Басты ақпарат

«Алжир» жаңғырығы – жыр арқауы

Қазақстан және КСРО Жазушылар одағының мүшесі, ақын, публицист, аудармашы Жарасбай Әнәсұлы Нұрқан 1937 жылы 22 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының Көктерек ауылында дүниеге келген. Ақын қаламынан туындаған бірнеше өлеңдер жинағы, қайтыс болғаннан кейін де «Қызылжар» және «Көкжиек» атты кітаптары жарық көрді. Өлеңдерінің ішінде 1937 жылдың қасіретіне арналған «Ерте солған гүлдер» атты туындысының орны бөлек. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ақынның жары Қазына Сәдуақасқызы Нұрқанова шығарманың жазылу тарихы туралы әңгімелеп берген болатын.

[smartslider3 slider=3078]

– Қазына апай, Жарасбай ағаның дәл осы Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында өмірден озғаны да тегіннен-тегін емес секілді, қалай ойлайсыз?

– 2011 жылдың 26 мамырында Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қазақ радиосының журналисі ­Жарасбай Нұрқановтан ­интервью алған еді. Әңгіме өрісі «Ерте солған гүлдер» – 1937 жыл» өлеңіне байланысты өтті. Бұл шығармаға композитор Ерсайын Нарымбаев музыка жазған, ал орындаған «Астана Опера» театрының әншісі Азамат Жылтыркөзов болатын. Тарихи киноленталар фонында түсірілген шығарманың тұсаукесері Алжир музейінде өткізіледі деп жоспарланған. Осы шараға шақыру қағазын Алжир музейінің аға ғылыми қызметкері Жанбота Тасболат­ұлы үйге әкеліп, Жәкеңнің өз қолына табыстаған-ды. Бірақ… Сол күні таңғы сағат жетіге бес минут қалғанда ақын жүрегі мәңгілікке соғуын тоқтатты.

1937 жылғы оқиға Жәкеңді үнемі мазалайтын. Целиноградта 1979 жылы неміс автономиясын құрмақ болған тұстағы оқиғалар, одан кейін 1986 жылғы көтеріліс – осының бәрі оның жүрегінде жүрді. Ата-анасынан, үлкендерден 37-жыл жайында, ауылда бір күнде 7-8 адамды «черный ворон» аталып кеткен қара машинаға мінгізіп әкеткенін талай естігенін айтып отыратын. «Черный ворон» деген сөз үлкенге де, кішіге де үрей тудыратын тажал іспетті әсер ететін болу керек, кәдімгі қара қарғаның өзін шошытып, қуалап, үй маңына жолатпайды екен. Соның бәрін жастайынан естіп, көріп өскен адам қалай тебіренбесін, жүрегі қалай қан жыламасын?! Ақын жүрегі сезімтал да нәзік келеді емес пе?! Ол күндердің күнінде қаламынан жыр боп төгілді.

– «Аза күнгі зарым, азалы жыр, әнім» деп аяқталатын осы өлеңді естіген сайын арыстар шеккен қасірет көз алдымызға келіп, қабырғамыз сөгілгендей ауыр сезімге бөленетініміз белгілі. Азалы жолдардың авторы – Жарасбай аға қандай азамат еді?

– Жарасбай Әнәсұлы өте білімді болатын. Ол орта мектепті 1955 жылы алтын медальға бітірген. 1960 жылы ҚазМУ-ді үздік тәмамдап, өзі оқыған мектебіне оралып, қазақ және орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген кезі болатын. Келе сала жас маман жергілікті жастармен бірігіп, ауыл мәдениетін көтеруге атсалысады. Сондай-ақ жергілікті тілші ретінде ауыл адамдарының ерен еңбегі мен тыныс-тіршілігі туралы мақалалары, очерктері арқылы республикалық және облыстық деңгейде таныла бастайды.

1965 жылы Тың өлкесі құрылғаннан кейін ол Сапар Байжановтың шақыруымен «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналасып, журналистер қатарына қосылды. Оның әр алуан тақырыпта жазған мақалалары жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның аражігін ажыратып, салмақты сөздің саралануына, әділдіктің үстем құруына салған даңғыл жолдай еді. Көп жылдар облыстық басылымда, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде журналистік қызмет атқара жүріп, қаламынан оқыған адам таңдай қағатын тың дүние, мәйекті мақала тудыра білді. 1981 жылдан бастап баспагерлікке ауысып, «Өнер» және «Жазушы» баспаларында аға редактор болды.

Жәкең ұстамды, сабырлы жан болатын. Жиі жаза бермейтін, аз жазса да саз жазатын, сөзден сурет салған шебер ақын еді. Шығармаларының дені туған жер, табиғаттың сұлулығы, адамдар арасындағы сыйластық пен түсіністік хақында болды. Әдемілік пен әсемдікті жақсы көрді, сұлулыққа сүйсінді. Нағыз тіл жанашырының бірі-тін.

