Басты ақпарат

ӘЛЖАН АНА ЖӘНЕ ЫҚПАЛДЫ ӘЙЕЛДЕР

Халық­а­ралық сарапшылар «ә­лем­­­­де­­гі­­ ең­­ ық­­пал­­ды­­ әйел­­дер­» ­деген­ ті­зім­ жа­сап­, қо­лын­да­ би­лі­гі­ бар­­ әйел­дер­дің­ атын атап көр­се­тіп­ жа­­­та­­ды.­ Бұл қатарға, әрине, азулы мем­ле­кет­ бас­шы­ла­ры­ мен­ атақ­ты­ мил­лио­нер­лер­дің­­ жұ­бай­ла­ры­ жат­қы­зы­ла­ды.­ Байқалатыны, әйел­дің ықпалы мұнда қолындағы билігі мен байлығына қарай екшеленетін тәрізді.

Ал, шын мәнінде қалай? Үні шық­­­пай­­тын­, биік мін­бер­лер­ден­ кө­­рі­не­ бер­мей­тін­, жар­қы­рап­, үл­де­ мен­ бүл­де­ге­­ ора­нып­, көп­тің­ кө­зі­не­ тү­се­ бер­мей­тін­ әй­ел­дер­ ық­пал­ды­ емес пе?..

Осы­лай ойлауым мұң екен, Елба­сы­мыз­ Нұр­сұл­тан­ На­зар­­баев­ты­ ту­ған­ Әл­жан­ ана ойыма оралады…

Қолдағы деректерге сүйене айт­­сақ, Әлжан Бұқарбайқызы Жат­қан­­бае­ва­ 1904 жылы Жамбыл облы­сы­ Қор­дай­ ау­да­нын­да­ғы­ Қа­сық­ ауы­лын­да­ дү­ние­ге­ кел­ген­ екен.­ Өз­ әу­ле­тін­де­гі­ «әруақты адам» ата­­нып­ты.­ 2007 жылы елі­­міз­­дің­ бас газеті «Егемен Қазақстанда» «Пре­зиденттің анасы» деген та­­қырыппен жарық көрген Гүл­зей­­неп Сәдірқызының жазбасына қа­ра­ған­да, Қасықта «бұл елдің атын шығарса, қыздар шығарады, өйт­кені, мұнда әруақ қыздарға кеткен» дейді екен. Нұрсұлтандай ұл туған Әлжан ана, міне, сол елдің әруақ қон­ған қызы саналған дейді.

Жасынан ол қолына домбыра алып, айтысқа шығып, сөз өнеріне әуес­­­тігімен танылады. Сөйтіп, ақыл­­ды­лы­ғы­мен, ше­шен­ді­гі­мен, қа­лып­та­ғы сөз­ді қа­ғып алып, әзіл­ге ай­налдыра білетін тапқырлығымен көзге түседі.

Айта кету керек, «үйдің жақсы бол­­ма­­ғы­ – аға­шы­нан­, жі­гіт­тің­ жақ­­сы­ бол­ма­ғы­­ – на­ға­шы­дан­­» де­­ме­к­­­ші­, ел­ бас­қа­ру­ға­, сө­зі­не­ көп­­ті­ ұйы­ту­ға­ де­ген­ қа­бі­лет­ті­лік­ Назар­бай­ би­ шық­қан­ Нұр­сұл­тан­ Әбіш­ұлы­ның­ аталар жағында ғана емес, нағашы жұртында да болған. Анасының жалғыз бауыры Бөлеген Жатқанбаев Жамбыл өңірінде ел басқарып жүрген кезінде солақай саясаттың шырмауына түсіп, «халық жауы» ретінде айдалып кеткен. Ал, қудаланған адамның отбасы Алматы облысының Қаскелең ауданына жер аударылған.

Міне, осылай Үшарал аймағына қоныс тепкен Әлжан ана жас күнінде Түрксіб темір жолын салып жүрген жұмысшыларға ас-су әзірлеп, күнін көреді. Сөйтіп жүріп, ауылдағы түрлі шаруашылықтарға араласып, бригадир болып жүрген Әбіш Назарбайұлымен танысады. Еңбекқор, қайратты, бойынан үлкен парасат есіп тұратын Әбіш сөз салған соң, арада бір жыл өткенде екеуі шаңырақ көтереді.

Бес-алты жыл бойы Әлжан ана бала сүймепті. Алладан тым болмағанда жүген ұстайтын бір ұл сұраумен болған Әбіш анасы Мырзабаланың ақылымен Әлжанды ертіп, Райымбек атаның басына барады. Жаратқан иеден перзент сұрап, сонда түнемек болады.

