Алып үйден шыққан айқай

Сәуір айының басында Астана қаласындағы ең үлкен тұрғын үй кешенінің бірінде мәселе туындады. Дұрысы, «Хайвил Астана» көпқабатты тұрғын үй кешенінің тұрғындары өз мүдделеріне нұқсан келгенін айтып отыр. Мәселе «Community Center» ғимаратына қатысты. Бұл аталған тұрғын үйдің «D» блогында орналасқан әлеуметтік-мәдени, емдеу-сауықтыру орталығы еді. Әу баста «High Vill Kazakhstan» ЖШС иелігінде болған ғимарат жақын арада жабық түрде, яғни тұрғындарға жария қылмастан «Innovation Group» ЖШС-ке сатылып кеткен.
Тұрғындардың сөзінше, орталық тұрғын үйге жапсарлас салынған. Әрі оның жертөлесінде тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ететін торап та бар. Сондай-ақ көпқабатты «Хайвил Астана» тұрғын үй кешенінің бастапқыда жарнамасы жақсы болған соң шығар, көптеген астаналықтың үлескер болып, аталған аумақтан баспана сатып алуға бірден-бір ынталы болғаны рас.
«2004 жылы құрылыс жүріп жатқан уақытта бізге қажеттінің барлығы болатынын айтты. Яғни тұрғындар үшін үйден бөлек, мектеп, балабақша, сауда үйі, емдеу-сауықтыру кешені, автотұрақ туралы жарнама жасады. Көп азамат сол үшін қымбат екеніне қарамастан, осы жақтан пәтерге бар ақшасын құйып, тіпті жетпеген жеріне банктен несие алып, үлескер атанды. Өйткені тұрғын үй аумағына жататын әрі пәтер иелерінің қажетіне жарап тұрған мұндай нысандарды осындағы тұрғындардың игілігі болады деп сендік. Жеке қолға өтпейді деп ойладық. Себебі біздің де құрылысқа қатысты аз болса да үлесіміз бар деп ойлаймын. Бірақ белгілі болғандай, қазіргі иесіне бұл ғимаратпен қоса оның астындағы жер учаскесі мен іргелес аумақ та жекеменшікке берілген» дейді тұрғынның бірі Ләззат Хасенқызы.
Бүгінде 15 мың тұрғыны бар 8 блоктан тұратын кешенде осыған қатысты көп сұрақ туындап отыр. «ҚР Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның 49-1-бабына сәйкес, жер учаскесі кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне кіруі немесе мемлекеттік меншікте болуы тиіс екеніне қарамастан бұл учаскенің жекеменшікке берілуі дұрыс па? Құрылыс салушы тарапынан кондоминиум нысаны мемлекетке толық және заңды түрде тіркелген бе? «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес аталған үйдің «D» блогының мүліктің меншік иелері бірлестігіне қажетті құжат берілген бе?
«Бүгінде «Community Center» сауықтыру орталығын сатып алған иесі оны IT-мамандарына арналған бизнес ғимаратқа айналдыратын көрінеді. Тіпті оның үстіне тағы бір қабат етіп құрылыс жүргізеді деген дерек бар. Ал бұл тұрғын үй кешенінің инфрақұрылымын бұзып қана қоймай, осында тіршілік ететін тұрғындардың өмір сүру сапасына да әсер етпек. Бұған қоса, пәтерлердің нарықтағы құнына кері әсер етуі мүмкін. Біз салық төлеуші әрі тұрғындар ретінде өз құқығымызды қорғау үшін Астана қаласының әкімдігіне ұжымдық шағым білдірдік. Ол тараптан бұл мәселе әлі қарастырылып жатыр. Шешімін күтіп отырмыз. Жалпы тұрғындар мен әкімдік өкілдері, «High Vill Kazakhstan» ЖШС және жаңа меншік иесі арасында ашық кездесу болып, мәселе толық талқыланбай болмайды» дейді тағы бір тұрғын Балқия Бейсенғалиева.
Тұрғындардың бір ғана өтініші бар. Ең бастысы, 2012 жылдан бері жұмыс істеп келген «Community Center» нысанын сақтау керек. Өйткені ол ғимараттағы барлық қажеттіні мұндағы жас та, жасамыс та тұрақты пайдаланып келген.
– Біздің ғимарат астындағы жер учаскесінің жекеменшікке берілуін және кондоминиум құрамының қалыптасу заңдылығын тексерсе екен дейміз. Өйткені оны сатып алған адам бұл маңды өз мүддесі үшін бүлдіре ме деген күдік бар. Бүгінге дейін «Community Center» орталығы өз функционалдық міндетін керемет атқарды десем болады. Осындағы барлық санаттағы тұрғындар үшін денсаулығын сақтау, спорттық және мәдени мақсаттағы түрлі қызмет көрсететін тамаша орын болғаны да рас. Үлкен-кішіміз, балаларымыз да осы клубтың мүшесі болып келдік. Мұнда жылдық, айлық және отбасылық клубтық карталарды сатып алып, денсаулығымызды күтуге, жақсартуға пайдаландық. Осында бірі жүзуге келсе, бірі тренажерлік залда жаттығып келді. Немерелеріміз де осында спорт секцияларына қатысуда. Тіпті арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі балаларымыз да осында ем алып жүр емес пе?! Енді олардың болашағы қалай болмақ? – дейді Айнұр Әбуқызы есімді тұрғын.
Астанадағы алып үйдің пәтер иелері өз шағымдарына әділетті шешім шығады деген үміт жетегінде отыр. Ал мәселе жағдай кері кеткен жағдайда, олар Жоғарғы Сотқа дейін шағымданатынын ашық білдірді
Ержан ҚОЖАС