1975 жылы Целиноградта тұрған кезімізде республикалық семинар өтетін болып, Алматыдан Қасым Қайсенов бастаған бір топ ақын-жазушы келді. Сол тұста «Қазақ әдебиеті» мен «Коммунизм нұры» газеттерінде Жарасбайдың «Тіл ұстарту» деген өлеңі шығып, ақын да, газет басшылары да жоғарғы жақтан сөз естіп, у-шу болғаны бар. Сонда билікке ұнамағаны өлеңнің мына бір тұстары:

Балам еркін білмейді

бабам тілін,

Нансаң, соған

жүрегім тілім-тілім.

«Әке» деуге ауызы қиналғанда,

Ұнатпай да қаламын

ұлым түрін.

Содан Жарасбайға «ұлтшыл» деген айдар тағылып, қудалаудың астына түсті. Орталық Комитетке түсініктеме беруге тура келді. Көптеген жылдар бойы жазғандары республикалық басылымдарда жарияланбады. ҰҚК-ның бақылауында болып, сол кездегі өзіне төнген қауіп-қатер арқылы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің басына төнген зұлматты жан-тәнімен сезінгені анық. «Халық жауы» атанған тұлғалардың шығармаларын іздеп тауып, Мағжанның өлеңдерін жасырып оқып жүрді.

– Жәкеңмен бірге жарты ғасырға жуық ғұмыр кеше жүріп, талай қазақтың майталмандарымен бетпе-бет кездесіп, дәмдес болу бақытына бөленгеніңізді білеміз. Сондай ұмытылмас сәттердің қайсысы есіңізде қалды?

– Естен кетпейтін кездесулер көп болды. 1967 жылы академик-жазушы Сәбит Мұқанов бастаған бір топ алматылық Целиноградқа келген болатын. Олардың қатарында Мәриям апай, Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам Батырбекқызы да бар. Олар М.Горький атындағы орыс драма театрында С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» атты пьесасының тұсаукесеріне арнайы шақырылыпты. Кейін белгілі қаламгерлер Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев секілді алыптармен дәмдес болғанымды, ол кісілердің әңгімесінен үлкен ғибрат алғанымды мақтан тұтамын. Ақмола жеріне ат басын бұрған әдебиет және өнер өкілдеріне Жарасбай жол көрсетіп жүретін де, міндетті түрде үйге дәмге шақыратын. Шаңырағымыздың алғашқы қадірлі қонағы болған: Қасым Қайсенов, Жұбан Молдаға­лиев, Рақымжан Қошқарбаев, Еркеш Ибраһим, Тұманбай Молдағалиев, Шона Смаханұлы, Сағынғали Сейітов сияқты қазақтың ірі тұлғалары еді. Ал композитор Ғазиза Жұбановамен кездесуіміз Көкшетау жерінде өтті. Бурабайдағы «Автомобилист» санаторийін­де жиырма шақты күн бірге демалдық.

– Өзіңіз де қызмет бабымен, талай жақсы-жайсаңмен қатар жүріп, қазақтың маңдайына біткен небір саңлақтарымен сұхбаттасқан екенсіз. Бұл да Жәкеңнің арқасы ма?

– Әлбетте. Алматыға қоныс­танғаннан кейін «Қазақстан» телерадиокомитетінде қызмет атқарып жүрген кезімде Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова­ның үйінде болып, сұхбат алғаным бар. Ал Ғафиз Есімов, Алма Оспанова, Кенжеғали Мыржықбаев, ағайынды Рашид, Мұрат, Марат Мұсабаев­тар, Люция Төлешова, Зейнеп Қойшыбаева сынды қазақтың біртуар азаматтарымен қызмет бабында араластым.

Жәкеңнің арқасында тек жа­зушы мен өнер адамдарымен ғана емес, Целиноградта тұрған кезімізде Социалистік Еңбек Ерлері Айтпай Құсайынов, Нұрғабыл Мәлғаждаров, Сағила Есенжолова, Сейіт Қырықбаев, Кәмшат Дөненбаева, Сергей Балян сынды еңбек адамдары­мен де жақын араластық. Есімі аталған ерлер – Жарасбайдың очерктерінің кейіпкерлері.

Өмірде қол жеткен жетістіктерім, әрине, Жәкеңнің қол­дауымен, бағыт-бағдар беруімен жүзеге асты. Оған деген алғысым шексіз. Бір-бірімізді бағалай білдік.

– «Бізді таныстырған – өнер, табыстырған – поэзия» деп жүресіз үнемі кездесулерде. Мұның сыры неде, жалпы Жәкеңмен қалай таныстыңыз?

– Иә, жүрегімнің қалауы Жәкең болды. Сонау 1963 жыл. Ауыл сахнасы. Мерекелік кеш. Сахнада Абай мен Пушкин өлеңдерімен қоса өз туындыларын да тебірене оқып тұрған Жарасбай. Тірі ақынды тұңғыш көруім, жігіттің сұлтаны дерсің, тұла бойында бір мін жоқ. Өлең оқығандағы әуезді мақпал үні құлағымда, әр сөзі күні кешегідей жүрегімде сайрап тұр. Менің алғашқы мөлдір сезімім сол сәттен оянып, ғашықтыққа ұласқан шығар.

