ЖаңалықтарТағзым

«АЛЖИР» ТҰТҚЫНДАРЫНА ТАҒЗЫМ

ERA_7449

Жақында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінде латвиялық әйелдерге арналған ескерткіш белгі ашылды.

Салтанатты рәсімге Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, Латвия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Юрис Маклаковс, Рига қаласының мэрі Нил Ушаков және Латвиядан келген делегацияның өкілдері – саяси
қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының ұрпақтары қатысты.

– Қазақстан мен Латвия – ежелден тату мемлекеттер. Оның тарихы тереңде. Соның ішінде аналарымыз бен әпкелеріміздің басынан өткен қиын-қыстау ке­зеңді тебіренбей еске алу мүмкін емес. Сол қасіретті жылдардың ызғары әлі күнге есіп тұрғандай көрінеді. Ал, бүгінгі белгі сол кі­сілердің рухына тағзым, екі елдің дінаралық, ұлтаралық келісімінің белгісі іспетті, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары А.Балаева іс-шараны ашарда сөйлеген сөзінде.

Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

1938-53 жылдары «АЛЖИР» лагерінде жиырма мыңнан астам халық жауының әйелі жазаларын өтесе, олардың арасында жүз екі латвиялық нәзік жанды болған деген дерек бар. Алайда, олардың көбі лагерьдегі азапқа шыдай алмай қаза тапқан.

 Мемориалды мұражай кешенін аралап көрген Рига қаласының мэрі Нил Ушаков: «Латвияда саяси қуғын-сүргін жылдары он мыңдаған адам жапа шекті. Оның ішінде ана да, бала да, қарт та бар. Екі миллион халқы бар мемлекет үшін бұл – орасан зор қасірет. Сондықтан, лат­вия­лықтар басқа елде мұндай ес­керткіштердің ашылуына аса маңыз береді. Біз қазақ халқына, жалпы қазақстандықтарға өте ризамыз» деп, қонақтар кітабына өз лебізін жазып қалдырды.

 Сағи ОРАЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button