Мәдениет

Алыстағы жылдар аңсары

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті тіл ғалымы, синолог, қытайтанушы, қытайша-қазақша сөздіктер кешенінің негізін қалаған ғалым Сапанұлы Найманның «Ауылдан алыс сол жылдар» атты ғұмырнамалық эссе кітабының тұсаукесері өтті.

 Іс-шараға ғылым докторлары, тіл мамандары, аудармашы, ақын-­жазушылар, сондай-ақ жастар қатыс­ты. ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ-ның өкілі қор атынан «Халықтар достығы мен ұлтаралық татулықты нығайтуға қосқан сүбелі үлесі және иісі қазаққа сіңірген ерен еңбегі үшін» арнайы төсбелгісімен марапаттады.

1941 жылдың тамыз айында ҚХР Шыңжаң өлкесіне қарасы Тарбағатай аймағында дүниеге келген С.Найман – Қытайдағы 2 миллионға жуық қандасымыздың руханиятына жарты ғасырға жуық құнды терін төгіп, еселі еңбек сіңірді.

1980 жылдан бастап Қытайдағы «Шыңжаң халық баспасы» қазақ редакциясының басшысы болған ол «Шалғын», «Көкжиек», «Оқырман өресі», «Тіл және аударма» сияқты 4 ірі қазақ тіліндегі журналдың бас редакторлық қызметін қоса атқарды. Қазақстанда жарық көрген 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің фразеология­лық сөздігі» сияқты ірі еңбектердің, Қазақстан ақын-жазушыларының көптеген шығармалары төте жазуға қотарылып, Қытайда жарық көруіне бастамашы болды. 2003 жылы зейнетке шыққан ол 2018 жылы атажұртқа оралды.

С.Найман – «Қытайша-қазақша идиомдар сөздігі», «Қытайша-қазақша қысқаша сөздік», «Қытайша-қазақша идиомдар үлкен сөздігі», «Қытай идиомдарының қазақша баламалары» атты 4 үлкен сөздіктің авторы. Сондай-ақ Қытайда «Көк сөздік», «Найман көк» атанып кеткен «Қытайша-қазақша сөздіктің» бас құрастырушысы. Бұл 6 сөздікке қытайдың 160 мыңнан астам сөзі, идиомы, мақал-мәтелі қамтылған.

С.Найманның әдеби аударма еңбектері де бір төбе. Оның Чарльз Диккенс, Ханс Андерсен, Эрнест Хемингуэй, Карл Маркс, Михаил Шолохов сынды әлемдік классиктердің және Қытай әдебиетінің көрнекті өкілдерінің  «Арайлы аспан», «Гитлердің зауалы», «Шал мен теңіз» сынды 10 томдық аудармасы жарық көрген.

«Ауылдан алыс сол жылдар» – С.Найманның атажұртта жазған алғашқы кітабы. Кітапта автордың өмір жолы, аудармашылық және сөздік жасаудағы ізденістері, баспагерлік жолындағы ершімді еңбектері баяндалған.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button