Бір күні Күлбара құрбым мені үйіне шақырды. Бірден назарым кітап сөресіне ауды. Мұнда шетел, орыс және қазақ классиктерінің туындылары бар екен. Таңырқап қарап тұрғанымда, Жәкеңнің келіп қалғанын байқамай да қалыппын. «Что вам дать почитать?» деп сұрағанда, нұсқаған кітабым Абай болып шықты. Келесі күні қайтардым. Ол: «За ночь прочитали?» деп маған сұрай қарады. Мен үн қатпадым, тек басымды шайқадым. Жәкең түсінген болуы керек, әрі қарай әңгімені өрбітпеді. Шындығын айтқанда, тіл білмегендіктен, ол кезде қазақ тілінде жазылған кітаптарды оқи да алмайтынмын, ақтарып қарамайтынмын да. Кітапты сылтауратып, Жәкеңді көру үшін жасап жүрген амалым ғой. Мерекелік концерттерде мен орыс ақындарының шығармаларын оқитынмын. Жәкең мені поэзияға құмар екенімді содан сезген болуы керек, ке­йінгі кезде орыс ақындарының кітаптарын ұсынып жүрді. Сонымен екі жүректің табысуына дәнекер поэзия болды.

Жарты ғасырға жуық уақыт жұбымыз жазылмай, үйде де, түзде де қол ұстасып, өмірдің қызығы мен қуанышы мол сәттерін бірге кешкен едік. Махаббат айдыныда жұптасып қалқыдық та, бақыт құсындай бірге самғадық та. Жарасбайды сағынған сәттерімде оның сырлы сезімге толы өлеңдері жүрегіме жұбаныш, көңіліме демеу болуда. Оған да тәубе деймін.

– Ақын мұраларын қалың оқырманға жеткізуде атқарып жүрген еңбегіңіз өлшеусіз. Тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Бұл күндері мен Жарасбайдың артында қалған мұрасына ие болып, жеке мұрағатындағы дүниелерді жарыққа шығарумен айналысудамын. Сондай-ақ «Ерте солған гүлдер» – 1937 жыл» бейнебаяны Ақмолдағы Алжир, Қарағандыдағы «Карлаг» музейлеріне және бірқатар облыстық музейлер мен кітапханалар қорына жіберілді. Ал «Замана үні» атты жинағын ақынның 80 жылдығына орай оқырмандарына тарту еттік. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Қызылжар, Алматы қалаларында бірнеше мектептерде, облыстық кітапханаларда, Манаш Қозыбаев атындағы университетте және ҚазМУ-дің журналистика факультетінде, С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетінде ақынды еске алу кеші өтті. Мұндай іс-шаралар әлі де жалғасады.

«Өлі разы болмай, тірі ба­йымайды» демекші, алдағы уақытта ұзақ жылдар өзі қыз­мет атқарған Нұр-Сұлтан қаласындағы көшелердің біріне осы елге, жерге еңбегі сіңген азаматтың есімі берілсе, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болар едік.

Ақын есімін мәңгілік ететін – оның поэзиясы. Сондықтан қалың оқырманы барда ақын өлмек емес.

«Ерте солған гүлдер» – 1937 жыл»

Сөзі: Жарасбай Нұрқан

Әні: Ерсайын Нарымбаев

Неткен заман еді,

мұздай суық лебі,

Сол бір сұмдық әлі

мазалайды мені.

Қос үрейлі күндер,

қорқынышты түндер,

Жазығы жоқ жандар,

алып кеткен кімдер?

Кінәсі жоқ жандар,

кімдер кінә таққан,

Күнәсі жоқ жандар,

кімдер жала жапқан?

Аққа күйе жаққан,

айтыңдаршы, кімдер,

Күрсінеді таулар,

тұнжырайды көлдер.

 

Қайырмасы:

Отыз жетінші жыл,

Қасіретім бұл!

Тарқамайды шер,

Айықпайтын мұң –

Гуілдейді жел,

Мүжілгендей тас.

Көңілімізде – шер.

Көзімізде – жас.

 

Өңкей асыл боздақ,

болды-ау күні қараң,

Олар көрген азап –

өлімнен де жаман.

Елін сүйген ердің жау атанған кезін,

Ей, қазағым менің,

жан-тәніңмен сезін.

Қарауытып орман,

қалың тоғай түнер,

Орнымыздан біздер

тұрайықшы түгел.

Тағзым етіп тұрмын,

қыбыр етпей, үнсіз,

Егілмейтін іштей, кім

бар екен мұңсыз?

Қайырмасы:

Неткен заман еді,

мұздай суық лебі,

Сол бір сұмдық әлі

мазалайды мені.

Қос үрейлі күндер,

қорқынышты түндер,

Жазығы жоқ жандар,

алып кеткен кімдер?

Ерте солған гүлдер,

аянышты бәрі,

Ең аяулы жандар,

есте болсын мәңгі.

Аза күнгі зарым,

азалы жыр, әнім –

Аруақтарға дұға,

қабыл етсін Тәңірім!

Мамыр, 2000-2003 жж

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button