылтыққа оқ жасауды да меңгердім. Қазір мылтықтың оғы қалай жасалатынын менен артық ешкім білмейтін шығар осы (күлді).

– Бірақ мектепті үздік бітіріп, Мәскеудің әдебиет институтын түскеніңізге қарағанда, ақылды тентек болған сияқтысыз...

– Біздің кезімізде мұғалімдер сауатты ма, әйтеуір сол кездегі балалардың көпшілігі сабақ оқуға құмар болатын. Өзім әдебиетті ерекше ықыласпен оқыдым. Ауылда үлкен кітапхана болатын. Қолым қалт етсе, сонда барып әлем классиктерінің шығармаларын ақтаратынмын. Соларға еліктеп, өлең, әңгімелер жаза бастадым. Алғашқы тырнақалды дүниелерім аудандық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрды. Бұл менің балалық талпынысыма ерекше қанат бітіріп, жазушы боламын деген арманыма жол салды.

 

«Мен үшін Әнекеңнің орны бөлек…»

Әңгімеміз сіз туралы және жалпы әйелдер тақырыбында болғаннан кейін мына бір сұрақты қоймай кетуге болмас: жалпы өзіңіз айтқандай, қазақта адами қарымқатынастарға негізделген жақсы дәстүрлер бар. Солардың бірі – ене мен келін арасындағы сыйластық. Зиялы қауым ортасында Асқар Сүлейменовтің анасы – Айтоты мен Әбіш Кекілбаевтың анасы – Айсәуле апалардың өзара сырластығы мен достастығын, олардың тектілігін, қайсарлығы мен даналығын жыр ғып айтады. Айтоты апаның алдын өзіңіз де көрдіңіз. Жалпы ол кісімен ене мен келін ретіндегі ара-қатынасыңыз қандай болды?

– Дүйім жұртқа «Әбіштің анасы» ретінде танылған Айсәуле Жұмабайқызы шын мәнінде кірпияз, салиқалы, әділдікті қақ жаратын турашыл кісі еді. Ал менің енем – Айтоты да ол кісіден қалыспайтын. Екеуі де ерте жесір қалған, кейін мұңдас-сырлас болған құрбылар ғой. Апамыз асықтай кісі болса да, сөзі ірі еді. Біреуге ат қойса, тура дөп түсетін. Тіпті ол кісі анайы сөздерді қосып жіберсе де ерсі көрінбейтін. Үйді таза ұстау, тағам жасау жағынан өте мықты болды. Сондай адаммен қарым-қатынасымыз неге жаман болсын?! Әрине, бір кездері қиындықтар болды. Олардың қайсыбірін айтайын?! Бірақ текті кісі ғой. Кейін бәрін түсінді. Ол кісімен өмірінің соңына дейін сыйласып кеттік. Дүниеден озарда: «Алтыншашпен әй-шай дескен жоқпыз, бір ауыз сөзге келген емеспіз» деп айтып кетуінің өзі тектілігін байқатса керек. Ол ұлым, немересі – Әлішердің қолында тұрды. Араласып-құраласып жүрдік. Байланысымыз үзілген емес. Өзіміз барып, ақтық сапарына шығарып салдық. Екі апаның да өмірден бар көрген бақыты жалғыз ұлдары еді. Баласының да, немерелерінің де қызығын көрді.

– Ал өзіңіз қандай енесіз?

– Енді… жаман ене емес сияқтымын (күлді). Себебі, мен балаларымның отбасына араласпаймын. Ал қызыма «сен бұл босағадан кеткенсің, барған жеріңде тастай батып, судай сің» деймін. Келіндерімді еркелетемін. Менің ұлыма ол жақсы болса, маған да жақсы деген сөз. Әрине, жас болғаннан кейін кемшіліктері болады. Бірақ айтпаймын. Олардың өз өмір сүру заңдары бар. Балаларын асырап отыр. Ешкімнен кем емес тіршілік етіп жатыр. Бұдан басқа ата-анаға қандай бақыт керек?!

Әнес ағамыз сізді «тәрбиелі келін­шек, маған дворян жазу­шы­лар­дың жағдайын жасап отыр» дегеніне қарағанда, құдай қосқан қоса­ғы­ңызды ерекше құрмет тұта­тын сияқтысыз…

– Ия, мен үшін Әнекеңнің орны мүлдем бөлек. Ол кісі –жазушы. Ол кісі еңбекқор. Әнекең бас алмай жазуға бар. Тіпті айтпасаң, тамақ ішуді де ұмытып кетеді. Кейде жаным ашып: «Папасы-ау, денсаулығыңнан не қалды, жазуды енді қойсаңшы» деймін. Оған көнетін папамыз жоқ. «Мен жазуды тастасам, кім болғаным» деп балаша ренжиді. Әнекеңнің жазып жүрген дүниелері – күрделі еңбек. Сондықтан жанашырлықпен қарап, барлық жағдайын жасап беруге тырысамыз. Бұл үйде папа не айтты, сол болады. Ол кісі ақша мәселесіне араласпайды, анаған-мынаған жұмсап қойды деп басын қатырмайды. Ол кісіге жаңа киім алып беру дегеннің өзі – үй салудан да қиын. Дүкенге бармайды. Дүниеге қызықпайды. Бар есіл-дерті – тек жазу. Папамызға жағдай жасамай, не бітіреміз біз?!

 

«Бірыңғай драматургия­ жазуға көштім…»

Үйіңіз музей сияқты екен. Оның іші-сырты сіздің талғамыңызбен жасалды ма?

– Біркездері мен Зайсанда жер сілкінісінен бұзылған үйлерді тексеріп жүріп, өзімнің қалай құрылысшы болып кеткенімді байқамай қалдым. Үй салудағы алғашқы «тәжірибемді» Алматыда саяжай салудан бастадым. Кейін Астанада кеңсе салдым. Қазіргі үйім – төртінші құрылысым деуге болады. Алдында туған ауылым – Астрахан ауылындағы ағамның үйін салуға көмектестім. Жалпы,­ үй салғанда оның жылылығы, коммуни­кациялық желілерінің жоғары талапқа сай болуына басты көңіл бөлемін. Құрылысты тұрғызатындар басқалар ғой. Ал мен басы-қасында жүремін. Құрылыс материалдарын өзім таңдаймын. Үйдің ішін безендіру – менің мойнымда.

– Мына коттедж үйіңізді қанша жылда салдыңыз?

– Сегіз жылда әрең бітірдік қой.

Үйіңізді Талапкерге тігіпсіз. Бұл ауыл сізді несімен тартты?

– Кезінде әке-шешем жәрмеңкеге барар жолда осы Талапкер ауылына түнеп кететіні еміс-еміс есімде. Жалпы бұл өзі – қымызды ауыл. Жылқы ұстайды. Ауасы да таза. Есіл өзені де тиіп тұр. Біздің Әнекең – балықшы ғой. Сол кісінің де жағдайын ойладық. Екінші жағынан, туған ауылыма да қашық емес. Өз басым жақсы көремін осы өңірді.

– «Руханият» партиясының соңғы сьездерінің бірінде енді тек шығармашылықпен айналысамын деп едіңіз. Қазір не жазып жүрсіз?

– Мен қазір бірыңғай драматургия жазуға көштім. Осы салада жазып жатқан дүниелерім бар. Әлі нүктесі қойылмаған шығармалар туралы айту ерте деп ойлаймын.

 

Қымбат Тоқтамұрат

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button