«Жарым түн ауғанда ақ киім киген ақсақал қария келеді де, Әлжанға қарайды. Ол кісі сөйлеуге ишара білдірейін десе, үндеме дегендей қолын тіктейді. Содан жата береді. Бір кезде көзін ашса, әлгі адам жоқ. Бұл бірінші түн болатын. Екінші түні әлгі кісі тағы да келіп, жанына отырады да: «Балам, ұлды боласың. Сол ұлдың артынан перзент жалғаса береді. Бірақ, балалардың атын ұйқастырып қойма» дейді де, ала­қанымен бетін сипап, тағы да жоқ болып кетеді. Таң атқан соң болған жайды шырақшы шалға жеткізеді. «Әп, балам, құдай берген екен. Енді ауылыңа қайт» дейді ол. Содан көп ұзамай-ақ, Нұрсұлтан ағаны көтереді» дейді мақаласында Гүлзейнеп Сәдірқызы.

Әлжан ана тұңғышына жүкті ке­зін­де түс көріпті. Түсінде теңізге шо­мы­лып жүр екен. Суы тұп-тұнық, терең теңіз… Түбінен аппақ мылтық көрінеді. Мылтықты барып алған ол бір­ қолымен қаруды ұстаған күйі мал­тып, жағаға шығады… Оянған соң, Әлжан ана бұл түстің тегін еме­­сін­ түсінеді. Расында, осылай ана құрсағындағы сәбидің ұл екені, оның өмірі теңіздей толқыған күреске толы болатыны аян етілген еді.
Кейінірек Әлжан ана маңайын­дағы­ларға «Сұлтаныма тура же­ті­ күн­ толғаттым» дейді екен. Ал,­ не­ жөндем жо­лы, не ауруханасы жоқ ауыл­­дан­ со­нау аудан орталығына сы­қыр­ла­ған­ ар­ба­мен­ қи­са­лаң­­дап әрең жетіп, аман-есен босанған соң баласын әлдекім ауыстырып алмақ болыпты.

«Екі-үш күнге дейін өзіме-өзім келе алмаған соң баланы да еміздірмеді. Бес-алты күн дегенде кіп-кішкентай сап-сары нәрестені әкеліп, ұстата салды. Әлгі балаға қа­рай­­мын, бірақ жүрегім тартпай­ды. Қа­сымда жатқан қазақ келіншектің нә­рестесі балпанақтай. Әлгіге қа­рай беремін. Мен қараған сайын­ жаңағы келіншек жылайды. Ана жү­регінен сезімтал нәрсе жоқ. Ертесіне шыдамай кетіп, оралған баланы ашып кеп жіберсем – қыз. Жүрегім су ете түсті. Баланы орай­-мо­рай­ қа­лай­ дә­рі­гер­ге­ алып жү­гір­ге­нім­ді білмеймін. Дәрігерге барған бой­да «Айтыңызшы, мен кімді ту­­дым»­ де­дім­. «Қа­лай­ кім­ді­, сіз ұл ту­­ды­ңыз­» деп саңқ ете қалды. Сосын­ дереу баланы алды да, жөргекті ашып кеп жіберді. Шы­ны­мен, қыз!.. Дереу медбикелерді шақырып, «баланы табыңдар!» деп, айғай салды. Сөйтсек, қасымда жатқан әйел бұған дейін жеті иә сегіз қыз туған екен.

«Осыдан тағы қыз тусаң, үйге келме» деп, күйеуі тепсінген көрінеді. Амалы құрыған әйел бір медбикемен астыртын келісім жасайды. Сөйтіп, өз баламды өзім алып, ананың қызын өзіне бердік. Нұрсұлтанымнан осылайша айырылып қала жаздаған жа-йым бар» деп әңгімелеп беріпті…

Айта кететін нәрсе, Әлжан ана На­зар­бай бидің шаңырағына ке­лін болып түскеннен кейін де өне­рін тастамай, біраз жылдарға дейін ауыл арасындағы айтыстарға шы­ғып жүрген. Сонда өзін:
Шатқалы Үшқоңырдың ұяға жан,
Біреуге қымбат дүние біреуге арзан.
Сұрасаң аты-жөнім, мен айтайын:
Келіні Назарбайдың, атым – Әлжан, – деп таныстырады екен. Ауыл­да қыз­ ұза­ту болса, жасауын дайын­дауға көршілерді жұ­мыл­ды­рып жіберіп, бәріне бас-көз болады. Кісі қайтып, ас беріліп жатса да, істің басы-қасында жүріп, талай шаруаның басын қайырады. «Дауысы жұмсақ, қатты сөйлемейтін кісі болғанымен де, сөзі өтімді еді, бір айтқанын орындатпай қой­май­тын» деп еске алады оны көзі көргендер…

Сөз өнеріне ғана емес, қолөнерге де­ бейім болған Әлжан ананың ұр­­шы­ғы­, ті­гін­ ма­ши­на­­сы­, та­ғы­ бас­қа­ зат­­та­ры­ бү­гін­де­ ел­ор­да­да­ғы­ ҚР­­ Тұң­ғыш­ Пре­зи­ден­ті­нің­ мұ­ра­жа­йын­да тұр…

Міне, Әлжан ана туралы қазірге дейін білетініміз осындай ғана.

Десек те, жапон ғалымдары дә­лел­­де­­ген­дей­, ба­­ла­ның­ бес­ жас­­қа­ де­йін­ ал­ған­ тәр­бие­сі оның бүкіл адам­дық­­ бол­мы­сы­ның­ не­гі­зін­ құ­рай­ты­ны­ рас­ бол­са­, біз­ Нұр­сұл­тан­ На­зар­баев­тың тұлғасы үшін оны бес жасына дейін көз тимесін деп, жұрт көзінен тасалап өсірген әжесі Мырзабала мен анасы Әлжанға бас июге тиіспіз. Өйткені, адам, тіпті, өмірінде қателік жасаса да, айналып келіп, өз қазығын табады. Бала күнінде алған тәрбиесі, анасының ақ сүтімен дарыған қасиет, таным-түсінік оның өмірлік ұстанымының діңгегіне айналады.

Бұл орайда өзінің ана тәрбие­сін көр­гендігін Нұрсұлтан Назар­баев­тың өзі бір естелігінде былай баяндайды: «Кез келген адам анасына деген құрметін тілмен айтып, жеткізе алмайды. «Меккеге үш рет арқалап апарып келгенде де, ананың парызын өтеу мүмкін емес» дейді ғой. Мен де сол барлық қазақтың балалары секілді әкенің қаталдығынан қаймығып, анасының тәрбиесімен өскен баламын. Әкем кешке дейін жұмыста, мен тек анамның жанында болдым. Анамның мені жанындай жақсы көретінін білетінмін. Егер анасы баласын шын сүйіп, шын жақсы көріп өсірсе, ол баланың бақытты болатынына сенемін….»

…Кез келген әйел затын ықпалы жоқ деп айта алмайсың. Жар ретінде әйел – ерінің болмысына, ана ретінде – перзентіне қашан да ықпал етіп отырады. Ұлы жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Саясат пердесін жамылғанымен, саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зерек келеді» дегеніндей, әйел тіпті дауыс көтермей, айғайлап көшеге шықпай, от басы, ошақ қасында отырып-ақ, бүкіл ұлт тағдырына ықпал ете алады. Ал, ұрпағына елдік мұратты ту етер мақсаткерлік, қиыншылық пен ауыртпалықтарда адал жолдан тайдырмайтын иман мен адамгершілік, өмірдің сан түрлі майданында елдің туын жықтырмас қайрат пен жігер дарыта білген ананы ықпалды әйелдердің ішіндегі ең ықпалдысы деуге болады. Бұл орайда, Ер Ағыбайдың анасы – Қойсана, Шыңғысхандай әйгілі қолбасшыны туған қоңыраттың қызы – Әз Құрныз Ойхо, Мұстафа Шоқайдың әжесі – Бақтықыз, Жәлменбет батырды туған Зеріп ана, Шоқан Уәлихановтың әжесі, оның Омбыда оқып, жетілуіне тікелей ықпал еткен – Айғаным Сарғалдаққызы, алты баласын жа­уын­­герлік рухта тәрбиелеп, өзімен бір­ге отаршылдыққа қарсы қырған шайқастарға алып шыққан Кенесары ханның қарындасы – Бопай ханшайым, тағы да басқа қазақ тарихында аты қалған аналардың есімін мақтанышпен атауға болады.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев-ты туған Әлжан ана да, әлбетте, сол ұлы, ықпалы шексіз әйелдердің бірі. Бүгін перзенті қазақ үшін жанын аямай, тер төгіп, еңбек етіп жатса, қазағы үшін кемел саясат ұстанса, соның бәрі – Әлжан ананың жеңісі. Ықпалды әйел деп, біздің пікірімізде, осындай арлы, абыройлы азамат тәрбиелеген аналарды ғана атауға болады.

P.S. Ағымдағы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елі­міз­де аналар­дың алдында бас идіретін ұлы мереке болуы керектігін тілге тиек еткені есімізде. Мұндай аналар күні мейрамы жеміс-жидек пісіп, елде ас та төк береке орнайтын күз мезгілінде, яғни, қыркүйектің 15 жұлдызында болса жарасады деген ойын білдірген еді. «Хан болсаң да, қара болсаң да, сен анадан туғансың» дегенді меңзеген Елбасының бұл әрекеті, әрине, ананы ардақтау мақсатынан туғаны анық. Ендеше, бұл да ұлына ана сыйлауды үйретіп, адамгершілік дарытқан марқұм Әлжан ананың ықпалы екені анық даусыз.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button